ТағзымТОП

Қаңтар құрбандарына құран бағыштады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов 5 қаңтар күні Өскемендегі «Халифа Алтай» мешітінде болып, Қаңтар оқиғасының құрбандарын еске алды.

Сондай-ақ облыс әкімі қаза тапқандардың отбасыларымен, туыстарымен кездесті. Сол күні мешітте ас беріліп, Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағышталды. Бұл туралы аймақ басшысы өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазды.

Сонымен қатар осы күні Қаңтар оқиғасында қаза болған үш адам – Қуаныш Қабылқанов, Жолжарық Есенжолұлы және Айдос Алдашовтың туған-туыстары қаланың орталық алаңында еске алу рәсімін өткізді. Қаңтар құрбандарының жақындары алаңға марқұмдардың суреттерін, оларға арналған өлең жолдары жазылған тақтайшаларды және гүл шоқтарын қойды. Жақынынан айырылғандар кінәлі адамдардың әлі табылмағанын айтады, қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатыр.

Осыдан тура бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газ бағасының өсуінен туындаған наразылық бірқатар ірі қалалардағы шерулерге ұласқан еді. Өскемен тұрғындары да орталық алаңға жиналып, әлеуметтік талаптар қойған. Кейін бейбіт жиын жаппай тәртіпсіздікке ұласып, үш адам оққа ұшқан болатын.

Өткен жылдың тамыз айында республиканың Бас прокуратурасы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың тізімін жариялады. Жалпы ел бойынша 238 адамның мерт болғаны анықталды.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button