ҚоғамТОП

Катонқарағайда биыл тағы 10 үй салынады

Былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Катонқарағай ауылында орталық қазандық пен жылу желілерін қайта жаңарту басталған. Жоба бойынша қазандықтың бекітілген жылу қуаты 5,4 МВт, жылу энергиясын су жылыту режимінде жұмыс істейтін үш қазандық өндіреді, оның біреуі резервте.

Басқа аудан-қалалардағы қазандықтардың құрылысын, жөндеу тәжірибесін ескере отырып заманауи және энергиялық тұрғыдан тиімді жылумен қамту нысанын салу үшін барлық шығындарға талдау жүргізіңіздер, деп тапсырды облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов.

Орталық қазандық пен жылу желілерін биыл күзде пайдалануға беру жоспарланған.

2020 жылдан бері «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша Үлкен Нарын ауылында 22 қоспәтерлі үй салынған. Атап айтқанда, Катонқарағай ауылында – 11, Шыңғыстай, Аққайнар, Белқарағай ауылдарында екі үйден, Топқайың, Қызыл Жұлдыз, Солдатово ауылдарында бір-бір үйден тұрғызылды. Бұл үйлер ауылдағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріледі.

Биыл тағы бес екі пәтерлі тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс басқармасы мен жергілікті әкімдікке құрылыс сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Катонқарағай ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов көктемгі су тасқынына дайындықты пысықтап, бірқатар құрылыс нысанын аралап көрді.

Арнайы жұмыс тобы Сарымсақты өзеніндегі жағалау бекінісінің жағдайын тексерді.

Коробиха және Барлық ауылдарының маңындағы Бұқтырма өзенінің арналарында мұз кептелістерінің алдын алу мақсатында мұнда 20-21 наурызда жарылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жалпы ауданы 28941 шаршы метр (Коробиха ауылы – 12000 ш.м, Барлық ауылы – 7865 ш.м, Үлкен Нарын ауданындағы Сенное ауылы – 9076 ш.м) аумақта жарылыс жүргізіледі.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл әрекет ететін жедел жасақ пен техниканың жағдайы да назарға алынды. Қазір азаматтық қорғаныс қызметтерінің 40 мамандандырылған техникалық құралы сақадай сай тұр. Аудан аумағында алты елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялайтын төрт уақытша қоныстандыру орны әзірленген.

Бақытжан Байахметов аудандағы ахуалды жіті бақылауда ұстап, мониторинг жүргізіп отыруды және су басу қаупі төнген жағдайда халыққа шұғыл көмек беруді тапсырды.

Жергілікті атқарушы орган басшыларымен өткен жиында су құбыры имараттарын жөндеу, аудандағы әкімшілік ғимараттар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу және күрделі жөндеу мәселелері талқыланды.

Осы айдарда

Back to top button