Агросектор

«Қаражалдың» қадамы нық

Аграрлық бизнес – машақаты мол сала. Ол кәсіпкерден жерана туралы терең білімді, сондай-ақ асқан жауапкершілікті талап етеді. Бұған қоса ондай адамның бойында өз ісіне деген сүйіспеншілік, ризашылық пен адалдықтың болуы шарт. Сондай кәсіпкердің бірі деп Ерболат Омаровты айтуға болады.

Осыдан 15 жылға жуық уақыт бұрын Катонқарағай ауданының Бесүй ауылында «Қаражал» атты шаруа қожалығын құрған Ерболат Омаровты бүгінде ауыл-аймақ түгел таниды. Өз ауылында алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған тәжірибелі аграршы алғашқыда көп қиыншылық көргенін айтады.

– Жасырып қайтейін, жеке шаруа қожалығымды құру жөнінде шешім қабылдау оңайға соққан жоқ, – деп есіне алады Ерболаттың өзі. – Бұл мен үшін де, жақындарым үшін де жаңа нәрсе болатын. Ауыл өмірі көз алдымызда өзгерді. Кезінде мызғымастай көрінгеннің бәрі, кеңшар да, ұжымшар да бір сәтте жойылып, тарихқа айналды. Сол сәтте батыл қадамдар жасау керектігін түсіндім. Ол кездері жерлер пайларға бөлініп қойған болатын. Міне, кәсібімізді сол пайлардан бастадық деуге болады. Шаруа қожалығын құрып, оған «Қаражал» деп ат қойдық. Алғашқыда фермамыздың көлік паркінде бір трактор мен бір комбайн ғана болды. Оның өзінде де бұл әбден ескірген техника еді. Әйтеуір, оталатын. Қолда бар техниканың жүріп тұрғанына шүкір дейтінбіз сол кезде.

Негізі, кейіпкеріміз алдынан кесе-көлденең шыққан кез келген мәселенің шешімін табуға болады деп есептейді. «Бұл  әкеміз бен анамыздың берген тәрбиесі болар», – дейді Ерболаттың өзі.

– Біз алты ағайынды болдық. Бәріміз де еңбекке ерте араластық. Сондықтан болар, бала кезімнен қандай мамандық иесі болатынымды анық білдім. Саратовканың ауылшаруашылық техникумындағы оқуымды тәмамдаған бойда туған жерге оралып, жұмысқа кірісіп кеттім, – деген Ерболат Омаров сол 1988 жылдан бері Бесүй ауылында тұрып жатқанын айтады.

Қызметін қатардағы маман болып бастаған кейіпкеріміз еңбекқорлығының арқасында көп ұзамай мал шаруашылығының бригадирі атаныпты. Кейін Семей зооветеринарлық институтына түсіп, білімін де жетілдірген екен. Сондықтан бизнеске дайын адам болып келдім дейді кәсіпкердің өзі.

Бүгінде «Қаражал» – ең шалғайда орналасқан шаруашылықтардың бірі. Қожалық таулы аймақта орын тепкен. Бұл жайттың жұмыста да белгілі бір қиындықтар туғызатыны рас. Мұндайда еңбек қауіпсіздігі деген сөз тіркесінің мән-мағынасы еселеп артады. Сондықтан да шаруашылықтың механизаторлары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды әдетке айналдырған. Мұны Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы Ерасыл Мұхтаров та айтуда.

– Аталмыш шаруа қожалығының басшылығы жұмыс барысында барлық талаптың орындалуын мұқият қадағалап отырады, қажетті құжаттаманы жүргізіп, нақты жағдайды бүкпесіз ашық көрсетуге тырысады. Өйткені кез келген жағдайда адамның өмірі мен денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс екенін түсінеді, – деп атап өтті Ерасыл Мұхтаров.

Міне, осындай жұмысшыларының қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын қожалықтың ісінің де алға басуы заңдылық. Уақыт өте келе Ерболат Омаровтың кәсібі дөңгелеп, нәтиже бере бастайды. Қожалық жаңа жерлер мен техника сатып алып, тың бағыттарды игеруге кіріскен.

– Алғашында бидай, қарақұмық, сұлы мен күнбағыс өсіріп, тек өсімдік шаруашылығымен айналысқан болсақ, уақыт өте келе мал шаруашылығына да бет бұра бастадық. Онсыз ауылда өмір сүру мүмкін емес. Себебі егін шаруашылығымен жыл он екі ай айналыса алмайсың. Сондықтан біз ірі қара малын өсіріп, бордақылауға күш салдық. Қазір Катонқарағайдың ауылдарына ғана емес, көршілес аудандарға да саудалаймыз, – дейді Е.Омаров.

Өткен 15 жылдай уақыт ішінде шаруашылықтың көлік паркі де айтарлықтай жаңарыпты. Қазір «Қаражалда» егіс кешені, комбайн, трактор мен өзге де заманауи техниканың түр-түрі бар. Шаруа қожалығының аумағынан қазіргі заманғы техникамен жабдықталған базаны да, астық өсіріп, жинауға арналған аппараттарды да табуға болады.

– Біз жұмыста жоғары сұрыпты тұқымдарды қолданамыз, өсімдіктерді арамшөптерден қорғау үшін гербицидтердің көмегіне жүгінеміз. Бірақ та мұның барлығын қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып қана жасаймыз, – дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ шаруа қожалығының басшылығы қол астындағы жұмысшыларының әл-ауқатын жақсартуға да айрықша мән береді. Мәселен, жұмысшылар арасында салауатты өмір салты насихатталып, тұрақты түрде спорттық іс-шаралар өткізілетін көрінеді.

Белгілі болғандай, шаруа қожалығы Новополяковка орта мектебіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, осыдан біраз бұрын білім ордасына күрес кілемін сыйға тартыпты. Бұл бағыттағы жұмысымызды алдағы уақытта да жалғастыра береміз, дейді қожалық басшылығы.

– Сондай-ақ жұмысшыларымызды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге жіті көңіл бөлудеміз. Себебі ас – адамның арқауы ғой. Біздің ферманың асханасында келушілерге дәмді, пайдалы, арзан әрі қауіпсіз тағамдар ғана ұсынылады, – деген Ерболат Омаров туған жерге шама-шарқынша көмек көрсетуге дайын екенін жасырмайды. – Мен осы жерде туып-өстім. Балаларым да, немерелерім де, жақындарымның бәрі осында тұрады деуге болады. Бәріміз де туған жерімізді жақсы көреміз. Сондықтан оған қамқорлық жасауды парызымыз деп білеміз.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button