Мәдениет

Катондықтар Кавказды қайран қалдырды

Катондықтар Кавказды қайран қалдырды


Грузияда өткен «Fiestalonia Georgia» халықаралық фестиваліне алаңкөңіл боп аттанған катонқарағайлық өнерпаздар Кавказ елінен мерейлері үстем боп, олжамен оралды.

Катонқарағайлық жеткіншектер бұл байқауға қатысу үшін бірнеше жылдан бері тынымсыз әзірліктер жүргізіп, еліміздегі «Атадан мұра» республикалық қоғамдық қоры ұйымдастырған «Қазақстанның дарынды балалары» атты жобада еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестерінен шоқтығы биік өнер көрсете білгендері үшін осынау халықаралық бәсекеге шақырту алған.

«Fiestalonia Georgia» халықаралық фестивалі Грузия астанасы Тбилисиден бөлек, Чехияның – Прага, Италияның – Милан секілді ірі-ірі қалаларында бір мезгілде өткізіліп, оған жас өнерпаздармен қатар 40 жасқа дейінгі өнер иелері де қатысып, бақ сынауға мүмкіндік алды. Түрлі жағдайларға байланысты қайсыбір өнер иелері өз өнерлерінің, болмаса жасаған жұмыстарының бейнебаянын, суреттерін жіберу арқылы фестивальға сырттай қатысуға да рұқсат алған көрінеді. Ал Катонқарағай аудандық шығармашылық үйінің өнерпаздары бұрын-соңды теледидардан ғана көріп, газет-журналдардан ғана оқитын әсем де, асқақ Кавказдың тұмса табиғатын, сол жерді мекендейтін тау халқының тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көріп қайту бақытына ие болды.

– Грузия мемлекеті бізді өзінің ерекше архитектуралық нысандарымен, халқының меймандостық қайырымдылығымен, сондай-ақ төл мәдениеті мен тарихына көзінің қарашығындай жанашырлықпен, сүйіспеншілікпен қарайтындығымен қайран қалдырды, – дейді балаларға жетекшілік жасап барған мұғалімдер Нүрила Жылқайдарова мен Анар Қалдаева. – Фестиваль әлемнің жиырмадан астам елінің жүздеген өнерпаздары қатысқан ғаламат серпінмен өтті. Осы сынақта біздің де оқушылар тамашалаған адамдар: «Қазақстандық өнерпаздар керемет екен!» – дегізерліктей, өз-өздеріне үлкен сеніммен, ерекше жауапкершілікпен өнерлерін көрсете білді.

«Бейнелеу өнері» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алған Мақпал Толықпаева қазылар назарына үш бөлімнен тұратын қазақ халқының ұлттық аспаптары, қазақ батырларының ерлігі және ұлттық құндылықтарымыздың бірі саналатын киіз үй көріністерін ұсынған болатын. Бұл үзінділерді жеке-жеке алып қарауға да, сонымен қатар біртұтас туындылар түрінде де қабылдауға болады. Жас болса да, өңірімізге кеңінен танылып қалған суретші Әділбек Қуаныштың шәкірті Мақпал өз жұмысын лайықты қорғап, комиссия тарапынан қойылған сауалдарға нақты әрі түсінікті жауап қайтара білді.

– Олар (комиссия мүшелері) бұл картинкалар шынымен де, менің қолымнан шыққан-шықпағандығын анықтап, жұмыстарыма қандай бояулар таңдап, сурет өнерінің қай стилін пайдаланғанымды сұрады, – дейді барлық сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, комиссия сынағынан сүрінбей өткен жас суретші.

