ЖаңалықтарЖол құрылысы

Қалихан Ысқақ көшесін жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын – Өскемен

Жөнделген көше Карбышев, Гагарин бульвары және Назарбаев даңғылындағы көлік кептелісін азайтады.

 Сенбі күні Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралап, жөндеу жұмысының уақтылы әрі сапалы орындалуын қадағалады, деп хабарлайды Didar ақпарат.          

Қалихан Ысқақ көшесі жөнделген соң Карбышев, Гагарин бульвары және Назарбаев даңғылындағы көлік кептелісі азаяды. Асфальтталып бітуге жақын қалған бұл көше Гагарин бульвары мен Севастополь көшелерін жалғайды. Бұдан былай Понтон көпірі арқылы қалаға бара жатқан жүргізушілер жолды қысқартып, бағдаршамды күтіп ұзақ тұрмайтын болады.

– Қалада мұндай орындар көп, біз Жол полициясымен бірлесіп осындай орындарды анықтаймыз және жүргізушілердің қалада жүріп-тұруына барынша жағдай жасаймыз, – дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Әзірге Гагарин бульварынан Қалихан Ысқақ көшесіне бұрылыста бағдаршам орнату қарастырылмаған. Қаланың жол полициясының бастығы Сергей Коваленконың айтуынша, алдымен мамандар бағдаршамның қажеттілігіне талдау жасап, жағдайды бақылайды, содан кейін тиісті шешім қабылданады.

Жоба бойынша мердігер компания – «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС 295 метр жолды жөндеп, жаңа тротуар салып жатыр. Алдағы аптада асфальттың жоғарғы қабаты төселетіндігі айтылды. Сондай-ақ, аталған көшенің бойындағы дүкен иелеріне қаламыздың тазалығы мен көркеюіне өздері де үлестерін қосып, маңайын гүлдендіріп, таза ұстау қажеттігі ескертілді.

 

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button