Қоғам

Кәсіпкерлер дәріс оқып жүр

«Қаржыны өзіңе құй» – міне, осы қағиданы берік ұстанған іскер азаматтар бүгінде өңір экономикасына елеулі үлес қосуда. Кәсіпкерліктің қай саласында болмасын толағай табысқа жеткен облыс тұрғындары біртіндеп шәкірт тәрбиесіне де көңіл аудара бастаған сыңайлы. Мұның бір көрінісі ретінде облыстық кәсіпкерлер палатасының жоғары оқу орындары мен техникалық білім ордаларында ұйымдастырған дәрістер легін айтуға болады.

Дәрістердің алғашқы легі Семей қаласындағы жоғары агротехникалық колледжінде ұйымдастырылды. Семей өңірінде істерін сәтті жүргізіп отырған «Жайжа» ЖШС-нің директоры Анаргүл Құрманғалиева, «KondiZ» ЖШС-нің коммерциялық директоры Әділбек Әкімов және «Монарх» кофеханасының басшысы Валентин Грищенко студенттер алдында өз жетістіктерімен бөлісті.

Бүгінде жарғылық капиталы 200 миллион теңгені құрайтын «Жайжа» ЖШС-де 300 бас абердин-ангус тұқымды ірі қара бордақылануда. Бесқарағай ауданындағы мың гектар аумаққа жайғасқан шаруашылық заманауи техникамен жабдықталып, ірі қара бордақылау ісін қарқынды жүргізуде. Ал «KondiZ» фабрикасы болса, еліміздегі ең жас әрі тез дамып келе жатқан кондитерлік кәсіпорындардың бірі. 2014 жылы алғашқы өнім берген фабрика қазір печеньенің 100 түрін өндіруді қолға алған. 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпорынның 22 мың тонна ұн өнімдерін өндіруге қауқары бар.

Осыдан екі жыл бұрын аспаз болып жұмыс істеген Валентин Грищенконың  Семей қаласында танымал италиялық асханасы бар, келушілерге ерекше кофе ұсынатын «Монарх» кофеханасын ашқан. Бүгінде оның кофеханасына келушілер көп. Колледжге келген қонақтардың әрқайсысы өз жетістіктерін ортаға салып, кәсіпкерлік саласындағы кейбір құпияларымен бөлісті. Кездесу соңына қарай екі топқа бөлінген студенттер ветеринария және тамақтану технологиясы салаларында өз жобаларын қорғады. Осылайша, ұйымдастырушылар семинар барысында жастардың экономикалық ойлау қабілетін жетілдіре отырып, кәсіпкерлік машықтарын қатар қолданды.

Қазір не көп? Көлік көп. Әр үш тұрғынның біреуіне бір көліктен келетін өңірдің осы саладағы әлеуетін әу бастан көре білген семейлік Никита Савченко жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, автокөлік жөндеу қызметін қолға алған. Шәкәрім университетін тоғыз жыл бұрын «Машина құрастыру және металл кесуші станоктар» мамандығы бойынша тәмамдаған ол кейін алған білімін осы қызметіне орайластырып, кәдеге жаратқан екен.

Семейдегі индустриялық-инновациялық колледж студенттері алдында дәріс оқыған жас кәсіпкер бизнес бастаудың қиыншылықтары мен жетістіктері жайында айта отырып, салық төлеу, бәсекелестікті жеңу мәселелеріне де тоқталды.

Білім алған ордасына қайта оралып,  дәріс оқыған іскер азаматтардың бірі өскемендік Талғат Мұқанов болды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Кәсіпкерлік негіздерін білім ордаларында оқыту» жобасы бойынша Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенттеріне өз кәсібі жайында сыр шерткен Талғат техникалық білімінің бастаған істе қандай көмегі болғанын айтып өтті.

– Алғашында  жұмысымызды бір сүт таситын көлікпен бастаған едік, – дейді ол. – Күніне 200-300 литр сүт жинап жүрдік. Қазіргі уақытта, яғни төрт жылдан соң бізде сүт таситын көліктер саны 12-ге жетіп, тәулігіне 40 тонна сүт жинайтын дәрежеге жеттік. Меніңше, бұл біз үшін жаман көрсеткіш емес, оның үстіне әлі де кәсібімізді кеңейтуге әлеуетіміз жетеді.

Бүгінгі таңда оның «Молочный экспресс» ЖШС-де 15 адам еңбек етеді. Ол  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытқан емес. Атап айтсақ, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдап, өзіне сүт өткізетін ауыл тұрғындарының қолдарындағы ірі қара санын көбейтуге жиі атсалысып отырады.

-Адамның басты капиталы – білімі, – дейді Талғат Орынғазыұлы. – Сондықтан кәсіп ашып, тасын өрге дөңгелетуді ойлаған жастарға айтарым – инвестицияны өз-өзіне құйғаны жөн. Ол үшін мүмкіндігінше оқып, кәсіпкерлікке машықтайтын түрлі тренингтерге қатысып отыру қажет.

Жалпы, «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебінің ұйымдастыруымен ірі көлемдегі әлеуметтік жобаның ұйымдастырылып келе жатқанына үш жыл болды. Осы уақыт аралығында оқыту бағдарламалары жеті маусымда өткізіліп, бизнес, мемлекеттік қызмет және үкіметтік емес сектор салаларының 50-ден астам өкілдері түрлі бағытта дәрістер өткізді. Шығыны жоқ жобаға шақырылған бизнес тренерлер мен ұйымдастырушылар бұл істі пайда табуды мақсат етпей, қоғамдық бастамада өткізіп келеді.

Жас кәсіпкерлер мектебінің тыңдаушылары өз ісін сауатты жүргізуді, бизнес-жоспар жасауды үйренді. Сондай-ақ олар «Авангард плюс» мектебін тәмамдағандығы туралы сертификаттан бөлек, облыстық кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер мектебі» курсын аяқтағаны туралы сертификатты да қатар алып шықты. Бұл сертификаттың бір ерекшелігі – оның  екі жыл көлемінде бизнесті қолдауға бағытталған «Еңбек», «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары бойынша жеңілдетілген несие және гранттық қаржы алуға көмегі тиетіндігінде.

 Бұдан бөлек, биылдан бастап еліміздің барлық аймақтарындағы білім ордаларында «Кәсіпкерлік қызметі негіздері» факультативі оқытыла бастады. Кәсіпкерлік саласының майталмандарымен етене таныс болған жастар кейін олардың шәкіртіне айналса, кәсібін кеңейтуді ойлаған бизнесмен үшін мұндай әдіс дайын тұрған франшиза. Бұл шағын бизнестің ауыл-аймаққа таралуына  жол ашады.

Мысалы, Бородулиха ауылында алғашқылардың бірі болып қонақүй ашып, ауылды жерге таңсық – фастфуд тағамдарын дайындап, сатуды жолға қойған аягөздік Дастан Мұхтарұлының кәсібін айтуға болады. Сондай-ақ  Бородулиха өңірінде жыл он екі ай құлпынай өсіруді қолға алған зенковкалық Ольга Колмогорова да бар. Жылыжай салып, жергілікті жұртты жидекпен жарылқауды мақсат тұтқан кәсіпкер бұл іске өз қаржысымен қоса, мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін қаражатты да кәдеге жаратуда.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button