Мәдениет

Карикатураның хас шебері

Карикатураның хас шебері


Карикатура жанрының хас шебері Айдарбек Ғазизов биыл алпысқа толды. Кішкентайынан осы өнерге ден қойған ол «Ара» журналының әр нөмірін жастана жатып оқитын.

Мектеп қабырғасында оқып жүрген Айдарбектің суретшілігін байқаған ұстаздары бағыт-бағдар беріп, үлкен өмірге жол сілтейді.

– 1950-інші жылдары қазақ баспасөзі сатирасының ауыртпалығын көтерген жалғыз суретші – Николай Казанцевтің «Ара» журналына шыққан суреттерін бесінші сыныптан бастап жинадым. Журналды бір қарап шығып, суреттерін қайшымен қиып алатынмын. Карикатуралары екі альбом, достық әзілдері бір альбом болды. Мөлшермен 700-800 сурет жиналды, – дейді Айдарбек Ғазизов сол бір келмес күндерді есіне алып.

Жас суретші әскерден келгеннен кейін, Николай Казанцевті іздеп Алматыға аттанады. Үлкен шаһардан Казанцевтің үйін тауып, ала барған альбомын көрсетеді. Тіпті өз архивінде сақталмаған суреттерді Айдарбектің жинағанына таңғалған Казанцевпен әңгімелескен екі күн университеттің берер білімінен әлдеқайда артық еді. Кейін ауылдағылар Қазездің ұлы «Казанцевпен кездесіпті» деп қуанған екен.

Бала жастан қылқаламын қолынан тастамай келе жатқан карикатурашы Айдарбек Ғазизовтың суреттері әлемге танылды. Халықаралық, дүниежүзілік байқауларда бірнеше рет топ жарды.

2012 жылы Қытайда өткен «Алтын панда» конкурсында алтын медаль, 2013 жылы Израильде болған 20-шы халықаралық конкурста арнаулы сыйлық, 2014 жылы Румыния конкурсында бірінші сыйлық, сол жылы Ливан конкурсынан қола медаль, 2015 жылы Қытайда болған анимация мен комикстердің азиялық конкурсында бас жүлде алған. Ал 2016 жылы Италияда өткен «Факс әлемге – факс төзімділікке» атты халықаралық конкурста бірінші орын алған. Бұл байқауларға кемінде кіл мықты мың шақты суретші қатысып, 2-3 мың жұмыстан ұсынады. Солардың ішінен қара үзіп, үнемі үздік шығатын Айдарбек Ғазизовтың суреттері еді.

1958 жылдың сәуірінде Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында дүниеге келген ауыл баласы карикатураларымен осылайша әлемді мойындатты.
Айдарбек Ғазизовтың өнерімен етене жақын ұстаздары, әріптестері, достары лебіздерін, пікірлерін білдірген екен.

Күлдіріп отырып күңірентеді…

Тамаша әзілқой шәкіртім Айдарбек, жүрекжарды ыстық лебізімді қабыл алып, өзіңнің тәлімгеріңді ұмытпай, есіңде сақтап жүргейсің!
Николай Казанцев, карикатурашы
4.03.1986 жыл.

Сықақшы суретші Айдарбек інімнің шығармашылығы жемісті болуына тілектеспін.
Шона Смаханұлы,
сықақшы, жазушы,
3.04.1987 жыл.

Бірде ұстазым Уаш Ақаева апайым «Мынау – шәкіртім Айдарбектің суреттері» деп көп қағаздарды алып келді. Сол суреттердің ұнағаны сонша, суретші болуға құлай берілдім. Бірақ мен суретші бола алмадым, ал Айдарбек Ғазизовтың қолтума дүниелері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланып жүр. Биыл Алматы көркемсурет училищесінің мультипликация бөліміне оқуға түсті. Шәкіртіңізге деген алғашқы қуанышыңызда үлкен үміт, зор сенім жатқанын енді түсінгендеймін.
Талаптан Ахметжанов,
жазушы,
1.10.1987 жыл.

Айдарбекті ауылдастары алты жасында-ақ сайқымазақ суретші атап кеткен-тін… Қазір Айдарбек есейді, тойыс, «тісейді» десек те болады. Өйткені, өмірдің «өгей» көріністері – әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптарды тауысып, енді сазбеттенген саяси жайттардың қолтығына ши жүгіртіп жүрген жайы бар. Оның суреттері күлдіріп отырып күңірентеді, күңірентіп отырып күлдіреді.
Басқар Битанов,
сатирик-жазушы,
«Халық кеңесі» газеті,
15.11.1990 жыл.

