Мәдениет

Камералық театр алғашқы қойылымын ұсынды

Камералық театр алғашқы қойылымын ұсынды

Облыс орталығында театралдар үшін тағы бір ерекше мәдениет ошағы өз есігін айқара ашты. Енді өнер сүйер қауым «Ястребок» камералық театрының өнерімен таныса алады. Қырық орынға шақталған залда көрермен қойылымдарды қолсозым жерден тамашалайды.
Жаңа театр өз шымылдығын Светлана Бартохованың «Шақырылмаған қонақ» атты комедиясымен ашты. Спектакльде бар болғаны екі әртіс өнер көрсетті: театрдың негізін қалаушы Вадим Ястребов пен облыстық драма театрдың әртісі Екатерина Емельянова. Қойылымның қоюшы режиссері Дмитрий Емельянов, музыкамен көркемдеуші Елена Мищенко.
Камералық театрлар өткен ғасырдың басында өте танымал болды және аз ғана көрерменге арналған. Өнердің бұл түрін құрметтеушілерге қолсозым жерде орналасқан сахнада болып жатқан оқиғаларды ап-анық көру, әртістің әрбір қимылы, бет-әлпетіндегі мимикалар тайға таңба басқандай көрініп тұруы ұнаса керек. Сонымен қатар әртістер залда отырғандармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Оларға сұрақтар қойып, кейде биге де шақыра алады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button