Сайлау-2023

Кандидатар өңір-өңірді аралап жүр

Мәжіліс депутаттығына кандидат Асхат Аймағамбетов Алматыда сайлаушылармен бірқатар кездесу өткізді.

Кандидат алдымен жастармен жүздесті, партияның жастар саясатын қолдауға бағытталған сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Қала жастарының мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, емен-жарқын әңгімелесті.

– Кей жастар масылдыққа, жалқаулыққа бой үйретіп алды. Бұл заман – білекке емес, білімге сенетін заман. Қоғамды президент, депутат, билік өзгерту керек деген түсінік қалыптасқан. Алайда сол өзгеріске өзіміз атсалыспасақ, біз күткен өзгеріс орнамайды, – деді ол.

Кандидат Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта партия бағдарламасын түсіндіріп, ұжымның ұсыныс-пікірін, мәселелерін тыңдады.

«Ауыл» партиясынан Мәжіліске кандидаттар Ақтөбе облысына барды.

Серік Егізбаев, Ерболат Саурықов, Болатбек Қыстауов, Ілияс Досқожаев «Айбек» ауыл шаруашылығы кооперативі ұжымымен кездесті.

– «Ауыл» партиясының мақсаты – шаруашылық өнімдерін өңдеп, сауда-саттық орындарына делдалсыз жеткізу. Қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдап, олардың өнімдерінің шетелге саудалануына жағдай жасау керек, – деді кәсіпорын ұжымы алдында сөз алған Ерболат Саурықов.

«Ауыл» партиясы Мәжіліске барғанда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін әлеуметтік аударымдардан басқа салықтың барлық түрін жоюды, еңбек адамының мәртебесін көтеруді мәселе ретінде көтермек.

Respublica партиясының жетекшілері мен кандидаттары Екібастұзға барды.

Мұнда партиялықтар өткен жылдың соңында жылусыз қалған тұрғындармен тілдесті.

Партиялықтар жергілікті тұрғындармен жеке сөйлесіп, түйткілді мәселелер туралы жан-жақты білу үшін ондаған пәтерді аралады.

Әкімдік кейбір қала тұрғындарына жеңіл жөндеу жұмыстарына көмектескен. Қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған жанашыр азаматтарға алғыстары шексіз.

– Қиын кезеңде Respublica-лықтар да қалаға көмектескен болатын. Мен Екібастұзға бір жүк жылытқыштар мен көрпелерді жеке өзім жібердім, – деді партия жетекшісі Айдарбек Қожаназаров кездесу барысында.

Мәжілісі депутаттығына ҚХП атынан кандидаттар ел өңірлерінде сайлаушылармен кездесті.

Мәжіліс депутаттығына кандидат, партия төрағасының орынбасары Александр Милютин Абай облысындағы Ұлттық ядролық орталық ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Алматыда Мәжіліс депутаттығына кандидат Гүлбазар Медиева Д.Қонаев атындағы институт ұжымымен кездесіп, ғалымдар мәртебесін көтеру, кадр даярлау мәселесін тілге тиек етті.

Партияның Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Талғат Төремұратов Шалқар өңірінің тұрғындарына партия туралы айтты.

Партия мақсаты – елдің билігі мен байлығы Қазақстан халқына тиесілі әділетті қоғам құру!

«Байтақ» жасылдар партиясынан Мәжіліске кандидаттар Астана тұрғындарын ауызсумен толық қамту мәселесін көтерді.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясына барған «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Азаматхан Әміртаев пен Айтуар Туғанбеков ұжым мүшелерімен бірге ауызсумен қамту және су сапасын жақсарту жайын талқыға салды.

Басқосу барысында үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Алдағы жылдары елордада ауызсу тапшылығының айқын сезілу қаупі бар.

Қазірдің өзінде қала маңындағы тұрғындар су жетіспеушілігін айтып, дабыл қағуда. Түйткілдің түйінін тарқату үшін тағы бір су көзі қажет.

«Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Павлодар облысына барды.

Штаб мүшелері Берік Дүйсембинов, Дмитрий Васильев облыстағы «Мерусарии және К» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

«Ақжолдықтар» партия бағдарламасын таныстырып, жемқорлықпен күрес, парламенттік республикаға көшу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ несиенің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, жұмыссыздық, салалық ҚҚС мөлшерлемесі, оффшорлардағы қаржыны қайтару, инфляциямен күрес және үй бағасының қымбаттауына қатысты мәселелер көтерді.

Кандидаттар жиналғандарды 19 наурыз күні сайлау учаскелеріне келіп, сайлау бюллетеньдерін толтырып, өз таңдауларын жасауға шақырды.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиядан Мәжіліс депутаттығына кандидат Нұрайнаш Камалова Атырау өңірінің тұрғындарымен кездесті.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиядан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына бірмандаттық аумақтық округ бойынша кандидат Нұрайнаш Камалова «Атырау Нефтемаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен үгіт-насихат кездесуін өткізді.

Депутаттыққа кандидат сайлаушыларды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сондай-ақ өз сөзінде несие мөлшерлемесін төмендету қажеттілігін атап өтті.

Іс-шара барысында кандидат тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Осы айдарда

Back to top button