Аймақтар аухалы

Қайта құрылған ауданның қадамы қарымды

Ерлан БАПАНОВ,

ТАРБАҒАТАЙ.

Небір айшықты оқиғаларға толы болған 2022 жыл да тарихтың қойнауына кетіп барады. Жалпы, мұндай сәтте жекелеген адамдар болсын, ұйымдар болсын, тіпті мемлекет болсын өз-өзінен есеп алып, жыл көлеміндегі шаруаларға шолу жасап, қорытындылап жатады ғой. Сол секілді тұғырлы Тарбағатай ауданын да әр сала төңірегінен өзімізше бір қарап шыққанды жөн көрдік. Бұл өңір үшін осы жылдың ең бірінші сүйінішті жаңалығы – Ақжар ауылының дербес аудан орталығы мәртебесін қайта алуы дер едік.  

Ауылдар  абаттандырылып келеді

Өңірдің өңін ашып тұрған таулы аймақ та, далалы өлке де Тарбағатай төңірегінде жетерлік. Сондықтан ағаш көшеттерін отырғызып, көше-көшені жасыл желекке айналдыру басым бағыттардың қатарына жатқызылған. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық жұмыстар бар. Мысалы, күз кезінде ағаш отырғызу қарқынды жүргізілді. 6 мың 811 түп әртүрлі ағаштар көшеті отырғызылған. Облыс көлеміндегі орман шаруашылықтарынан 300 түп шырша, 50 түп қарағай, 3500 түп қарағаш, 300 түп қайың, 300 түп терек, 300 түп самырсын, 70 түп шынар көшеттері әкелініп, ауылдарға таратылып берілген, тиісті жерлерге отырғызылған.

Ақжар ауылындағы көпқабатты үйлердің сыртқы беттері мен іргетасы боялған. «Қабанбай батыр» саябағындағы стадионның жүгіру жолағына асфальт жамылғысы төселген. Ойын алаңының айналасындағы жарық шамдар ауыстырылған. Ауылдың солтүстік-шығыс бағыттан кіреберістегі «Ақжар ауылы» нышандық белгісі «Тарбағатай ВЕТ» мекемесінің көмегімен қайта сырланыпты.  Мұнымен қоса Тарбағатай ауданы әкімдігі мен Ақжар ауылдық округінің әкімдігі ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан орталығының басты әкімшілік ғимараттары түнде жарқырап, күндіз алыстан менмұндалап тұр.

Ақжар ауылының ішіндегі «Құлжабай» тоғамының арнасы қоқыстан аршылып, тазартылған. Аудан әкімдігі алдындағы шыршалар мен мүсіндер басқа жерге көшіріліп, орталық алаңды кеңейту жұмыстары жүргізілгендігі де айтарлықтай өзгеріс әкелді.

Негізі, қалалы жер болсын, ауыл болсын күл-қоқыс төгетін орындардың мәселеге айналып жататыны шындық, ол – барлық жерде бар проблема. Бұл бағытта да аудан әкімдігі шешімін табуға тырысып, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырған. «Тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды ауыл маңайына ретсіз төккендігі себепті, Ақжар ауылының айналасы белгіленбеген қоқыс полигондарына айналғаны рас. Атшабар жақтағы жолдың, әуежай жақтағы қырдың маңайлары, Тұғыл жаққа шығаберістегі жолдың төңірегіне төгілген қоқыс күреліп-көміліп тазартылды. Ақжар ауылынан  Жаңалық ауылына шығаберіс 4 шақырымдағы қатты қалдық төгілетін орын толығымен тегістелді. Ауыл тұрғындарынан табиғатқа зиян келтірмеуді, туған жеріміздің табиғатын аялауды, экологиялық мәдениет қалыптастыруды, қоқысты арнайы белгіленген жерге ғана төгіп, өзен-тоғамдардың арналарын, көшелерді, өз ауласын таза ұстауды, жас ұрпаққа дұрыс үлгі-өнеге көрсетуді сұраймыз!», – деп жазылды аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Еңбекпен қамтудың екпінді шаралары

«Балық берме, қармақ бер» дегендей, аудан көлемінде жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешіп тастамаса да, біршама азайтуға, азаматтардың өздерінің қабілет-қарымына қарай іс бастауына мүмкіншіліктер жасалуда. Ресми деректерге сүйенсек, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бойынша Тарбағатай ауданында 88 адам қоғамдық жұмыстарға жолданып, 37 адам 7 түрлі мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, мамандық алған. Оның 20-сы тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылыпты. 28 үміткер «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқып, жаңа бизнес идеяларға арналған 1 225 000 теңгеден грант қаражатын алған.

