Туризм

Катонқарағайда әуежай салына ма?

Қазақстандықтар  “екінші Швейцария” атап кеткен Катонқарағай ауданында әуежай салынуы мүмкін. Төр Алтай жаққа келетін туристер саны жылдан жылға артып келеді. Әуежай салынса тек шетелдік туристер емес, өз еліміздің батысы мен оңтүстігінен ағылатын демалушылар саны еселеп өсетін болады.

Облыстағы әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанынан хабардар еткен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахымбаева:

– Катонқарағай ауданында әуежай құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бірақ оның нақты уақыты әзірге белгісіз. Сондай-ақ 2024 жылға қарай Зайсан әуежайын реконструкциялау жұмыстары басталады, – деді.

2018 жылы өңірде әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Бүгінде Өскемен мен Семейдегі әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары мәресіне жетті. Жақында Үржар ауданындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталмақ.

Қазір Үржардағы әуе айлағының ұшуға жарамдылық сертификатын алу үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр. Алынған соң әуе рейстері бірден қайта жанданбақ.

Жамал Ермен

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button