Қағазбастылықтан құтылуды мақсат етеді
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заман үрдісіне сай, әрі қағазбастылық пен сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында барлық саланы цифрландыру, электронды форматқа ауыстыру әрі автоматтандыру міндетін қойып отырғаны белгілі. Бұл ретте атқарылған жұмыстар аз емес. Әлбетте, алда тұрған міндеттер де көп. Осы орайда біз «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының директоры Азамат Есембуловпен жолығып, мекеменің барыс жылын қандай табыстармен аяқтап отырғанын, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бағытында іске асқан жобалар мен алдағы уақытқа межелеген жоспарларын білген едік.
– Азамат Хамидуллаұлы, осы жылы ХҚО-лар мен электрондық үкімет порталының жұмысында қандай жаңа қызметтер пайда болды?
– Алдымен «Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметі туралы айта кеткім келеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік корпорация барлық мемлекеттік қызметтердің 95,9%-ын төрт негізгі бағыт бойынша көрсетеді, олар – халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастры, жылжымайтын мүлік және заңды тұлғалар.
Бұған дейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандардың бірыңғай тізілімін енгізуді тапсырған болатын. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға кезекке қою процесін автоматтандыру мәселесін пысықтады, ал әкімдіктер «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесінің жария кадастрлық картасына жүктеу үшін кезекте тұрғандардың жинаған тізімдерін ұсынды.
Осының арқасында бұл қызмет енді eGov.kz электрондық үкімет порталында қолжетімді. Жеке тұрғын үй салуға қажет жер телімін алуға кезекке тұру үшін азаматтар әкімдіктерге қағаз өтінішпен жүгінетін, бұл кезектің дұрыс қалыптаспауына бір себеп болған. Кезекке қою процесі 12 күнге созылатын. Өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталып келді.
Бүгінде пысықталған жүйенің арқасында қазақстандықтар eGov.kz арқылы кезекке тұра алады, онлайн режимінде оның қозғалысын дербес қадағалай алады, сондай-ақ бұрын берілген өтініштер бойынша деректерді жаңарта алады. Осылайша, 10 сотық алу процесі мүмкіндігінше ашық бола түсті және өтінімді қалыптастыру 5 минутты алады. Әкімдіктер ұсынған кезек тізімдерін цифрландырдық және eGov.kz порталына шығардық. Жер учаскесіне кезекті цифрландыру – сыбайлас жемқорлықты жоюдағы үлкен қадам. Енді кәмелетке толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, eGov.kz арқылы 10 сотық жерге өтініш бере алады және өз кезегің қадағалай алады. Тағы бір жаңашылдық, еліміздің кез келген өңірінде әкімдікке бармай-ақ, жер алуға өтінім беру мүмкіндігі пайда болды.
Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталындағы «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөліміне кіріп, «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін қарау немесе кезекке қою (10 сотық)» қызметін таңдау қажет.
Әрі қарай, өтініш түрін таңдау керек. Бүгінгі таңда үш түрі бар: кезекке қою, деректерді жаңарту, кезектен шығару.
Егер сіз телімді алу үшін алғашқы рет кезекке тұрып жатсаңыз, онда сіз оны алғыңыз келетін аймақты таңдауыңыз керек. Егер сіз бұрын кезекке тұрғаныңызға сенімді болсаңыз, бірақ өзіңіз туралы ақпарат таба алмасаңыз, онда сіз «жаңарту» өтініш түрін таңдауыңыз керек.
Өз кезегіңізді растау үшін оның бар екенін растайтын құжатты (талонның сканер-нұсқасы, өтініштің, жеке куәліктің көшірмелері және т.б.) жүктеу қажет. Сондай-ақ сіз ЭЦҚ көмегімен авторланып, өз кезегіңізді www.map.gov4c.kz сайтында бақылай аласыз.
– Айтыңызшы, 2022 жылы қандай қызметтер және неліктен жойылды?
– Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігімен бірлесіп өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын енгізіп жатырмыз. Құжаттау терминалдары биометриялық жүйемен және түсінікті интерфейспен жабдықталады. Клиенттер өз бетінше келіп, фотосуретке түсіп, оның ең жақсы нұсқасын таңдап, көші-қон қызметкерлеріне өтініш жібере алады. Қазіргі уақытта терминалдар Астана қаласында бар, біртіндеп біздің өңірде де іске қосылады.
Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны проактивті тағайындау қағидатын енгізді. Енді отбасында төртінші және одан кейінгі бала туған жағдайда аналарға туу туралы куәлікті, бала күтімі және туу жөніндегі жәрдемақыны, сонымен қатар көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны алу ұсынысы бар СМС жолданатын болады.
Бұрын бұл төлемді рәсімдеу үшін ХҚО-ға барып, балалардың туу және неке туралы куәліктерінің көшірмелерін ұсыну қажет болатын. Инновация клиенттерге Халыққа қызмет көрсету орталығына жеке жүгінбеуге, уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беруде. Осы жәрдемақыға төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар отбасылар ала алатынын атап өткім келеді.
– Биыл eGov.kz порталына кіру шарттары өзгерді ғой, бұл туралы не айта аласыз?
– Иә, 14 наурыздан бастап eGov.kz порталын пайдаланушылары үшін логин/пароль және бірреттік СМС-код бойынша кіру жеке қолжетімді емес. eGov.kz порталындағы деректер екі факторлы аутентификациямен қорғалады. Енді eGov.kz порталын пайдаланушыларға логин/ЖСН енгізу, пароль енгізу, мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне жіберілетін бірреттік СМС-кодты енгізу арқылы кіруді растау қажет. Осылайша қауіпсіздіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі. Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), биометрия және eGov Mobile мобильді қосымшасының көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы кіру сияқты аутентификация әдістері өзгеріссіз қалып отыр.
Бұл нені білдіреді? 2FA немесе екі факторлы аутентификация – бұл аккаунт иесі екеніңізді екі түрлі жолмен растауды қажет ететін кіруге арналған пайдаланушыны анықтаудың әдісі. Осылайша, әртүрлі себептермен сіздің деректеріңізді пайдаланғысы келген алаяқтарға арам ойын іске асыру қиындау болады.
Портал қызметтерін пайдалану үшін Мобильді азаматтар базасында тіркелген белсенді телефон нөмірі болуы қажет. Бұғатталған немесе өзекті емес нөмір болған жағдайда 1414 нөмірі бойынша call-орталыққа хабарласу немесе eGov.kz жеке кабинетіндегі нөмірді өзгерту қажет.
– Күзде елімізге келген ресейліктер саны тым көп болды. Бұл Өскемен ХҚО-ларында орналасқан көші-қон полициясы бөлімдерінің, ХҚО-лардың жұмысына қалай әсер етті?
– Келген ресейліктердің саны басқа мемлекеттік қызметтерге әсер еткен жоқ. Облыстың ХҚО-лары штаттық режимде жұмыс істеді.
Елдің кейбір өңірлерінде шетелдіктер үшін арнайы күшейтілген ХҚО-лар ашыла бастады. Ол ХҚО-лар тек ресейліктерге қызмет көрсетті. Оларда Ресей азаматтары қабылданады және тек бір процедураны орындады. Жеке сәйкестендіру нөмірін берді. Ресей азаматтарына ЖСН алу үшін төлқұжат қажет. Егер ол кирилицамен жазылмаған ішкі паспорт болса, онда нотариалды латынға аудару қажет.
Сондай-ақ ХҚО-ларға жүктемені азайту мақсатында ЦентрКредит Банкі арқылы шетелдік азаматтарға ЖСН алу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету туралы шешім қабылданды. ЖСН-ді кәсіпкерлік қызметті және қаржылық операциялық процестерді жүргізу үшін кез келген шет мемлекеттің азаматы ала алатынын атап өткім келеді.
– «Мобильді ХҚО» қосымшасы туралы айтып беріңізші. Ол қашан және не үшін пайда болды? Бұл қосымшаның тиімділігі мен ыңғайлылығы неде? Қанша адам «Мобильді ХҚО-ны» жүктеп алып, пайдаланып жүр?
– Кімде дербес компьютер жоқ болса, ЭЦҚ алу үшін ХҚО-ға баруға тура келетін. Клиенттердің көптеген өтініштері бойынша мемлекеттік корпорация «Мобильді ХҚО» қосымшасы арқылы жеке және заңды тұлғалар үшін ЭЦҚ алу мүмкіндігін енгізді. Ол үшін қосымшаға кіріп, «бейне қызметі» батырмасын басу керек, оператор қосылып, өтінімге қол қою үшін СПС-пен келген кодты және жеке куәлік деректерін сұрайды.
