Экономика

Карантиннің кесірінен  шығынға батты

       Былтыр өңірімізде «Nur Otan» партиясының бастамасымен «Мектеп асханаларын жаңғырту» қанатқақты жобасы қолға алынған болатын. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобаға қатысқан кәсіпкерлер елдегі карантин салдарынан шығынға ұшырадық деп отыр.

Өскемендегі Талдау және болжау орталығында шағын бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі аймақтық сараптамалық топтың жетекшісі Елена Березинская-Абилова, облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов,  Кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Галина Казанцева және кәсіпкерлердің қатысуымен өткен жиынға осы мәселе арқау болды.

Бірнеше ай бойы бизнесі тоқтаған кәсіпкерлер жұмысшыларына еңбекақы төлеу үшін өздерінің мүлкін сатудан басқа амал жоқ дейді.

Мәселен, облыс орталығындағы №37 мектептің асханасын жалға алған кәсіпкер Яна Радякина мектеп асханасын жөндеуге 27 миллион теңге жұмсаған. Коронавирусқа байланысты оның бизнесі мектеп оқушылары карантинге шыққан наурыз айынан бері жеті ай бойы тоқтап тұр. Несиені былай қойғанда, жеке кәсіпкер қол астындағы жұмысшыларына жалақы төлей алмай қалды. Соның салдарынан асхана қызметкерлерінің көпшілігі өз еркімен жұмыстан кеткен. Карантин кезінде кәсіпкерлердің несие төлемі тек екі айға ғана кейінге шегерілген. Ал жұмыс жеті айдан бері тоқтап тұр.

Бұған дейін басқа кәсібім бар еді. Қоғамдық тамақтандыру саласы, бірақ мектепте емес. «Мектеп асханаларын жаңғырту» мемлекеттік-жекеменшік серістестік аясындағы жаңа жобаға қатысу үшін өз бизнесімді сатып жібердім. Бірақ жобаға қатысуға қаражатым жетпегендіктен, несие алуыма тура келді. Енді сол несиені уақытында қайтару үшін жеке мүлкімізді сатуға мәжбүр болдық. Кейбір мамандарды ақысыз демалысқа жіберуге тура келді, өйткені жұмыс тоқтап қалды. Сақтау мерзімі өткеннен кейін алдын ала сатып алынған азық-түліктеріміз де жарамсыз болып қалды. Мектеп асханаларын жалға алып отырған барлық кәсіпкердің қазіргі жағдайы осы. Бірақ біздің мәселемізге ешкім құлақ асар емес,дейді кәсіпкер Яна Радякина.

Кәсіпкерлер тарапынан «мемлекет қаржыландыратын көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына ыстық тамақты немесе азық-түлікті үйіне апарып берсек» деген ұсыныс та болды. Оған Өскемен қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Абзал Мәулетханов: Бұл заңға қайшы. Мәселен, мектепке келмей, ауырып қалған баланың үйіне асханадан тамақ апарып бермейсіз ғой. Мектептегі тегін тамаққа деп қарастырылған, бірақ карантинге байланысты үнемделген қаражатқа аталған санаттағы отбасылардың оқушы балаларына ноутбук, роутер сияқты қашықтан білім алуға қажетті құрал-жабдықтар таратылды,-деп жауап берді.

Қазірге дейін осы үнемделген қаражат есебінен өңірдегі он мың балаға роутер және интернет трафигі оқу жылының соңына дейін жететін сим-карталар берілген.

Біздің мемлекеттік органдар күнделікті өмір ағысымен жүруге дағдыланған. Қандай да бір өзгерістер енгізуге құлықсыз. Біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік келісімшартына қол қойғанда осындай жағдайға түсерімізді білмедік. Карантин тек бізде емес, бүкіл әлемде енгізілді. Бірақ Германия, Франция елдерінде мұндай мәселе болған жоқ. Ал бізде бюджеттің мүмкіндігі жоқ деп отыр,дейді мәселеге қатысты ойын білдірген Кәсіпкерлік қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Галина Казанцева.

Айта кету керек, елімізде шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан грант беру, карантин кезінде салықтық жеңілдіктер жасау, жалдау ақысын уақытша тоқтату сияқты көмектер де жоқ емес. Алайда дәл осы мектеп асханаларын жалға алушы кәсіпкерлерді қолдау тетіктері қарастырылмапты.

Жиын барысында кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдаған уәкілетті органдар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы қанатқақты жобаға қатысып, көптен бері жөндеу көрмеген мектеп асханаларын жаңғыртуға атсалысқан кәсіпкерлердің бұл мәселесін оңтайлы шешу үшін алдағы уақытта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетеді деп сенеміз.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button