Челлендж

Қаланы қоқыстан таза ұстайық

Қоршаған ортаны қоқыстан таза ұстау – әр адамның міндеті. Алайда бұл міндетті көбіміз ұмыт қалдырамыз. Тіпті қоқысты тастаудың өзінің тәртібі бар. Тәртіп пен тазалықты дәріптеуді көздеген қала әкімдігі «Мен сұрыптаймын» атты челлендж бастады.

Салауатты өмір салтын ұстану үшін спортпен айналысып, денсаулығыңды ғана жақсарту жеткіліксіз. Алдымен қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, экологияның жақсаруына септігімізді тигізуіміз қажет. Осындай мақсатта челлендж бастағанын қала әкімі өзінің әлеуметтік желісінде жазды. Бұл акция қоқысты сұрыптау мен экологиялық өмір салтын танымал ету жылы аясында өткізіліп отыр екен.

– Бір-біріңізге қалдықтарды қалай сұрыптайтындарыңызды, бұл жағынан қандай нәтижелерге қол жеткізгендеріңізді айтып беріп, қала кәсіпкерлерінен сыйлық ұтып алуларыңызға болады, – дейді әкім.

Бұл челленджге қатысудың көп қиыншылығы жоқ. Алдымен үйіңізде немесе жұмыс орныңызда қоқысты сұрыптау үдерісі қалай реттелгені туралы видео түсіріп, өз нәтижелеріңізбен және лайфхактарыңызбен бөлісесіз. Содан кейін ол видеоны #өскементазақала немесе #укачистыйгород хештегін қойып, Instagram немесе TikTok әлеуметтік желілеріндегі парақшаңызға жариялайсыз. Осыдан кейін айына бір рет @akimatoskemen парақшасында видео авторларының арасында жүргізілетін ұтыс ойыны бойынша тікелей трансляцияларды көріп отыру қажет. Алғашқы ұтыс ойыны мамыр айында өтеді. Нақты күні мен уақыты жеке хабарланады.

Қоршаған ортаны таза ұстауға машықтанып, челленджге қатысу арқылы қаланың тазалығына үлес қосайық.

 Алтай Ғали-Асқар

 

Back to top button