Жаңалықтар

Қалбатау – Майқапшағай: жөндеу жұмыстары неге созылды?

Жұмыстар 2016 жылғы шілдеде жасалған шартқа сәйкес жалпы сомасы 155,7 миллиард теңгеге жүргізіліп жатыр.

ШҚО-ның қоғамдық кеңесі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің кезекті отырысында Қалбатау – Майқапшағай автомобиль жолының ұзындығы 415 шақырым учаскесінде жүргізіліп жатқан жаңарту жұмыстарының барысы қаралды, оның 231 шақырымы Шығыс Қазақстанның аумағында орналасқан, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Жұмыстар 2016 жылғы шілдеде жасалған шартқа сәйкес жалпы сомасы 155,7 миллиард теңгеге жүргізіліп жатыр. Жобаның 15%-ы  республикалық бюджеттен қаржыландырылса, қалған 85%-ы   Қытай экспорттық-импорттық банкінің қарызы есебінен жүзеге аспақ. Қазір бірыңғай мердігер – «China Xinxing Group Co» корпорациясы.

«Қазавтожол» облыстық филиалы директорының орынбасары Дамир Сапарғалиевтің айтуынша, жобаны іске асыру мерзімі COVID-19 пандемиясының кесірінен, сондай-ақ құрылыс материалдарына бағаның өсуіне байланысты бұзылған. Отандық мердігердің өз міндеттемелерін орындамау фактілері бойынша өткен жылы Антикор қылмыстық іс қозғады, қазір бюджет қаражатын ұрлаудан келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылдануда.

– Комитет мүшелері жобаның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын атап өтіп, мердігерден мәселелердің тізбесін және жұмыстарды орындау кестесін комитетке ұсынуды талап етті. Жол құрылысына қоғамдық бақылау жүргізілетін болды. Болашақта жұмыстарды орындау кестесі бұзылған жағдайда қатаң шаралар қабылдау туралы ұсыныс айтылды, – деді Антикор орталығында.

Отырыс соңында комитет мүшелері анықталған мәселелерді шешу бойынша ұсынымдар әзірлеп, оларды әрі қарай өңдеу және орындау үшін мемлекеттік органдарға жіберді.

Облыстың қоғамдық кеңесі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетіне ағымдағы жылдың бірінші жартысында кәсіпкерлерден 47 өтініш түскен. Олардың 23-і оңды шешіліп, 236 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Кәсіпкерлер негізінен мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік субъектілердің жеткізушілер алдындағы берешегі, сондай-ақ нормативтік актілердегі әкімшілік кедергілер мен қайшылықтар сияқты проблемалармен бетпе-бет келген.

Осы айдарда

Back to top button