Жоғары оқу орнын аяқтап келген үш жас маман жастар іс-тәжірибесіне, бір жас маман алғашқы жұмыс орындары жобасына жолданды. Жұмыс берушінің жұмыс орнында кәсіптік оқытуға үш түрлі мамандық бойынша 19 адам оқуға жолданды. Бұл азаматтар оқу мерзімі аяқталған соң оқытуға сұраныс берген шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасатын болады. 33 жұмыссыз азамат SKILLS порталы арқылы кәсіпкерлік бастамаларға онлайн оқып, сертификаттарын алған.

Ауылға жастарды тұрақтандырудің бір тетігі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Бұл бойынша тамыз айынан бері 55 млн 134 мың теңге қаржы бөлініп, 12 жас маман баспаналы болған. Жылдың аяғына дейін тағы да 14 жас маманды баспанамен қамту көзделген. Осы орайда, Ақжар ауылында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен 14 баспана салынып, пайдалануға берілген. Сегіз баспанаға ауданға келіп жатқан мемлекеттік қызметшілер, ал алты баспанаға көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұялар ие болған. Келер жылы да құрылыс қарқыны арта түспек. Аудан көлемінде 164 млн теңгеге 91 шаршы метр тоғыз жаңа баспана салу жоспарда тұр дейді жергілікті құрылыс саласының мамандары.

Бұқаралық спорт – басты назарда

Спортты серік ету – тек кәсіби спортшыларға ғана емес, қарапайым тұрғындарға да қажетті дүние. Ол үшін тиісті деңгейдегі спорттық инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Бұқаралық спортты дамытуға аудан көлемінде салынған футбол алаңдары, балалар ойын алаңдары айтарлықтай септігін тигізуде.

Мәселен, Ақжар ауылында облыстық бюджеттен бөлінген 15 млн. теңгеге балалар ойын алаңы салынды. Жеке кәсіпкерлер Бақытжан Құнафияновтың және Болат Нұрпеисовтің демеушілігімен Ақжар ауылында екі балалар ойын алаңдары іске қосылды. Құйған ауылына қарасты Жамбыл елді мекеніне футбол алаңын қоршауға жергілікті бюджеттен 12 млн теңге бөлініп игерілген. Ал Жетіарал ауылында меценат азаматтардың демеушілігімен футбол алаңы салынып, халық игілігіне берілді. Оған жазда куә болып, газетке сүйіншілей жазған да болатынбыз.

Төрт мыңнан астам тұрғыны бар Тұғыл ауылында да ілкімді істер аз емес. Жергілікті бюджеттен бөлінген 13 млн теңгеге шағын футбол алаңы, стрит воркаут алаңы салынған. Тұғыл ауылынан салынатын денешынықтыру және спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған.  «Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім өткізіліп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының тізіміне енгізілді» дейді сала мамандары. Аталмыш жоба іске асырылған жағдайда Тұғыл ауылында әлемдік дәрежедегі турнирлер мен халықаралық жарыстардың өткізілуіне мүмкіншілік туады.

«Алдағы жылы Қабанбай, Жаңатілеу, Шолақорда, Жаңалық ауылдарына да футбол алаңдарын салу жоспарлануда.  Қазіргі уақытта Асусай ауылының елжанды азаматтары да шағын футбол алаңын салуға бастама көтеріп отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыруды Мәдениет және спорт министрлігі арқылы қарастыратын боламыз. 2023 жылы 100 млн теңгеге Ақжар ауылына абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады», – дейді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев.

Ауданда жалпы саны 223 спорт алаңдары мен ғимараттар қызмет көрсетуде (оның ішінде бір спорт кешені, жеті мылтық ату тирі, 10 хоккей қорабы, бір спорттық ядро, бір ипподром, 20 спорт залы, 13 жабдықталған ғимарат және 100-ге жуық спорт алаңы бар).

Спорттық резервтерді әзірлеу мақсатында жұмыс істеп тұрған балалар мен жасөспірімдерге арналған екі спорт мектебінде 683 оқушы 21 мұғалім-жаттықтырушылардың жетекшілігімен бокс, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, үстел теннисі, волейбол, гір спорты, армрестлинг және ұлттық ат спорты түрлерінен өз шеберліктерін шыңдауда.

Аудан спортшылары жыл басынан бері 70-тен астам облыстық турнирлер мен біріншіліктерге қатысып, 91 спортшы жүлделі орындарға ие болған.

