Кандидаттарды қандай ұйымдар ұсына алады?
Айжанат Бақытқызы
Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың өзін-өзі ұсынуы азаматтардың тиісті округтік сайлау комиссиясына осы бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша кандидат ретінде сайлауға түсуге өтініш беру жолымен жүргізіледі. Бұл туралы Талдау және болжау институтында өткен жиында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев айтып өтті.
Ерсайын Нәбиевтің айтуынша, «Сайлау туралы» заңға сәйкес, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ егер тиісті өкілеттік жарғыда көзделген жағдайда олардың құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) және азаматтар өзін-өзі ұсыну жолымен ұсына алады.
Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайлау үшін партиялық тізімге енгізілген адамның бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылуға құқығы жоқ.
Саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) кандидатты ұсынуы тиісті округтік сайлау комиссиясына жоғары басшы органның хаттамасынан үзінді көшірмені, құрылымдық бөлімшелердің ұсыну құқығын растайтын жарғыдан үзінді көшірмені азаматтың ұсынуға келісімі туралы өтінішімен бірге жіберу арқылы жүргізіледі.
Саяси партияларды қоспағанда, қоғамдық бірлестіктер немесе оның құрылымдық бөлімшелері (филиалы мен өкілдігі) осы қоғамдық бірлестікке мүше болып табылмайтын адамдарды да кандидат етіп ұсынуға құқылы.
Қоғамдық бірлестік және оның құрылымдық бөлімшесі әрбір сайлау округінде Парламент Мәжілісінің депутаттығына бір ғана кандидат ұсына алады.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну туралы шешім қоғамдық бірлестіктің, оның құрылымдық бөлімшесінің жоғары басшы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмемен рәсімделеді.
– «Сайлау туралы» заң тармағы Парламент Мәжілісі депутаттығына әрбір кандидаттың бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша тіркелгенге дейін және оның талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының шотына республика заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізу міндетін белгілейді. Ал мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау жарнасы ең төменгі бес жалақыны құрайды. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат Парламент Мәжілісінің депутаты немесе мәслихат депутаты болып сайланса немесе сайлаушылардың кемінде бес пайыз дауысын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда, енгізілген жарна қайтарылады, – деді Ерсайын Нәбиев.