Қатаң бақылауда
Азамат Темірбеков
Катонқарағай ауданындағы үш жүзге тарта көпір мен су ағатын құбырлар жергілікті басшылықтың бақылауына алынған.
Бүгінгі таңда Катонқарағай ауданының 48 елді мекенін бір-бірімен жалғайтын автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 700 шақырымға жуықтайды. Атап айтсақ, аудан аумағындағы 695 шақырым жолдың 277 шақырымы республикалық, 111 шақырымы облыстық маңыздағы жолдар болса, 350 шақырымнан астамы аудандық маңыздағы жолдар.
– Республикалық маңызы бар Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Рахман қайнарлары бағытындағы автомобиль жолында «ДЭУ-27» ұйымы қызмет көрсетеді, – дейді Катонқарағай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Мұсабаев. –Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында «ОблШығысЖол» ұйымының филиалы қызмет көрсетеді. Аудандық маңызы бар автожолдарда 23 көпір, 275 су ағатын құбыр бар. Ал аудандық маңыздағы автожолдар мен елді мекендердің көшелерін қысқы күтіп-ұстау ауылдық округ әкімдерінің құзіретінде.
Оның айтуынша, мердігерлер еліміздің «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес анықталатын көрінеді. Сонымен қатар жолдарды қысқы күтіп-ұстауға бөлінетін қаражат көлемі де былтырғымен салыстырғанда биыл бірнеше миллион теңгеге өскен. Атап айтсақ, осы мақсатта былтыр қыста 43,6 млн теңге бөлінсе, биылғы қысқа бөлінген қаражат 48,8 млн теңге шамасында.
– Аудан тұрғындары тарапынан қар тазалауға қатысты арыз-шағымдар келіп түскен жоқ. Қазіргі уақытта өңірімізде қардың қалыңдығы 100 сантиметрге дейін, кей жерлерде 200 сантиметрге дейін жетеді, – деп қосты бөлім басшысы.