Медициналық қызмет сапалы болуы тиіс

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан кемде-кем. Ондай жағдайда дәрігерлердің көмегіне жүгінеміз. Әсіресе ауылды жерде медициналық қызметтің сапасы өте маңызды. Себебі қалаға ат арылтып барып-қайту оңай шаруа емес. Сырқатын ауылда жүріп-ақ емдеп алу кімге де болсын тиімді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында медицина саласына дұрыс жағдай жасалу қажеттігін айтқан болатын. Сондай-ақ Президентіміз өз Жолдауында еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесінің жоқ екендігін, алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілетіндігін де атап өткен еді. Қала мен ауылдағы медициналық қызмет көрсетудегі алшақтықты жою үдерістері Тарбағатай ауданында белсенді қолға алынуда. Мәселен, Тарбағатай аудандық ауруханасына облыс әкімі Д.Ахметовтің тікелей тапсырмасымен «Парыз» қорынан 37 млн теңге қаражат бөлініп, 50 нүктеге оттегі желісі орнатылып, іске қосылды. Аурухананың барлық стационарлық бөліміне оттегі түтігі желісі тартылды. Сондай-ақ жаңадан флюорографиялық, рентгенологиялық, аудиологиялық скрининг аппараттары орнатылды. Рентген және флюорография кабинеттеріне жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сарыөлең ауылында амбулаториялық пункт ашылып, пайдалануға берілді. Асусай, Ақмектеп, Шорға, Ахметбұлақ, Жаңаталап, Қазақстан ауылдарына медициналық пунктті жаңадан салу үшін жер учаскесі белгіленіп, 2023 жылы құрылысын бастауға ұлттық жобаға енгізіліп бекітілген. Ақжолтай жаңалық аталған елді мекен тұрғындарын айрықша қуантып отыр.

Ковид індеті жайлаған тұста медицина саласына жауапкершілік пен сын сағаты туғаны рас. Сол кезеңде ауданда өкпедегі ауру белгілерінің алдын алып анықтауға қажетті құрылғының да жоқтығы мәселеге айналғаны шындық. Себебі компьютерлік томография аппараты болмады. Оттегі баллондарын қаншама шақырым жерден жүк көлігімен тасымалдауға мәжбүрлік туды. Енді ондай келеңсіз сәттер артта қалды. 2023 жылы компьютерлік томография аппаратын алу ұлттық жоба негізінде жоспарға енгізіліпті. Сонымен қатар аурухананың перзентхана бөліміне күрделі жөндеу жүргізу үшін денсаулық сақтау басқармасына сметалық есеп құжаты ұсынылып, бекітілген.

Жаңалық ауылындағы медициналық пунктке күрделі жөндеу жасау үшін,  Тәуке ауылындағы медициналық пунктке 48 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін сметалық құжат жасалып, облыстық денсаулық сақтау басқармасында бекітілген. Ал 2023 жылы Құйған ауылының дәрігерлік амбулаториясына 121,6 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілмекші.

Шеңгелдіде мектеп салынып жатыр

Білімге салынған қаржы келешекке қосылған қомақты үлес деп білеміз. Өйткені ел ертеңі – жастар. Тарбағатай ауданында 29 мектеп, екі қосымша білім беру мекемесі, үш мемлекеттік балабақша, сегіз жекеменшік балабақша, жиыны 42 мекеме қызмет көрсетіп тұр. 2022-2023 оқу жылында Тарбағатай ауданы бойынша 0-11 сынып аралығында 4006 білім алушы оқумен қамтылды. Биылғы оқу жылының басында 2172 оқушы, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары, қамқорлықтағы оқушылар тегін мектеп формасымен және аяқ киіммен қамтамасыз етілген.

Аудандық білім бөлімінің дерегінше, биыл Т.Рысқұлов атындағы орта мектебіне 38 млн теңге, Ақжар өнер мектебіне 40 млн теңге, С.Сейфуллин атындағы орта мектебіне 50 млн теңге қаражат бөлініп, ағымдағы жөндеу  жүргізілген. Тарбағатай ауданы бойынша бірнеше мектептерге керекті жиһаз, соның ішінде К.Төгісов атындағы орта мектебіне 10 млн теңге, Абай атындағы орта мектебіне 10 млн теңге, Қ.Билялов атындағы орта мектебіне 10 млн теңге, С.Торайғыров атындағы орта мектебіне 2 млн теңге қаражат бөлініп, жабдықтар сатып алынған. Аудандық білім бөлімі желтоқсан айында Асусай орта мектебіне 3 миллион теңгеге жиһаздар сатып әперу жоспарланғанын да хабарлап өтті.

Атап өтерлігі, қазіргі уақытта Тарбағатай ауданы Шеңгелді ауылынан 100 орындық мектеп құрылысы басталып кеткен. Тарбағатай ауданы әкімі аппараты ШҚО білім басқармасы және «Plaza Construction» ЖШС арасында үш жақты меморандум жасалған.

