Театр

«Қар қызы» сахналанды

Мейрамтай Иманғали

 Облыстық драма театрының сахнасында тағы да жаңа бір туындының тұсауы кесілді. Бұл жолы Алтайдың асқақ жазушысы, жерлесіміз Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» драмасы көрерменге жол тартты. Қойылым қаламгердің 80 жылдық мерейтойына арналып отыр.

 Қойылым сиыршы шалдың домбыраның қоңыр үнімен Қар қызы туралы хикаятты баяндауынан басталады. Қар қызы.  Ол  мынау сұп-суық өлкеде сыңсытып ән салатын ару қыз ғой… Залдағы көрермендердің де Қар қызына деген ынта-ықыласы ерекше екенін байқап отырмын. Көрерменнің бар үміті – Қар қызында. Көңілде кақаған қыста   ауыл басшысының бұйрығымен шайғайдағы ауылдан шөп әкелуге аттанған үш бірдей жас жігіттің жанына Қар қызы арашашы болар деген үміт те жоқ емес. «Адасқанды жолға салар» дейміз іштей. Тіпті бір сәт  Қар қызының адамның жанын тербейтін мұңға толы сыңсыған әнін тыңдағымыз келетіндей. Әйтеуір көңілде бір үміт бар… Үміттің сол бір нәзік жібі қойылымның соңына дейін жетелеп отырды.  Бірақ қойылымның соңында Қар қызы олардың ешқайсысын да құтқарып қала алмады.  Қар қызы қандай сұлу болса, сондай суық… Қол-аяқтарын үсік ұрған үш жігіттің үшеуі де жер жастанады. Көрерменнің көкірегінде ащы өксік қалғандай. Жастарды жолдан адастырған кержақ шал  Қоңқайды  немесе Қар қызын  кінәларын білмей екі ұдай сезімді бастан кешеді.  Жазушының өзінің шығармасында оқиға сәтті аяқталғанымен, бұл қойылымның соңы өкінішпен тәмамдалады. Неге? Біз мұның себебін қойылымның қоюшы режиссері Дина Жұмабайдан сұраған болатынбыз.

Менің пікірімше, мынадай 40 градустық қақаған аязда, бір түннің ішінде адамның өліп кетуі әбден мүмкін. Логикаға салсақ та солай екені рас.  Режиссер ретінде мен аса күрделі өзгеріс жасаған жоқпын. Тек  оқиғаның соңын ғана өзгерттім. Өйткені  көрермен осы нұсқаға иланатын секілді, – дейді қоюшы режиссер Дина Жұмабай.

Айтуынша,  шығарманың өзінде бірнеше параллель сызық бар. Әр режиссер оқиғаны әр қырынан көреді. Бір режиссер  Қар қызының оқиғасына ерекше мән беруі мүмкін. Ал екінші режиссер  Қоңқай шалды басты қазық етіп алуы ғажап емес. Ал режиссер Дина Жұмабай адам мен табиғаттың арасындағы айқасқа ерекше мән бергенін айтады.    Бұл да –үлкен философия. Адам бәрібір табиғаттың алдында дәрменсіз. Адамның табиғатты жеңуі ешқашан мүмкін емес.

Ең басты біздің міндетіміз – көрерменге әсер ету, ой салу. Көрермен театрдан оймен кетуі керек. Театрдың ең басты мақсаты да осы ғой. Бұл катарсис деп аталады, – дейді режиссер.

Қойылымда суретшінің жұмысы сәтті шыққанын айта кеткен орынды. Әсіресе сахнадағы айна көрерменнің назарын  өзіне ерекше аударады.

– Идея менікі. Неге айна дейсіз бе? Өйткені «Қар қызы» – мистикалық образ. Міне, сондықтан да айнаға акцент бердік. Айна – екі өмірдің белгісі,  мына жақтағы өмірден бөлек айнаның ар жағында да өмір бар, – дейді Дина Жұмабай.

Дина Жұмабай Көкшетаудың тумасы көрінеді.  2011 жылы Астана қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясын бітіріпті.  Танымал театр және кино әртісі Ләйлә Бекназар – Ханинганың шәкірті. Бүгінде Алматыдағы   Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері. Өзінің айтуынша,  Қазақстан бойынша барлық театрда қойылым қойған көрінеді. Бір атап айтарлығы, Дина бұл қойылымды арнайы шақыртумен келіп сахналапты.   «Қар қызы» – оның Шығыс Қазақстан драма театрындағы алғашқы жұмысы.  Театр актерлері шығарманы сахналауға бір айдан астам уақыт дайындалған екен.

Жалпы театр актерлерінің әлеуеті бар, бірақ әлі де еңбектенуі  керек. Әсіресе  шығарманың психологиялық тұстарына мән берсе деймін. Образды әлі де өте көп зерттеген, кейбір сәттерді пысықтаған жөн, – дейді режиссер Дина Жұмабай.

Оралхан Бөкей  өзінің бір естелігінде «Қар қызы» повесі туралы да айтады. Жазушының айтуынша, мұндағы Нұржан – өзінің бейнесі. Сол естелігінде: «Менің “Қар қызы” деген повесім бар. Оның қысқаша мазмұны мынадай: ауылда мал азығы таусылып қалады да, үш жігітті тым шалғайдан трактормен шөп әкелуге аттандырады. Әкелері соғыста өлген, өздері соғыстан соң туған үш жігіт ДТ-54 деп аталатын трактормен 40 градус суықта, діттеген жеріне жете алмай қар шағылдардың арасында адасады, қар тұтқынында қалады. Сөйтіп, өмір мен өлімнің екі арасындағы мәңгі аяқталмас майдан басталады. Суыққа үсіп, ұйқы меңдеп енді-енді өлейін деп жатқанында повестегі бас кейіпкер Нұржанды Қар қызы келіп оятады. Олардың тірі қалуына себепкер болған – сол аңызға айналған Қар қызы. Ондағы Нұржан – өзім. Бұл болған оқиға, мектеп бітірген соң көп жыл тракторист болып істегенмін. Әрине, Қар қызын түсімде ғана көрдім, сыңсып салған әнін естігендей болғанмын. Бір ойдан оқушы бұл оқиғаға сенбеуі де мүмкін, ал мен сенемін» дейді жазушы.

Шығарманың алғашқы нұсқасы 1977 жылы жазылыпты. Бірақ кейін қайта өңделіп, 1984 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағына еніпті.

Қалай десек те, қаламгердің 80 жылдығына орай сахналанған жаңа қойылымның көрермен үшін үлкен олжа болғаны рас. «Қар қызы» қойылымының әлі талай қаншама көрерменге ой салары анық.

 

 

 

 

Back to top button