Құрылыс

Қауіпсіздікке қатысты жол картасы әзірленді

Құрылыста қауіпсіздік ережесін сақтамағандықтан һәм білмегендіктен қапыда мерт болып жатқан жандар көп. Ондай жағдайда біреу мердігер компанияны кінәласа, біреу құрылысшының өзін кінәлайды. Осы мәселенің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті арнайы әзірлеген жол картасын ашық талқылауға шығарды.

Арнайы дайындалған жол картасының негізгі мақсаты қауіпсіздіктің алдын алу болып отыр. Алдағы 2023-2025 жылдарға арналған жол картасында құрылыс объектілеріндегі өндірістік жарақаттанудың алдын алу және мұнара крандары операторларымен байланысты өлім жағдайларын азайту көзделген. Қауіпсіздік ережесін қарастырған құжатта 2025 жылға дейін қайғылы жағдайлардың алдын алуға арналған бірнеше бағыт көрсетілген. Құжатта құрылыс алаңдарында мұнара крандарын пайдалануға байланысты болған апаттар мен оқиғаларды талдау, әлеуметтік серіктестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық және салалық үшжақты комиссияның отырыстарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесін қарау, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторлардың мұнара крандарын іске қосқанға дейін техникалық куәландыруға қатысуы, жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қауіпті өндірістік объектілерде жүк көтергіш механизмдерді жаңарту және техникалық қайта жарақтандыру қатарлы мәселелер талқыға шығарылған.

Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын көрсететін тұлғалар үшін білімге, іскерлікке, дағдыларға, жұмыс тәжірибесіне, біліктілік пен құзыреттілік деңгейіне, еңбек сапасы мен жағдайларына қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін кәсіби стандарт әзірлеу қарастырылған.

Құжаттың берер нәтижесіне болжам да жасалған. Егер құжатта көрсетілген стандартты талапқа сай жұмыс жүретін болса, алдағы уақытта мұнара крандары операторларының өндірістік жарақаттануы мен өлім жағдайлары 30 пайызға төмендемек. Сондай-ақ құрылыс алаңдарындағы апатты жүк көтергіш механизмдер 20 пайызға азаяды деген болжам жасалған. Сонымен қоса, нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына сай келетін кәсіпорындар саны 10 пайызға артады делінген. Құжатты талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғаспақ. Құрылыс саласында қауіпсіздік басты орында болғандықтан құжатты талқылау ауадай қажет екені белгілі.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button