«Тарбағатай ауданынан құрылған делегация өкілдері Астана қаласына барып, жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың қолдауы арқасында еліміздің оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен және ғылым-білім министрі Нұрбек Саясатпен кездесу өткізді. Тарбағатай ауданының білім саласын жаңғырту және жаңа форматқа көшіру мәселелері бойынша жобалар ұсынылып, министр тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ ұстаздар жиі пайдаланатын республикалық «Білім ленд» сайтының басшысы Рауан Кенжеханұлымен де кездесу өткізді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевпен де кездесу болды. Ол кісі келер жылы бізбен тығыз байланыста болып, Абай атындағы орта мектептің кабинеттеріне модернизация жасауға көмектесетінін айтты. Және мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына қаржылай көмек жасап, жоба жасауға тапсырма берді. Кездесуде біздің делегация өкілдерін қарсы алған Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров, Еділ Жаңбыршин, Берік Сәлімжанұлы шекаралық ауылдарда халықты тұрақтандыру, жол, интернет, медицина, білім, ауылшаруашылығы мәселелерін кеңінен талқылады», –дейді Тарбағатай ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Самал Нағызханқызы.

Тарбағатай аграрлы өңір болғандықтан кәсіптік мамандарды, ауылшаруашылық мамандарын әзірлеу ауадай қажет. Осы орайда, алдағы уақытта Тарбағатай ауданында ауылшаруашылық колледжін ашу да жоспарға қойылыпты.

Тегіс жолдар – тұрғындар игілігіне

Тарбағатай ауданында тақтайдай жолдардың саны артып, кедір-бұдыр жолдардың  «көзін құрту» жұмыстары қарқынды атқарылуда. Бұл сала қыруар қаражатты талап ететіндіктен де ауылдарға асфальт салу деген көптен күрмеулі мәселе болғандығы жасырын емес. Дегенмен, инфрақұрылымның негізгі бөлігі жол болған соң бұған жіті маңыз беріліп, тамырға қан жүгіре бастады. Атап айтсақ, аудандық маңызы бар Ақжар – Жаңатілеу арасын жалғайтын 0-1,5 шақырымға, Жетіарал ауылына кіреберіс 0-4,5 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Ал тұрғындар жиі көтеріп жүрген аудандық маңызы бар Жетіарал-Асусайдың 0-28 шақырым жолына орташа жөндеу жұмыстарын атқаруға техникалық құжаттамаға сараптама қорытындылары алынған. 2023 жылдың кешенді жоспарына енгізілген. Республикалық, облыстық бюджеттерден қаржы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары жүзеге аспақ.

Қабанбай ауылына кіреберіс 0-3,1 шақырымның орташа жөндеуі аяқталса,   Қабанбай – Шорға арасының 0-10 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталған, жол құрылысы 2023 жылы қайта жалғасатын болды. Бұдан бөлек, Тұғыл ауылішілік 2,5 шақырым көше жолдарына орташа жөндеу жүргізілген. Байтоғас ауылына қатынайтын 15 шақырым жолға бірнеше рет қырып-тегістеу жұмыстары істелініпті. Сондай-ақ Жетіарал – Асусай, Жетіарал – Қамысты аралығындағы жолдарға, Ақмектеп ауылына кіреберіс және Ақмектеп ауылының ішкі көшесі, Қарой, Шолақорда ауылдарына кіреберіс, Бозша, Ахметбұлақ, Жаңаталап, Тәуке, Шеңгелді, Жалғызтөбе, Жалғызтал, Қазақстан ауылдарына қатынайтын, жалпы алғанда аудандық маңызы бар 194 шақырым автомобиль жолдарына қырып-тегістеу жұмыстары жүргізіліп, күзгі күтіп ұстау, қардан тазалау жұмыстары жүйелі атқарылуда.

Алдағы жылы «Ақжар» коммуналдық шаруашылық мекемесіне 120 млн теңгеге жол жөндеу техникаларын, атап айтқанда, грейдер, погрузщик, самосвал сатып алынбақшы. Ақжар ауылының Торайғыров және Қабдешов көшелеріне 110 млн теңгеге орташа жөндеу жүргізу көзделсе,  Ақжар – Құйған арасындағы жолдың орташа жөндеу жұмысы аяқталмақ. Жетіарал – Асусай арасын жалғайтын жол биіктетіліп, тегістеу жұмыстары да іске асады. Жалпы, аудандық маңызы бар, ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту үнемі назарда дейді жергілікті билік өкілдері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button