Қоғам

Қараусыз қалған үйден қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды

Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Өскемен қаласының тұрғын емес үйлерінің бірінен заңсыз сақталған қару-жарақ пен оқ-дәрілер тапты.

Департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары нөмірлері өшірілген 7,62 мм калибрлі наган маркалы ойық тапаншасын, оған 7,62 мм калибрлі 188 патронды, ТОЗ 34 ЕР аңшылық мылтығының оқпанын, Ф1 граната корпусын, аңшылық мылтықтың 20 калибрлі 12 патронын, сондай-ақ 4 сигналдық зымыранды тапқан.

Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Баллистикалық сараптама нәтижелері бойынша тапанша жауынгерлік деп танылды, ал патрондар оқ атуға жарамды екені анықталды.

-Облыстық полиция департаменті өңірде “Қару тапсыр” акциясы өтіп жатқанын естеріңізге салады, оның аясында заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Қару мен оқ-дәрілерді ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың техникалық жай-күйіне байланысты оның әрбір бірлігі үшін республикалық бюджеттен 10-нан 100 АЕК-ге дейінгі сомада төлем төленеді. Қаруды тапсыру үшін кез-келген полиция бөліміне өтініш білдіріп немесе 102 нөміріне қоңырау шалу қажет, – деп түсіндірді департаментте.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button