ҚоғамТОП

Қалиханның жетістігін әлі ешкім қайталаған жоқ…

Шаңғы спортынан жастар арасында екі дүркін Әлем чемпионы атанған Қалихан Ноғамбаев есімінің соңғы отыз жылдан астам уақытта ұмыт бола бастағаны жасырын емес. Неге? Ойланатын жағдай. Жасырары жоқ, атағы жер жарған саңлақтардың көбі үлкен спортты тастаған соң көзден таса бола бастайды. Қалихан Ноғамбаевтың қазақ жастары арасынан тұңғыш рет әлемдік додада топ жарғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді.

Ол 1983 жылы Италияның Асиаго қаласында жалауы желбіреген жастар арасындағы Әлем чемпионатында жасындай жарқырап, екі рет алтыннан алқа тақты. Өкінішке қарай, қазақ жастары арасынан Қалиханның бұл жетістігін әлі ешкім қайталаған жоқ. Шаңғы спорты қазақтың оң жамбасына неліктен келмейді деген сауал көпті толғандырса керек. Меніңше, бұл жерде шаңғы спортына деген қызығушылық жетпей жатқан сияқты. Спорттың ауыр түріне жататын шаңғымен сырғанауға баулитын спорт мектептері елімізде көп болмаса да бар екенін мойындауымыз керек. Соның бірі – Риддердегі республикалық мектеп-интернат. Оның қабырғасынан Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Алматыда өткен қысқы Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Алексей Полторанин шықты. Риддерде талай қазақ балалары шаңғы, биатлон, басқа да спорт түрлерімен шұғылданады. Келешекте олардың арасынан үздіктер шығады деген ойдамыз.

Қалиханның алтын алқасы жайлы кеңінен айта кеткен жөн болар. Қара домалақ қазақ балаларының шаңғы спортымен мықтап шұғылданатын кезі келген сияқты. Жақында Өскеменде тұратын, қазір кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Қалиханды кездестіріп, сауал қойғанымызда былай деді:

– Шаңғыға деген әуестік ерте басталды. Он шақырым жердегі мектепке шаңғымен баратынмын. Спорттың бұл түрін ерекше ұнаттым. Мектепаралық, аудандық жарыстарда жүлделі орындарды иелене бастадым. Ұмытпасам, 1983 жылы Көкшетау облысының Зеренді ауданында шаңғыдан жасөспірімдер арасында Қазақстанның біріншілігі өтті. Кенді Алтайдың спортшыларын есімі елге белгілі, еңбегі сіңген жаттықтырушы Николай Бажухин бастап барды. Ол – 1971 жылы шаңғыдан республика чемпионы атанған мықты бапкер. Сол кезде Өскемендегі қысқы спорт түрлерінен мектеп-интернатта бапкер болатын. Біздің кейіпкеріміздің талабы мен талантын байқаған спорт мамандары Қалиханды аталмыш мектепке оқуға қабылдаған. Сол күннен бастап Қалихан сенімді ақтауға тырысты, басқа балалар жексенбі күндері тынығып жатқанда Қалихан аяғына шаңғысын іліп, күніне он, он бес шақырымға жүгіретін.

Зерендіге еліміздің оннан астам қалаларынан шаңғышылар келіпті. Сайыс басталар алдында Николай Бажухин шәкіртінің қасына келіп:

– Қалихан, алғашқы алтылыққа іліксең, жарадың. Асықпа, аптықпа. Күшіңді жарыстың соңғы айналымына сақта. Өзім белгі бергенде, «екінші деміңді» алуға тырысарсың, – деді.

15 шақырымдық қашықтыққа 50-ден астам «кілең сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықтылар шықты. Қалиханның бойы аласалау, сидаң жігіт. Байқағандай, қарсыластары одан қауіп күтетіндей емес, мұрындарын шүйіріп қарайды. Қалихан екі кезең тасада болды да, соңғы айналымда барлық күшін салып, қарсыластарын артқа тастай бастады. Сәл кешігіп қалғанын аңғарды. Уақыт жетпеді, сонымен екінші орынмен жарысты аяқтады, бапкері Бажухин бірінші болып шәкіртін құттықтады. Ал келесі күні Қалихан 10 шақырымдық қашықтықта қола медальды иеленді. 16 жасар шаңғышының бұл табысына жерлестері, сыныптастары қатты қуанып, құрметпен қарсы алғаны есте қалыпты.

Талантты жастың болашағынан жерлестері, тавриялықтар зор үміт күтті. Жоғарғы сынып оқушыларымен кездесуде Қалихан әріптестерін шаңғы спортымен шұғылдануға үгіттеді. Сол кезде жерлестерінің жеңісінен шабыттанған талай жас шаңғы үйірмесіне қатысты да.

Қалиханның «жұлдызды» сәті басталды. Бір жылдан кейін Коми Республикасында өткен жастар арасындағы КСРО біріншілігіне алғашқы алтылыққа енді. Бұл – спорт шебері деген сөз. Қалихан шаңғымен еркін сырғанау әдісін ұнататын. Себебі, Скандинавия елдері – Норвегия, Швеция, Дания сияқты шаңғы спортының «корольдері» осы тиімді әдісті қолдану нәтижесінде Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында ешкімге дес бермейтін. Ал КСРО-да шаңғымен жүгірудің классикалық әдісі көп қолданылатын. Кезінде коньки үлгісінде сырғанау әдісіне Кеңес одағында көп көңіл бөлінбегендіктен, сан рет санымызды соққанымыз жасырын емес. Еркін сырғанау әдісін қолданған кезде екі аяқ, бүкіл дене мүшелері қозғалыста болады, демек ағзаға көп салмақ түспейді. Сексенінші жылдары еркін сырғанау әдісі Одақта кеңінен қолданыла бастады.

