«Еріксіз емші»
Мейрамтай ИМАНҒАЛИ
Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жанындағы Жастар театры француз комедиографы Жан-Батист Мольердің «Еріксіз емші» қойылымын сахналады. Комедия 17-ші ғасырдағы көшпелі театр стилінде қойылды.
Пьесадағы басты кейіпкер Сганарель – қарапайым ғана ағаш кесуші. Бір қарағанда ақкөңіл, аңқылдақ жан көрінгенімен, маскүнемдігі мен әйелқұмарлығы бар. Кейде әйелі Мартинаға қол көтеріп, сабап та алады. Ал байғұс әйел күйеуінен кек алуды ойлайды. Бірде Мартина Жеронт байдың мылқау қызына дәрігер іздеп жүрген екі адамды кездестіріп қалады. Әлгі екеуін күйеуінің керемет емші екеніне сендіреді. Сөйтіп, қарапайым ағаш кесуші аяқ астынан «емшіге» айналып шыға келеді…
Шығарманың өн бойы әзілге құрылғанымен, астары терең. Күлкінің астарында ащы ақиқат жатыр. Мұны қойылымның режиссері Абай Дәулетұлы да жақсы айтты.
Менің бұл пьесаны таңдауымның себебі, біріншіден, бұл – классика. Комедия болғанымен, астарындағы мәселелер әлі күнге дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Біріншіден, комедияда әлеуметтік теңсіздік мәселесі бар. Бай мен кедейдің құдаласуына қырын қарау біздің қазақ қоғамының ғана проблемасы емес, 17 ғасырда Еуропада да болған. Бұл мәселе қазір де бар шығар деп ойлаймын. Комедияда Жеронт бай қызы Люсинданы кедей жігітке бергісі келмейді. Ал ғашықтар бірінсіз бірі тұра алмайды. Әкесіне наразылығын білдіру үшін қызы «мылқау» болуға мәжбүр. Екіншіден, әр адам өз кәсібімен айналысуы, «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген мәселе жатыр. Сондай-ақ бұл комедиядан отбасылық зорлық-зомбылық, жемқорлық мәселесін де байқауға болады. Қазіргі күні де өтірік емшілердің кесірінен қаншама адам қайтыс болып жатыр. Ал комедияның формасын он жетінші ғасырдағы көшпелі театр стиліне барынша жақындатуға тырыстым. Ол кезде Дель арте комедиясы деген көшпелі театр болған. Қойылымды да сол стильде жасап, сол дәуірдің атмосферасын көрерменге сезіндіргім келді, – дейді қойылымның қоюшы-режиссері Абай Дәулетұлы.
Пьесада барлығы 12 адам ойнайды. Орын саны да шектеулі, небары 80 адамға арналған. Көшпелі театр стилінде болғандықтан көрермен қойылымды театрдың залында емес, сахнаға қойылған орындықтарда отырып тамашалайды.
Жалпы, «Еріксіз емші» Абайдың режиссер ретінде сахналаған төртінші қойылымы екен. Бұған дейін көрерменге Абай Дәулетұлы «Өмір-өзен», «А.Л.Ж.И.Р, «Әйел махаббаты» атты шығармаларын ұсынған.
– Комедияның кем-кетік тұстары болса, әлі де жетілдіруге болады. Өсуге, жетілуге ешкім шек қоймайды, – дейді Абай Дәулетұлы.
Актер үшін үлкен, кіші рөл болмайды. Барлық рөл еңбектенуді талап етеді. Бас кейіпкер Сганарельдің образын сомдау маған оңай болды деп айта алмаймын. Комедия болғанымен, мұнда қоғамның өзекті мәселелері бар. Біздің де міндетіміз – көрерменді күлдіріп отырып ойландыру, – дейді Жастар театрының актері Ақжол Сақанов.
Жалпы, қойылымның суретшісі Айбек Самарқанов жасаған сценография да, Шота Чоговадзе жасаған сахналық костюм үлгілері де сол заманның көрінісінен сыр шертіп тұр деуге болады.
Жастар театрының көркемдік жетекшісі Едіге Ақылбек алдағы уақытта М.Әуезовтің «Көксерек» туындысын сахналайтындарын айтады.