Экономика

Катонқарағай ауданының әлеуетін толық пайдалану қажет

Катонқарағай ауданының әлеуетін толық пайдалану қажет

Президент Әкімшілігінің, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ өкімімен Катонқарағай ауданына Қалиқан Байғонысов әкім болып тағайындалды. Ауданның жаңа басшысын активке Катонқарағай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ таныстырды.

Қалиқан Байғонысов – Катонқарағай ау-данының тумасы. Еңбек жолын Коробиха ауылында қарапайым жұмысшы, тракторшы болып бастаған. 1984-1996 жылдар аралығында Қатонқарағай ауданындағы бірқатар кеңшарда, аудандық әкімшілікте басшылық қызметтер атқарған. 1998 жылы Катонқарағай ауданы, Белое ауылдық округінің әкімі, 2001 жылы «Үш бұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, 2004 жылы «Мал өнімдері» корпорациясының облыстағы өкілі, 2007-2011 жылдар аралығында Катонқара-ғай ауданы әкімінің орынбасары, 2011 жылы Бесқарағай ауданының әкімі болды. 2013 жылдың 1-шілдесінен осы тағайындауға дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметін атқарды. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Аймақ басшысы Қ.Байғонысовтың тәжірибелі басшы екенін атап өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін әкелететініне сенім білдірді. Сондай-ақ, ауданға осыған дейін басшылық жасаған Дәурен Тілеубаевтың жемісті еңбек еткенін, ол облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметіне тағайындалғанын мәлім етті.

Облыс әкімі Елбасының жуырда өңірге жасаған жұмыс сапарында белсенді еңбек ету жөнінде айтқанын, сондықтан аудан басшысы халық арасында көп болып, мәселенің мән-жайын көзімен көріп, оның шешімін табу жолдарын қарастыруы қажеттігін атап өтті.

– Халықтың әл-ауқатын арттыруға бүгінде мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалып отыр. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіпкерлікке арналған бағдарламаларды игеру қажет. Катонқарағай ауданының әлеуеті толық пайдалануда дей алмаймыз. Мәселен, елімізде «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті дамытуға 6 пайыздық жеңілдікпен 100 млрд. теңге бөлінді. Ал ауданнан осы бағдарламаға қатысуға өтініш білдірушілер әлі жоқ. Сондықтан аудан әкімі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек, – деді аймақ басшысы.

Аймақ басшысы сондай-ақ, аудан әкіміне мал басын көбейту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, аңшылық туризмін жолға қою, жол-көпір құрылыстарын жандандыру, білім беру деңгейін көтеру, ауданға инвестиция тарту және тағы басқа түйткілді мәселелердің шешімін табуды жүктеді.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Үлкен Нарын ауылында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысып, құрылыстың белгіленген уақытында аяқталуын, қасбетінің талапқа сай болуын қадағалауды тапсырды.

Думан Нұрланұлы

Осы айдарда

Back to top button