Форум

Қаралы тарих әлі де зерттеле береді

Жылжып аққан жылдардың жылғасында қалған қайғы-шердің ауырын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары арқалап кетті. Дәл осы бір өткен тарихқа тағзым жасап, өскелең ұрпаққа өнеге көрсету бәрімізге парыз. Осыны ескерген ел Президенті 2020 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері бұл тақырыптың сүрлеуіне түскен зерттеушілер тереңдете зерделеп келеді.

Архивте сақталып, қағазда хатталып, бүгінге жеткен тарихты тереңдете зерттеуге арналған шаралардың бірі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да өтті. Осы бір қаламұшынан қан болып сорғалаған тарихтың қатпарындағы ақиқат жыл өткен сайын ашылып келеді. Кесірлі кеңес заманындағы кесапатты жылдар туралы: «ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең… Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелгені есімізде. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды», – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Президент Жарлығының нәтижесінде архивке көмілген тарихтың көмескі тұстары ашылып, ақиқат алға шықты. Оған Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да өткен «Қағазда қалған халықтың қайғысы» атты тарихшы-өлкетанушылар форумында тағы бір мәрте көз жеткізіп, тарихи деректерге толы баяндамаларды тыңдап қайттық. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасы аясында шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Жарлығына орай өңірлік комиссия құрылған болатын. Архивтегі құжаттарды зерттеу, зерделеу, өзге де мәліметтер жинастыру бойынша 22 сарапшыдан құралған 6 топ жұмыс істеп жатыр. Сол бір сүріңкей заманда себепсіз атылып, ашаршылық көргендер тарихын зерттеу жұмысы осы бағытта жалғаса беретін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы Дархан Сапанов.

Зерттеуші ғалымдармен бірге атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі конференция барысында баян етілді. С.Аманжолов атындағы оқу орнының төрінде өткен жиынға онлайн қатысып, ой қосқан ғалымдар да болды. Шараның онлайн қонағы ретінде Ресей ғылым академиясы Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д Наталья Аблажей қатысып, Ресей және посткеңестік елдердің мұрағат қорларындағы кеңестік қуғын-сүргін жөніндегі құжаттар жайын тілге тиек етті.

 – 1921-1953 жылдар аралығында Кеңес одағы бойынша 11-12 миллион адам қуғын-сүргін құрбанына айналды. Олардың 4,5 миллионы сотталып, 6,5 миллиондайы жер аударылды. Жалпы алғанда саяси қуғын-сүргін жылдары 30 миллионнан астам адам зардап шекті. 1953 жылдан кейін ақтау басталған болатын, бүгінгі таңда ол өзгеше бағытта жалғасын тауып келеді, – деді Наталья Аблажей.

Өзге ғалымдар да бұл тақырып төңірегіндегі өзекті деректерді баяндамаларына арқау етіп, зұлмат жылдардың оқиғасын жан-жақты тарқатып айтты. Сондай-ақ форум барысында мұрағаттық зерттеулерді дамытудың өзекті мәселелері, тарихи зерттеулердегі цифрлық технологияларды дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары да талқыланады.

Форумға қатысқан облыстың цифрландыру және архивтер басқармасы «Мемлекеттік архив» КММ директоры Самат Нұрланұлы Президент тапсырмасына орай үш жыл ішінде бірқатар жұмыс атқарылып, әлі де ақталмаған құрбандардың деректік базасы құрылғанын айтты. Осыдан кейін форумға қатысқан зерттеуші ғалымдар мен қонақтар «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін» тақырыбындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғылыми-зерттеу жұмысының тұсаукесеріне қатысып, қуғын-сүргін құрбандарының тарихына тағзым жасады.

Осылайша, тарихтың тереңіне бойлаған зерттеуші ғалымдар форум барысында қағаз бетіндегі қайғы-шерді бір тарқатып алды. Жиынға жиналған жұрт бұл тақырыптың әлі де тереңдей зерттеліп, ақиқаты ашылатынына сенім артып қайтты.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Back to top button