Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау ерекше бақылауда
Облыстық прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында 2021-2022 жылдарға арналған осы санаттағы істер бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстардың алдын алу және сот-тергеу практикасы саласындағы заңдылықтың жай-күйі мәселелері қала-аудандар прокурорларының, облыстық полиция департаменті мен аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау мекемелері басшыларының қатысуымен қаралды.
Отырысты ашқан облыс прокуроры Алмат Байшолақов кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстар қоғамның ең маңызды проблемаларының бірі болып табылатынын, олардан адамдардың ең осал санаты – балалар зардап шегетінін атап өтті.
– Мүдделі мемлекеттік органдар мұндай қылмысты болдырмау үшін уақтылы алдын алу шараларын қабылдауы қажет, өйткені, олар балалардың дене және психологиялық денсаулығына орны толмас зиян келтіреді. «Мемлекет басшысы бұған ерекше көңіл бөліп отыр, 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауы да бекерден-бекер емес, – деді облыс прокуроры.
Қаралып отырған санаттағы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі заңнамалық шараларға қарамастан, өткен жылдың қорытындысында өңірде олардың саны жоғары екендігі атап өтілді, бұл осы талдауды жүргізуге негіз болған. Атап айтқанда, 2021 жылы 71 қылмыс тіркелсе, оның ішінде 38-і зорлық-зомбылық. Ағымдағы жылдың 5 айында 31 қылмыс жасалса, оның 21-і зорлық-зомбылық қылмыстары.
Объективті себептер бойынша қылмыстардың бір бөлігі кейіннен есептен шығарылады, бұл ретте 100 пайыздық тіркеу оларды жасыру фактілеріне жол бермейді.
Тұтастай алғанда, аталған істер бойынша сот-тергеу практикасы қалыптасты. 2021 жылдың қорытындысында түрлі мерзімге 23 адам, биыл 13 адам бас бостандығынан айырылған.
Мамандар мәлімдеуінше, мұндай қылмыстарды ашудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол көп жағдайда қылмыс куәгерлерінің болмауына байланысты, ал жәбірленушілердің өздері ол туралы ұзақ уақыттан кейін хабарлайды. Ал бұл дәлелдемелер базасын жинауды қиындатады.
Сонымен қатар, қылмыстық қудалау органдары тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Осыған байланысты, облыстық полиция департаменті пен аумақтық полиция органдары басшылығының алдына қылмыстық-процестік заңнама талаптарының бұл бөлігінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету және ведомстволық бақылауды күшейту міндеттері қойылды. Аудан және қала прокурорларына істер бойынша ерекше қадағалаудың сапасын арттыру тапсырылды.
Жиында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Дәл осы мәселеге барлығымыз негізгі күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, – деді облыс прокуроры мәжіліс залында отырғандар мен мемлекеттік органдардың басшыларына.
Осы мақсатта ағымдағы жылы облыс прокурорының тапсырмасымен Өскемен қаласының прокуратурасы аталған қылмыстардың алдын алуға және азайтуға бағытталған пилоттық жоба әзірлеген.
Ол бойынша жұмыс екі бағытта ұйымдастырылған – «тәуекел тобындағы» отбасылармен жеке жұмыс және балалармен, олардың ата-аналарымен жалпы алдын алу жұмыстары. Тұтастай алғанда, жоба «тәуекел тобындағы» балаларды анықтаудан бастап, кейіннен әрбір отбасымен нақты жұмыс жүргізу, жұмысқа орналасуға және мемлекеттік көмектің өзге де түрлерін алуға жәрдем көрсету, мектеп және колледж оқушылары арасында ақпараттық-профилактикалық жұмысты арттыруды іске асырудың бірнеше кезеңдерін қамтиды.
Бүгінде Өскемен қаласының прокуратурасы, ішкі істер басқармасы, білім беру, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері бірлескен іс-шаралардың тиісті жоспарына қол қойып, қанатқақты жобаны іске асыруға кіріскен.
Жобаның мерзімі 2022 жылдың қорытындысына белгіленді. Алқа мүшелерінің алдын ала нәтижелерін қазан айында тыңдау туралы шешім қабылданды.
Жоғарыда айтылған қылмыстардың алдын алуда жергілікті полиция қызметіне ерекше рөл берілеті анық. Өз кезегінде облыстық полиция департаменті басшылығы аталған бастамаларды қолдап, өздері тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданатынына сендірді.
– Пилоттық жоба бойынша нәтижелерді талдағаннан кейін осындай жұмыс облыстың басқа өңірлерінде де жалғасады», – деді алқа отырысын қорытындылаған облыс прокуроры Алмат Байшолақов.
Дәурен Аллабергенұлы