Жыл басынан бері ХҚО-ларға қызмет алу үшін 4 миллионнан астам азамат жүгінді. Олардың шамамен 30%-ы ЭЦҚ алғысы келген, қазіргі уақытта бұл – ең сұранысы мол қызмет. Сондықтан біз үшін ХҚО-ға бармай-ақ қолжетімді және ыңғайлы мемлекеттік қызмет көрсету арнасын құру маңызды болды. Қазір «Мобильді ХҚО» арқылы 38 қызмет алуға болады. Тізім әлі де толықтырылады.
Қосымшада жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының телнұсқасын беру, баланың тууына және бала күтіміне жәрдемақы тағайындау, жерлеуге біржолғы төлем тағайындау, көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау, тұрғын үй көмегін тағайындау, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту сияқты танымал қызметтер пайда болды.
Ақылы қызметтерге тапсырыс беру кезінде төлем шоты екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларына келетінін ескертемін. Клиент бейнеқоңырау арқылы қызметке тапсырыс беру кезінде баж салығын бірден төлей алады. Сонымен қатар қосымша арқылы ХҚО-ға баруды броньдауға, электрондық кезек талонын алуға, өзіңізге жақын ХҚО-ның орналасқан жерін табуға және өзекті мәселелермен танысуға болады. Біз қолжетімді қызметтер тізімін кеңейтіп жатырмыз және қосымша ХҚО-ға келушілер ағынын азайтуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.
Айта кетейік, 68 мыңға жуық қолданушы «Мобильді ХҚО» орнатқан. Қолданбаны Google Play және App Store дүкендерінен жүктеуге болады.
– Мемлекеттік баждарды төлеу қазір негізінен QR арқылы жүзеге асырылады деген рас па? Каспиі жоқ азаматтар қызметтерге ақыны қалай төлейді?
– Корпорациямыз Kaspi және Halyq Bank-пен бірлесіп QR-кодтың көмегімен мемлекеттік баждарды төлеу бойынша сервисті енгізген.
Сервис енгізілген сәттен бастап біз оң динамиканы көріп отырмыз. Клиенттер мемлекеттік бажды оператордың жанында төлей алады, бұл олардың уақытын үнемдейді. Кассаларға жүктеме азайды. Сондай-ақ QR-код арқылы төлеу кезінде комиссия алынбайды. Мұның бәрі бізге жақын арада ХҚО-лардағы кассалар санын қысқартуға мүмкіндік береді, бөлімде бір касса ғана қалады.
Өзіңіз де білетін шығарсыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы қыркүйектегі Жолдауында мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі адамдардың алдында тұрған проблемаларға назар аударып, осы процестерді толық цифрландыруды тапсырған болатын.
QR-код арқылы төлеу сияқты қызметтер азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алуын жеңілдетуге көмектеседі. Қазір QR-кодтың көмегімен 146 мемлекеттік қызметке ақы төлеуге болады. Болашақта бұл тізім ұлғаяды. QR-код арқылы мемлекеттік баждарды төлеу Kaspi және Halyq Homebank мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді. Ал QR-коды жоқ адамдар үшін барлық ХҚО-ларда «Қазпошта» кассалары орналасқан.
– Мобильді деректер базасы қалды ма? Телефон нөмірі басқа адамға тиесілі болса, адам осы дерекқорға тіркеле ала ма?
– Иә, әрине, мобильді деректер базасы жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік корпорация СМС-хабарламалардың көмегімен 45 мемлекеттік қызмет бойынша нәтиже алу үшін жаңа сервисті іске асырды.
Адамдарға дайын нәтижені алу үшін ХҚО-ға екінші рет барудың қажеті жоқ. Сервис әлеуметтік төлемдер, жер қатынастары, еңбек мигранттарына, мектепке дейінгі ұйымдарға рұқсат құжаттарын беру, азаматтық хал актілерін беру бойынша жұмыс істейді. Тізімге енгендердің арасында баланың тууы мен күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау, балаларды мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы тағайындау, еңбек мигранттарына рұқсат алу немесе ұзарту, тіпті спорттық атақтар беру сияқты танымал мемлекеттік қызметтер бар.
Бұрын клиент осы қызметтер бойынша ХҚО-ға келіп, рәсімдеуге өтінім беріп, дайын нәтижеге келу қажет болған кезде қағаз қолхат алатын. Содан кейін ол қайтадан келетін анықтаманы немесе құжатты алу үшін. Біздің жаңа сервисімізбен ХҚО-ға екінші рет барудың қажеті жоқ, клиентке сілтемесі бар СМС-хабарлама келеді, ол бойынша дайын құжатты жүктеп алып, қажет болған жағдайда оны басып шығаруға болады. Бұл клиенттердің уақытын үнемдейді.
