Білім

Қанипа атындағы олимпиада өз мәресіне жетті

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Өскеменде дәуірдің дара ұстазы Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінің республикалық олимпиадасы өз мәресіне жетті.  Олимпиадаға өңірлік айналымнан өткен  250-ден астам 9-11 сынып оқушысы қатысты.  

Көзі тірісінде-ақ қазақтың Хан апасы атанған ұлағатты ұстаз атындағы бұл олимпиада Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатыр. Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдерін тереңдету және жетілдіру, оқушыларды ұлттық мәдениетті, дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту. 2-4 мамыр арасында Өскемен қаласында өткен  олимпиадаға республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мектептерден 250-ден астам  9-11 сынып оқушысы қатысты. Барлығы да – олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары. 2 мамырда «Ертіс-концерттің»   залында өткен шараның ашылу салтанатында оқу-ағарту министрі Ғани  Бейсембаевтың арнайы құттықтау хаты оқылды.

Қанипа Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетінің олимпиадасы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы айналымда қатысушылар эссе жазса, екінші айналым ауызша өтті. Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті бойынша сауалдарға жауап беріп, Қанипа Омарғалиқызының өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық  мұрасы және публицистикалық еңбектері бойынша білімдерін ортаға салып, бақтарын сынады.

Олимпиаданың жабылу салтанатында оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев құттықтау сөз сөйледі.

–Баршаңызды Оқу-ағарту министрлігінің атынан Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімімен құттықтаймын. Туған еліміздің асыл сөзін, мұраларын өз шәкірттерінің санасына ұялатып, ұлы Абай мен Мұқтардың  ұлылығын дәріптеген Қанипа апамыздың қазақ педагогикасындағы орны, әрине, ерекше. Қанипа апамыз  өмірінің соңғы жылдарында жазған «Егіз өрім» атты кітабында «Осы 45 жылда мен халқымның қазір өмірде жоқ асыл иелерін тірілтіп және ұлы істерін ұлағаттап, тер төктім» деп жазған екен. Бүгінде, міне, Қанипа апамыздың көптеген шәкірттері мен әріптестері  ұстаздың ізін жалғастыруда.  Міне, бүгін олимпиада өз мәресіне жетті. Қымбатты  балалар, баршаңызды бүгін жеңімпаз деп есептеймін. Өйткені республикалық деңгейде өткізіліп жатқан олимпиадаға қатысудың өзі   үлкен жеңіс. Алға қойған мақсаттарыңа жете беріңдер, болашақта сендер қазақ тілінің өркендеуіне өз үлестеріңді қосатындарыңа сенемін, – деді Жомарт  Карамбаев.

Қанипа Бітібаеваның туған сіңлісі Бақытжан Омарғалиқызы бірқатар олимпиадаға қатысушыларға Бітібаевтар әулеті атынан арнайы сыйлықты табыс етті.

  • Сайыс болғаннан соң, әрине, жеңімпаз болуы керек. Десе де сіздердің шырайлы Шығысқа, Хан апаның туған жеріне келулеріңіздің өзі бір үлкен қуаныш, әдемі естелік. Мен сіздердің әрқайсыларыңыздың өз ауылдарыңызға үлкен көңіл күймен оралғандарыңызды қалаймын. Қанипа Омарғалиқызының туған топырағынан нәр алдық деп үлкен мақтанышпен барса екен деп тілеймін, – деп тебірене сөйлеген Бақытжан Омарғалиқызы осынау шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Оқу-ағарту министрлігіне, республикалық, өңірлік «Дарын» орталықтарына, Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернаты ұжымына үлкен алғысын жеткізді.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары және республикалық «Дарын» ғылыми-педагогикалық орталығының грамоталары табыс етілді. Сондай-ақ олимпиаданың екі жеңімпазы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің грантына ие болды.

 

 

Осы айдарда

Back to top button