Катонқарағай Шығармашылық үйінің ең жас өкілі Ерсін Құмаровтың опера әншілеріне тән ашық та, айқын дауысымен бейбітшілік сүйгіш мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясаты жайында, еліміздің тарихи тұлғалары мен бүгінгі таңдағы өнегелі, өрелі ұлдары туралы тебіреніспен оқыған өлеңдері тыңдаушыларды бейжай қалдырмады. Ұстазы Нүрила Жылқайдарованың жеке тәлімін көрген Ерасылдың жасы – бар болғаны тоғызда ғана. Ол бұған дейін үш жыл қатарынан республикалық мәнерлеп оқушылар сайысына қатысып, екі мәрте бірінші, бір рет екінші жүлдегер атанған болатын. Ерсін балақай халықаралық «Fiestalonia Georgia» фестивалінен де олжасыз қайтпады. Оның қанжығасында жүлделі екінші орын.

Нүриланың тағы бір шәкірті – Гүлім Сләмова, 10-12 жастағы жеткіншек мәнерлеп оқушылар қатысқан сайыста өлеңмен жазылған «Мәңгілік ел» композициясын өте жоғары деңгейде орындап, жүлделі үшінші орынға қол жеткізді.

Көпшіліктің мақтанына айналған ұстаз-хореограф Анар Қалдаеваның шәкірті, республикалық, облыстық балалар хореографиясы шығармашылығының бірнеше дүркін жеңімпаз-жүлдегері Аружан Рахимованың жеңісі де оңайшылықпен келген жоқ. Би конкурсында қатысушыларды жас айырмашылығына бөлу, сондай-ақ түрлі аталымдар болмағандықтан, сайыстың бұл түріне кілең «сен тұр, мен атайын» деген өнерпаздар қатысып бақ сынасқан болатын. Олардың басым көпшілігі топ-тобымен билеушілер болғандықтан, жеке-дара билеп өнер көрсеткен Аружанға бір өзі топ бишілерге қарсы тұруға тура келді.
– Ол әдеттегідей өте ғажап билей білді, – дейді, Анар Құрманинқызы. – Қазылар оның өнерін жоғары бағалады. Алайда, конкурста жеке бишіден гөрі, топ бишілердің өнері жоғарырақ бағаланады. Өйткені «бір адамды дайындағаннан гөрі, көп адамды дайындау анағұрлым қиындау» деген қағида бар. Оның үстіне біз Аружанның орындайтын номеріне фольклор мотивтері мен бүгінгі музыканы араластырған едік. Сонымыз бекер болыпты. Кейін қазылар алқасы: «Бүгінгі музыканы араластырмай, бірыңғай фольклорды қалдыруларыңыз керек еді», – деп орынды ескертулерін айтты.

Десек дағы, мұндай халықаралық конкурста үшінші орын алудың өзі үлкен жетістік. Бұл сөзімізге Аружанды фестивальдің жабылу құрметіне арналған гала-концертіне шақырулары дәлел бола алады.

– Оқушыларымыздың аталмыш фестивальға қатысып, өз өнерлерін паш етулеріне зор мүмкіндік туғызып, жол шығындарына дейін жан-жақты қолдау білдірген аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин мен облыстық мәслихаттың депутаты, жергілікті меценат Лұқбек Тұмашиновқа шығармашылық үйінің барша педагогтар қауымы атынан зор алғысымызды білдіргіміз келеді, – дейді мекеме директоры Шынар Құрманова. –Ыбырай Алдабергенов, Гүлмира Ибраева, Жәнібек Елеусізов, Жанар Әбілғажинова, Айдар Бахтияров, Тілек Тоқанов, Ринат Дүсүпов сынды және өзге де кәсіпкерлердің демеушілік қолдауларының арқасында ауданымыздың жас өнерпаздары еліміздің, ауданымыздың даңқын шығаруға мүмкіндік алды.

Халықаралық фестивальдан жүлдемен оралған өнерпаздардың төртеуі де аудан орталығы Үлкен Нарындағы Дамитов атындағы мектептің оқушылары. Олардың есімдері болашақта әзірленіп жатқан «Қазақстанның дарынды балалары» атты кітапқа енетін болады.

Шамиль Багаутдинов
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button