Білім

Камышенка мектебі мұражайымен мақтанады

Камышенка мектебі мұражайымен мақтанады


Бородулиха ауданындағы Камышенка ауылының мұғалімдері өздерінің мұражайымен мақтанады. Олар тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда жабылып қалған ауыл мұражайының жәдігерлерін шашау шығармай мектепке көшіріп, оларды сақтап қана қоймай, көбейтіп, өскелең ұрпаққа өңір тарихын үйретіп келеді.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары жер-жерлерде мәдениет үйлері, кітапханалар, мұражайлар жабылып жатты. Өкінішке қарай жырақтағы Камышенка ауылындағы өлкетану мұражайы да осы сойқаннан қашып құтыла алмады. Жергілікті мектептің ұстаздары музейдегі бірегей экспонаттарды сақтап қалу мақсатымен оларды мектеп ғимаратына көшіріп алады. Қазір бұрынғы мұражай үйінің орны да жоқ екен. Жұрт кірпішін бұзып әкеткен. Ал сондағы жәдігерлер мектептің бір бұрышында сақталып тұр. Сақталып қана қоймай, олардың қатары жыл санап толығып келеді. Туған жердің өткен тарихына деген құрмет деп осыны айтуға болады. Ұстаздар бізге мұражай ішін көрсетіп, әрбір заттың тарихынан сыр шертті. Мұндағы ең қызықты жәдігердің бірі сонау 19 ғасырда жасалған тоқыма станогы екен. Бұрындары осы өлкеге қоныстанған переселендер осындай құралдың көмегімен мата тоқып, одан түрлі киімдер тіккенге ұқсайды. Бір таңғаларлығы, екі жүз жыл болған сатанок жақсы сақталған, оны қазір де пайдалануға әбден болады.

– Көпшілік мұражайлардың тәрбиелік мәніне көп көңіл бөлмейді, жете түсінбейді. «Мың рет естігеннен, бір рет көрген жақсы» ғой. Оқушылар осы жерде біраз уақыттарын өткізеді, өлке тарихынан мол мағлұматқа қанығады. Ауданнан шыққан соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, тың игерушілер, еңбек адамдары туралы көп ақпарат пен құжаттар жиналған. Олардың ғибратты ғұмыры – жастар үшін үлгі-өнеге. Музей патриоттық тәрбие беру, өңір тарихын зерделеу бағытында айтарлықтай істер тындыруда. Біз жыл сайын арнайы «Іздеу» акциясын ұйымдастырып, жер-жерден көне заттарды, тарихи деректерді жинақтаймыз, – дейді бізге берген сұхбатында мектеп мүдірінің орынбасары Ольга Юлдашева.

Камышенка ауылындағы мектепте 122 бала оқиды. Аз, әрине, мектеп ғимараты бұдан көп оқушыға шақталған. Ал біз айтып отырған мектеп музейі – тек осы оқу орнының ғана емес, бүкіл ауылдың беткеұстар, мақтантұтар орны.

Мектеп жанындағы шағын орталыққа 25 бүлдіршін барады екен. Тағы бір атап өтерлігі, осы оқу орны 2017 жылы «Білім беру саласындағы көшбасшы» ұлттық сыйлығына ие болған. Бұл мектепте берілетін білімнің сапалы, ал мұғалімдерінің біліктілігі жоғары екенін аңғартады.

Иә, ауыл мектебі аудан бойынша үздіктер қатарынан ойып тұрып орын алады. Ең бастысы, түлектерінің білім нәтижесі талапқа сай. Былтыр ұлттық бірыңғай тестілеуден камышинкалық оқушылар 82 ұпай жинаған, олардың 75 пайызы жоғары оқу орындарына түсіпті. Екі мұғалім «Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» атағына ие. Тағы қос ұстаз бен бір оқушы «Білім саласындағы үздіктер» үлкен халықаралық энциклопедиясына енген. Бірқатар оқытушылар Ғылым академиясының марапаттарын алыпты. Бұл мектептің оқушылары жыл сайын облыстық және республикалық байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі оралады. Бүгінде осы мектепте сондай сайыстардың 30 жеңімпазы мен жүлдегері білім алуда. Таяуда ғана мектептің екі оқушысы республикалық «Зерде» ғылыми-шығармашылық жобалар конкурсының облыстық кезеңінен сүрінбей өткен екен, енді келесі турға дайындалып жатыр. Бір сөзбен айтсақ, ауылдағы білім ордасы ауданның зияткерлік әлеуетін арттыруға үлкен үлесін қосып келеді.

– Округте ақсақалдар кеңесі, әйелдер кеңесі секілді қоғамдық ұйымдар белсенді жұмыс істеп тұр. Аптасына кем дегенде бір-екі рет бас қосып, өзекті мәселелерді талқылап тұрамыз. Ал осы ауыл мектебінің мұғалімдерімен көптеген өзекті мәселелерді ақылдаса шешіп жүрміз, – дейді ауыл әкімі Құмархан Будумбаев. – Біздің мектепте еріктілер тобы құрылған. Ондағы жастар егде, жалғызбасты адамдардың үйлеріне барып, қолғабыс жасап тұрады, айталық, отынын шауып, көмірін тасып, үйін жөндеп дегендей. Жазғытұрым біздің «тимуршылар» қариялардың картобын салуға, бақшасын баптауға, ауласын тазалауға көмектеседі. Осының бәрі ауыл әкімдігі мен мектеп басшылығы арасындағы қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылғанының айғағы деп білемін.
Ержан ӘБІШ

Осы айдарда

Back to top button