1986 жылы жасөспірімдер арасында жалауы желбіреген КСРО біріншілігінде Қ. Ноғамбаев 30 шақырымға осы тәсілмен жүгіріп, қола медальмен марапатталды. Бұдан кейін де Қалихан сан мәрте дүбірлі жарыстарға қатысып, Қазақстан құрамасына көптеген медальдар сыйлады.

Қалиханның есінде сол жылғы мына бір оқиға мәңгіге сақталып қалды.

– Әлі есімде, – деп еске алады сол бір күндерді Қ. Ноғамбаев. – КСРО жастар құрамасы сапына енген маған бір күні КСРО құрамасының бас бапкері, Олимпиада, Әлем чемпионы Николай Зимятов телефон шалды. «Қалың қалай, сайыпқыраным» деді телефонның ар жағындағы саңлақ бапкер. «Жаман емес, күнделікті екі рет, бес-алты сағаттан жаттығып жатырмын» дедім. «Жарайсың! Сен Италияның Асиаго қаласындағы Әлем чемпионатына баратын болдың. Құрамадағы басқа мамандар да, бапкерлер де сенен үміт күтеді. Әзір бол, бір аптадан соң Мәскеуге жетерсің» деді де атақты бапкер телефон құлағын іліп қойды.

Асыға күткен сәт те келді. Италияның Асиаго қаласы мерекедегідей құлпырған. Сонымен Қалихан чемпионаттың екінші күні «аламан» бәйгеге қосылды. 30 шақырымдық марафонға өз күшіне сенетін саңлақтардың қатысатыны айтпаса да түсінікті.  Қобалжығанын байқаса керек, Н.Зимятов Қалиханға дауысы естілетін жерден «Негізгі қарсыластарың – норвегиялық және шведтік шаңғышылар. Олар тым ұзап кетпесін, ілесіп отыр» деп тапсырма берді.

Күн жылы, аспанда желкем бұлт бар. Жарысқа алпысқа жуық әр елдің үкілеп қосқан шаңғышылары қатысты. Қалихан намысты қолдан бермей, қалайда бір медальды алуды ойлады. Әдетте шаңғышының алдында екі мақсат тұрады. Қарсыласыңды алға жібермеген жөн, ал ол озып кетсе қалайда қуып жеткен дұрыс. Уақытты ұта білсең тіпті жақсы. Қалихан бұл қағиданы бала кезінен көкейіне түйіп өскен. Марафонның 20 шақырымы артта қалғанда ол 37 секунд алда тұр екен. Қалайда осы қарқыннан таймаған жөн деп ойлады. Байқайды, күш-қуаты сарқылмаған сияқты. Аудан орталығы Таврия, ауылы Тройницкийге шаңғымен жиі сапар шегетіні, жаттығулар жемісін берген сияқты.

Ол мәре сызығын келіп қиғанда италиандық судья-хабарламашының «фантастика» деген сөзін естіп қалды. Бұл хабардың өзіне арналғанын сезді де. Қалихан – чемпион! Өзімен біраз уақыт бойы үзеңгілес келе жатқан норвегиялық шаңғышы бір минут 15 секундтан кейін қарасын көрсетті.

Бұл қазақстандық шаңғышының екінші алтын алқасы болатын. Бұдан бір күн бұрын 3х10 шақырымдық эстафеталық жарыста Қалихан әріптестері А. Кириллов, Г. Карачевскиймен бірге жеңістің биік тұғырына көтерілген болатын. КСРО құрамасы сапында эстафеталық жарыста күш сынасқан қыздар да алтыннан алқа тақты.

Елге абыроймен оралған Қалиханды облыстық спорт басқармасының басшылары, жерлестері абыроймен қарсы алды. Тройницкое ауылындағы чемпионмен кездесу қызықты өтті. Оған жерлестері, мектеп оқушылары қатысты. Қалиханның спорттағы жетістіктерінен қуат алған ауданның мектептеріндегі оқушылардың көбі шаңғы спортымен әуестене бастады. Өкінішке қарай, Қалиханның нәтижесін ешкім қайталаған жоқ…

– Арман адастырмаса керек. Қазір спортқа үкімет мол қаржы бөледі. Алайда сол мол қаржыдан қайтарым бар ма? Қыруар қаржы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енбеген спорт түрлеріне бөлініп жатыр. Шетелдік легионерлер қалтасын қампитуды ойлайды. Ұлттық спортты дамытудан ұтамыз. Ал шаңғы спортынан нәтижеміз неге нашар? Ең алдымен бапкерлердің біліктілігі мен білімін жетілдіру қажет. Талантты балаларды таңдап алу да оңай емес. Бастапқы бірер айда олардың қабілеті мен сол спорт түріне деген сүйіспеншілігін аңғарып, жаттығуды жалғастыра берген дұрыс. Алты ай бойы ақ көрпесін жамылып жататын еліміздің шығыс, солтүстік, батыс өңірлерінен болашақта талай саңлақтар шығатынына сенгім келеді, – деп ойымен бөлісті саңлақ спортшы.

 

Оңдасын Елубай

 

Осы айдарда

Back to top button