Картиналарынан ауылдық иісі аңқып тұрады

Қасиетті топырағын қанша басып, ауасын қанша жұтып жүргенімізбен көпшілігіміз туған жердің сұлулығын соншалықты бір сезіне бермейтініміз шындық. Ал тарбағатайлық қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Әлібек Шоқановтың картиналары біз әншейінде көре бермейтін көркемдікті көз алдыңызға алып келеді. «Қандай ғажап! Мұндай сұлулықты мен неге байқамадым екен» дейсіз іштей. Бәлкім, қылқалам құдіреті деген де осы болар. Таяуда Әлібектің өзімен жүздесіп, әңгімелесудің сәті түскен болатын.
Театрдың фойесіне қойылған Әлібектің картиналарын тамашалағанда, жүрек түкпірінде ауылға деген әлдебір сағыныш бас көтергендей болды. Ауыл… Дала… Тау… Құдай-ау, ауылға бармағанымызға қанша жыл болды десеңізші. Қанша жерден қалалық болдым десеңіз де, кіндігіңіздің бәрібір ауылға байланғанын іштей түйсінесіз. Ұшы-қиыры жоқ анау далада жүгіргің келеді, тау-тасын, қолат-қонышын армансыз бір аралап, кезгің келеді. Қарашы, туған ауылдың көк түтінінің де, абалаған итінің де адамды арбап алатын бір қасиеті бар, иә. Ауыл – алтын бесік. Ал шынайы ауыл бейнесін сол алтын бесікте тербетілген суретші ғана бейнелей алса керек.
Әлібек Төкенұлы – Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылының тумасы. Өзінің айтуынша, бала кезінен-ақ сурет салуға құмар болыпты. Балабақша қабырғасында жүргенде тәрбиешілер үй сал десе, үйдің төбесіне жалау тігіп, көгершін ұшырып қояды екен. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде де қылқаламы қолынан түскен емес. Мектеп бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогика университетінің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі. 1993 жылы аталған оқу орнын бітірген соң, Әлібек жолдамамен Талдықорған қаласындағы Жоғары кәсіби өнер лицейінде сурет пәнінен сабақ береді. Бірақ алыстағы ауылына деген сағыныш оған тыным бермейтін. Сөйтіп, ол екі жылдан соң, туған жеріне оралуды жөн деп табады. Ақжарға келіп, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.
Көңілі енді тыныш тапқандай еді. Бос уақытында қағазы мен қылқаламын алып, тауға шығып, дала кезіп кететін. Таудың тәкаппар мінезін, даланың еркелігін, өзен-көлдердің мөлдірлігін кенепке түсіруге тырысатын.
– Шынымды айтсам, өмірімде қаншама жерлерде болдым. Анау Алматының Алатауы, Көкшетаудың таулары қанша биік болса да, өзіміздің Тарбағатайдың тауларындай мені сонша баурай алмаған екен. Менің жаныма туған жерімнің таулары жақын болып шықты. Туған жер менің шабытымды оятты. Тауға шығып, кенепке сурет салып отырғанымды көрген малшылардың барлығы «Қаншама жыл қой бағып жүрсек те, тауға шығып сурет салып жүрген суретшіні бірінші рет көріп тұрмыз» дейтін таңданып. Соған қарағанда, Тарбағатай тауларын кенепке түсірген алғашқы суретші мен болсам керек, – дейді жымиып.