Карикатураның хас шебері

«Өнер» баспасынан биыл жарық көрген «Айтпаса да түсінікті» сықақ-сурет жинағына және оның авторы Айдарбекке ризашылық білдіреріміз хақ. Езутартар дүниелерден ләззат алдық…
Талаптан Иманбаев,
Мүсінші.
«Коммунизм туы» газеті,
28.09.1989 жыл

Айдарбек Ғазизов кім болып жұмыс істемеді десеңізші, сушы да, қырманшы да, малшы да, күзетші де, кірпіш күйдіруші де, қорғасын-мырыш комбинатының жұмысшысы да болды. Сондағы бір ғажабы, өзі істеген жерлердің бәрінде де ерекше құлшыныспен қабырға газетін шығарды. Сірә, сол шақтарда карикатураға деген құштарлығы оянған болар. Бүгінде Алматы көркемсурет училищесінің студенті «Өнер» баспасынан өз суреттерінің жинағын да шығарып үлгерді. Ол «Ара-Шмель» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің лауреаты атанды. Еңбектермен көптеген көрмелерге қатысты.
Вадим Борейко,
журналист-карикатурашы,
«Горизонт»,
28.011.1989 жыл.

…Суретшілік таланты мен әзіл-әжуаға деген бейімі оны бүгінде республикадағы ең белсенді карикатурашылардың сапына қосты. Ғазизовтың жұмыстарынан классикалық үлгідегі карикатура дәстүріне жақындықты байқауға болады. Графикалық шешімдеріндегі кейбір плакатшылдық тәсілдер еш нұқсан келтірмейді, қайта қозғалған мәселенің уытын күшейтіп, оған айрықша мәнер мен заманауи үн қосады.
Валерий Любич,
суретші-карикатурашы,
«Ленинская смена» газеті.
15.07.1990 жыл

Айдарбек – буыны қатқан сурет маманы. Оның суреттері өте мазмұнды, терең ойлы. Суреттерін қайталап көрген сайын сөзжұмбақ сияқты сан қыры ашыла түседі. Туындылары шеберлікпен орындалған.
Әмен Қайдаров,
қазақ мультфильмінің атасы,
28.07.1994 жыл.

Мен өнер адамы емеспін. Бірақ Айдарбектің суреттеріндегі ащы шындық, салмақты саяси-әлеуметтік мәселелер назар аудартпай қоймайды. Оның дүниелеріне ой көзімен қарау керек. Әйтпесе ішкі сырын, терең астарын түсіну мүмкін емес. Маған суретшінің саяси-әлеуметтік мәселелерді жиі және батыл көтеретіні ұнайды. Ұлттық елеулі оқиғаларға дер кезінде үн қосып отырады. Кейбір ретте ол уақыттан озып та жүреді.
Асқар Жұмаділдаев,
математик-ғалым
17.07.1994 жыл.

Карикатураның хас шебері

Айдарбек Ғазизұлының талант оты кейінгі он жыл аясында лаулап жанды. Айдарбекке дейін қазақта карикатура өнері болмады демейміз. Бірақ өзіңді жан ауырта сынау, ұлттық намысты ояту, үлкен қоғамдық ой айту, сананы тірілту – қазақ карикатура жанрында соңғы жылдарда алғаш рет Айдарбектің салған суреттері арқылы жаңа тыныс ашты. Қазақ карикатурасының бірден-бір белді өкілі Айдарбектің бір ғана суретпен айтатын азаматтық жан айқайы кейде тұтас бір мақаланың, тұтас бір зерттеу еңбектің жүгін көтеріп тұратынын аңғарамыз.
Әділғазы Қайырбеков,
ақын,
«Шалқар» газеті,
17.01.1997 жыл.

Әрине, көркемдік құрал ретінде қарындаштың мүмкіншілігі шектеулі. Алайда ол Айдарбектің қолында күмбірлеген шешен домбыра секілді адамның ең тереңде жатқан сезімдерін оятып, ешкімді де селқос қалдырмайды… Өйткені шебер өрілген қысқа түйіндер, мазмұнды бейнелер, міне, осының бәрі – Айдарбек Ғазизұлы шығармашылығының философиялық формуласы.
Сәбетқазы Ақатай,
қоғам қайраткері,
15.10.1997 жыл

Карикатураның хас шебері

Жас та танымал суретші Айдарбек көп жылдар бойы Семей полигонының зардабы жайында, жалпы қазақ жерінің тоздырылып, аздырылып бара жатқанына жаны ауыра шынайы азаматтық адамгершілік сезіммен көптеген сурет салды, жұртшылық құрметіне бөленді. Суреттері терең ойлы, оларды жекелеп атаудың өзі қиын, бәрі де талант күшін анық аңғартады.
Ғаббас Қабышұлы,
жазушы-сатирик,
9.09.1997 жыл.

