Мәдениет

Катонға “Оркестр” адам келді

     «Оркестр адам» аталып кеткен елімізге танымал бесаспап музыкант Еділ Құсайынов ежелгі сақ бабаларымыз бен  ғұндар дәуірінің мәңгілік өшпес әуенін бүгінгі  екінші мыңжылдықтың сазымен ұластырып, ұлтымыздың қайталанбас мәдени мұрасын тек отандық емес,  әлемдік сахналарда паш етіп жүрген айырықша  талант иесі.   Қазақтың музыкалық көне аспаптарын шебер меңгерген сазгер, фольклор зерттеушісі  өткен аптада ауданымызға  келіп, ауылдарды аралап қайтты.

Белгілі өнер қайраткерінің ауданымызға келудегі мақсаты – өңірімізде этномузыканы дамытуға атсалысу, ұлттық аспаптарымызды насихаттап, қазақ және Алтай музыкасын  жандандыру, сол арқылы этнотуризмді дамыту. Бұл мақсатқа жету үшін оған «Катонқарағай ауданының тұрақты даму қоры» мен «Алтай Арай» экоорталығы қолдау көрсететін болады. Этномузыканы өңірімізде дендеп қолға алу үшін  олар аудандағы музыка мектептері жанынан этномузыка үйірмелерін немесе тұстастай орталық ашуды ойластырмақ.

Танымал музыкант Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарындағы  балалар музыка мектептері мен Шығармашылық үйінде болып,   тыныс-тіршілігімен  танысты. Кездесу барысында ол атақты сыбызғышылар Шанақ Ауғанбаев пен Оспанғали Қожабергенов туралы мағлұматтарға қанықты.

Бұдан кейін танымал этномузыкант   аудандық Достық үйінде   тұрғындармен  мазмұнды кездесу өткізіп, алдағы уақытта этномузыка арқылы да туристерді көптеп тартуға, сол арқылы бүкіл әлемге ұлттық құндылықтарымызды паш етуге болатынын жеткізді.

Сонымен бірге,  музыкант өзінің өмірі, шығармашылық жолы, этномузыкаға келуі жайлы  әңгімелеп, көрермендердің қойған сұрақтарына жауап берді.    Артынша, өзімен әкелген сазсырнай, шаңқобыз, сыбызғы аспаптарында ойнап,  көмеймен орындалатын   бірнеше музыкалық композициясын орындап берді. Жалпы Еділ Құсайыновтың көмеймен ән айтудың    теңдесі жоқ шебері екендігін барлығы біле бермейді. Бесаспап музыкант  барлығы 15 музыкалық аспапты еркін меңгерген.

– Әрине, менің алғашқы ұстаздарым – әкем мен шешем. Әкем Сейілхан Құсайынов  танымал күйші, «Мереке» күйінің авторы. Атырауда алғаш музыка училищесін ашқан адам. Ал шешем Раушан Нұрпейісова  танымал қобызшы, қобыз мектебінің негізін қалаған. Мен өзім Атыраудағы оқуын тамамдаған соң Алматыдағы Чайковский атындағы музыка консерваториясында оқыдым.  Қалада өскендіктен «Битлзды» тыңдап, «битломан» да болдым.  Классикадан да «кет әрі» емеспін, сонымен бірге, ұлттық әуендерден бір сәт   қол үзген емеспін.    Түрлі музыкалық ағымдарды синтездеу өзіме қатты ұнайды. Қазақтың көне аспаптары толығымен зерттеліп, мүмкіндіктері әлі барынша ашылған жоқ деп санаймын.   Менің көп музыкам синтез түрінде. Синтез деген – батыстық музыка элементі бар ұлттық музыка. Әр нәрсенің түпнұсқасы сақталуы шарт. Біздің музыкамыз бен фольклорымыз өте бай, алайда оны әлемдік деңгейде насихаттау мүлдем жоқтың қасы, – деді кездесуде   Е.Құсайынов.

Еділ Құсайыновтың бүгінде түрлі музыкалық ағымдарды біріктіре отырып қазақ музыкасын жаңа қырынан алыс және жақын шетелдерге танытып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Ол Еуропа, АҚШ және Азия елдерінде өткен  халықаралық фестивальдердің қатысушысы. Нью-Йорктің Карнеги-холл, Вашингтондағы Кеннеди-орталықта және басқа да әйгілі орталықтарда өнер көрсеткен, Лондонның  Альберт-холл атты концерттік сарайы мен  Токиода шығармашылық кештерін  өткізген.

Кездесу соңында құрметті мейманға аудан әкімінің орынбасары  Ринат Жаманбаев жергілікті халықпен осылай етене жүздесіп, тағылымды әңгіме өрбітіп, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп, еліміздің мәдениеті мен өнеріне еселі үлес қосып жүргендігі үшін барша көрерменнің атынан  алғыс айтып,  келешекте ауданға  тағы да келіп, қонақ болуға тілектестігін білдірді.

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button