Жарқырағанды ұнатпады
Өзінің айтуынша, Әлібек сурет салу үшін көбіне жаңбырлы немесе қар жауып тұрған күндерді таңдайды екен. Мұны ол өзінің мінезімен байланыстырады.
– Мен жарқырағанды онша ұнатпаймын. Тұйықпын. Салмақты болып жүрген ұнайды, – дейді ол бұл туралы.
Жаңбырдың ізін, қардың ұшқынын оның суреттерінен де байқауға болады. Мысалы, суретші өзінің «Бозша» деп аталатын картинасын салып отырғанда жаңбыр себелеп кеткен көрінеді. Бірақ себелеген жаңбырдың астында суретші жұмысын жалғастыра берген. Тіпті осы бір картинаға дұрыстап үңіліп қараған адам жаңбыр іздерін анық байқайды.
– Кейіннен үйге әкеліп жөндеймін бе деген едім, бірақ ол ойымнан айнып қалдым. Тіпті маған суретімнің сәтті шығуына табиғаттың өзі көмектескендей әсер етті, – дейді ол.
2010 жылы Әлібек Беларусь еліне халықаралық пленэрге шақырылады.
Пленэрге Польша, Бразилия, Қытай, Германия секілді мемлекеттерден «менмін» деген суретшілер жиналып, бір шаңырақтың астында сурет салады. Сол кезде Әлібек олардың қызыл, жасыл, көк, сары секілді ашық түстерге құмар екенін байқапты. Сол ашық түсті картиналардың ішінде Әлібектің туындылары қоңыр жасыл болып өзіндік бояуымен ерекшеленіп тұрған болатын.
– Жалпы еуропалық суретшілердің үйренетін жағы көп болса да, біз қазақылықтан ажырамауымыз керек. Ұлттық дәстүрді, ұлттық бояуды сақтауымыз керек. Қоңыр-жасыл түс өзімнің мінезіме, болмысыма сай келетін сияқты. Бұл түс – қазақтың түсі. Сол пленэрде мен торсықты, қымыз құйылған тостағанды, ою-өрнекті сырмақты бейнелеген едім. Жиналғандар өнерімді өте жоғары бағалады. Марапатқа да ие болдым, – дейді суретші.
Отандық суретшілердің ішінен Әлібек Әбілхан Қастеевті ерекше бағалайтынын айтады.
– Қастеевтің суреттері кеңістікті алуымен ерекше. Суретіне қарасаң, бір тар жерден кең далаға шыққандай әсерде боласың. Тынысың ашылады. Сондай-ақ Қанапия Телжановтың суреттерінің бояулары, қозғалыстары маған қатты ұнайды. «Көкпар» деген суретіне қарай берем, қарай берем. «Көкпарды» қандай түстермен, қандай қозғалыспен бергеніне әлі күнге дейін таңғалам, – дейді.
Әлібек кезекті бір дүниесін кенепке түсірер кезде, көп ізденеді. Қылқаламға арқау етер нысанасының тарихына да терең мән береді. Мысалы, «Маңырақ» атты картинасын саларда суретшінің сол таудың неге бұлай аталғанына да ерекше мән бергені көрініп тұр.
Жалпы, Маңырақ деген таудың өзінің тарихы бар ғой. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жоңғарлар қазақ ауылын шабуға келеді. Ауыл адамдары жоңғарлардың келе жатқанын естиді де, қамыстың арасына тығылып қалады. Жоңғарлар ауылды таппай кетіп бара жатқан кезде, жалғыз қозы маңырап, алдарынан шығады. Жаңағы жоңғарлар мына жерде халық болуы керек деп, қайта оралады. Сөйтіп, ауыл адамдарын қырып тастаған екен. Суретші кейбір жерлер аңызға бай болса да, суретке салуға келгенде жұтаңдау екенін де байқапты.


Ақжардағы өнер мектебін өрге сүйреп келеді
Әлібек Шоқанов бүгінде Ақжардағы балаларға арналған өнер мектебінің директоры. Осыдан бес жыл бұрын ашылған өнер мектебінде қазір Ақжар ауылының өзінен ғана жүзге тарта оқушы оқып жүр. Мұнымен қатар, өнер мектебінің Бозша, Жетіарал, Шорға, Құйған секілді ауылдарда да филиалы бар. Мұғалімдердің барлығы жоғары білімді.
2004 жылы облыс орталығындағы Шығыс Қазақстан Өнер мұражайында суретшінің «Туған жердің түтіні» атты алғашқы жеке көрмесі өтсе, кейіннен Семейдегі Неврозовтар мұражайында «Тарбағатай әуені» атты көрмесі ұйымдастырылды. 2005 жылы Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Ал 2010 жылы Әлібек Шоқанов «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша облыс әкімі сыйлығының иегері атанады.
– Шығармашылық деген әрқашан алға жылжып отыруы керек. Бүгін өзіңе ұнаған суретіңнің ертең бір жерінен кемшілік тауып аласың. Келесі суретте соны қайталамауға тырысасың, – дейді тарбағатайлық қылқалам шебері Әлібек Шоқанов.
Әлібектің суреттерін бүгінде Шығыс Қазақстан Өнер мұражайынан тамашалауға болады.
Мейрамтай Иманғали