– Құжаттарды жеткізу қызметі турасында толығырақ айтып беріңізші?
– Корпорация дайын құжаттарды жеткізу бойынша сервисті іске қосты. Енді қалалардың тұрғындары жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттарға, жер учаскелеріне арналған актілерге, білім туралы апостиль қойылған құжаттарға, мұрағаттық анықтамаларға, әскери билеттердің телнұсқаларына және басқа да дайын құжаттарға барлығы 144 мемлекеттік қызмет түрі бойынша тапсырыс бере алады.
ХҚО-ларда бұрын тапсырыс берілген құжат дайын болған сәтте клиент жеткізу сервисін пайдалану ұсынысы бар СМС-хабарлама алады. Келісім бойынша клиент жеке сілтеме бойынша өтіп, жеткізу мекенжайын толтырады. Бұдан әрі клиент қала шегінде жеткізу құнын төлеуі қажет, ол – 970 теңге. Курьер поштаны тапсырыс берілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жеткізеді.
Мемлекеттік корпорация ХҚО-да қызмет көрсету процесі барынша ыңғайлы болып қана қоймай, дайын құжатқа қайта келудің қажеті болмайтындай қосымша сервистер жасауда. Біз адамдардың әрқашан жұмыстан сұрануға, қосымша келуге немесе балаларды үйде жалғыз қалдыруға мүмкіндігі бола бермейтінін білеміз. Ал құжаттарды жеткізу қызметі клиенттердің уақыты мен ақшасын айтарлықтай үнемдейді.
– Куәлік пен төлқұжат үшін мемлекеттік бажды төлеуден кімдер босатылған?
– Салық кодексіне сәйкес ХҚО-да құжаттандыру қызметтерін алған кезде клиенттердің белгілі бір санаттары мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Құжаттау қызметтеріне паспорттар, жеке куәліктер, тұруға ықтиярхаттар және азаматтығы жоқ адамның куәліктерін беру жатады. 622-баптың 4-тармағы бойынша мемлекеттік баждарды төлеуден мына азаматтар босатылады – соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар, Кеңес одағы батырлары мен Социалистік еңбек ерлері, барлық топтағы мүгедектер, сондай-ақ бала кезінен мүгедек баланың ата-анасының бірі, қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелерде тұратын қарттар, балалар үйлерінде немесе интернаттарда тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтар.
Осы санаттағы адамдар паспорттар немесе жеке куәліктер алу үшін ХҚО-ға жүгінген кезде мемлекеттік баж төлемеуі тиіс. Егер сіз жеңілдік санатының өкілі бола тұра, мемлекеттік бажды төлеп қойсаңыз, ақшаңызды қайтара аласыз. Ол үшін алдымен Ішкі істер министрлігінің аумақтық органына хабарласып, жеңілдікті санатты растайтын құжатты ұсыну қажет. Орган сізге төленген түбіртектің талап етілмейтіні туралы анықтама береді. Осы анықтамамен ХҚО-ға жүгіну немесе соманы қайтаруға eGov арқылы өтінім беру қажет. Өтініш қабылданғаннан кейін салық органы соманы клиенттің шотына 5 жұмыс күні ішінде қайтарады.
– Осы жылы еліміз бойынша ең сұранысқа ие қызметтер қандай болды?
– Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер: ЭЦҚ беру – 288 301, көлік құралын тіркеу – 166 390, паспорттар, жеке куәліктер беру – 101 471, жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу – 83 415, жүргізуші куәлігін беру – 63 758.
– Сіздер алда келе жатқан 2023 жылдан қандай өзгерістер немесе жаңалықтар күтесіз?
– Қағазсыз болашақ! Міне, біз осыны күтеміз және осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекеттік корпорация 664 мемлекеттік қызметті көрсетеді. Фронт-офистер желісі бойынша жаңа жылға арналған негізгі міндет – өзіне-өзі қызмет көрсетуге бағдарланған ХҚО-ларда қағазсыз қызмет көрсету.
Бұл міндетті шешу үшін процестерді автоматтандыру, әртүрлі сервистерді, біздің клиентке, соның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа қызмет көрсету форматтарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Әзірлеген – Ержан Кеңесұлы