Оның суреттерінің қайсысын болса да кез келген газеттің бас мақала орнына пайдалана беруге болады және бәрі де саяси өміріміздің ар жағын «сөзсіз» бейнелеп, түсіндіріп тұрғанымен құнды. Халқымызға өскелең өнердің соны бір бетін ашып беруші талант иесі – Айдарбек. Талант дүниеге жылда келе бермейді және екінің бірі талант емес.
Қалмұқан Исабай,
жазушы,
3.04.1998 жыл.

Әуеліде ол әзіл-әжуа суреттердің авторы ретінде бастады. Жылдар жылжып өткенде, Смирнов, Златковский және басқа суретшілердің ықпалымен пәлсафалық графикаға қадам басты. Оның шығармашылығында ұлттық нақыштағы сипат айқын көрініс тапқан. Қазақстандық сықақшы-суретшілер арасында оны ұстаз тұтып, ізінен ерушілер де кездеседі.

Николай ВЕРЕВОЧКИН,
Карикатурашы,
«Казахстанская правда» газеті,
3.04.1998 жыл.

Кезінде, 90-жылдары бұл кісінің Желтоқсан оқиғасы туралы аза бойды қаза қылатын ғажайып триптиxін көріп, шалқамыздан түсіп едік. Одан кейін көп көзінен жырақтап кетті. Айдарбек Ғазизов – тамаша қылқалам шебері, карикатурист.
Жанарбек Әшімжан,
Журналист,
«Қазақ әдебиеті» газеті,
10.11.2017 жыл.

Сіздің жұмысыңыз «AYACC 2015» байқауында карикатурашылар арасында Гран-при жүлдесін алғандығын қуанышпен хабарлаймыз. Қазылар алқасының атынан құттықтауымды қабыл алыңыз! Қатысқаныңыз үшін тағы да мың алғыс!
Люй Ван,
ұйымдастыру комитетінің бас хатшысы
Қытай, 2015.

Сіздің қойылымыңыз үшін рахметімізді айтамыз! Сізге Денвердің табиғат және ғылым музейінде қыркүйек айында өтетін ЭКСПО көрмесіне өтінімдерді қабылдауға байланысты ақпаратпен жуық арада байланысқа шығамыз. Сіздің осы ынталы көркемдік топтың ажырамас бөлігі болыңыз – біз үшін үлкен мәртебе.
Шын жүректен, Марисса Дегольер,
Колорадо, Америка, 14 шілде 2017 жыл.

Мультфильмдеріңіз үшін рахмет. Мен үшін Сіздің мультфильмдеріңізді жұртшылыққа көрсету – үлкен ғанибет. Мен олардың жапондықтарға көрсетілуін тағатсыздана күтіп жүрмін. Ыстық ықыласымды қабыл алыңыз.
Йошиаки Йокота,
10 шілде 2017 жыл, Жапония.

Сіздің жұмысыңыздың EIIS әлеуметтік иллюстрациялар жылжымалы көрмесіне таңдап алынғаны үшін рахметімді айтамын. Сізбен келесі байқауларда кездесуге үміттімін. Сізбен міндетті түрде хабарласып, шақыруымызды жібереміз. Бізбен байланысты үзбей, сайтымызға кіріп тұрсаңыз, Сіздің туындыларыңыз орналасқан жылжымалы көрменің Оңтүстік Америка бойынша қозғалысы жайында толық ақпаратты біліп отырасыз.
Жетекшілер командасы, EIIS Аргентина.

45 елдің өкілінен түскен 564 туынды сыналған ІІІ Байқауда жүлделі орын алуыңызбен құттықтаймыз! Байқаудың қазылар алқасының бес өкілі Сіздің «Қызыл қоңыз» атты карикатураңызды жоғары бағалап, 2-орынға лайық деп таныды.

Сізді бұл жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
Байқауды ұйымдастырушы – Иштван Келмен,
Венгрия, 9 шілде 2010 жыл.

Осы айдарда

Back to top button