Экономика

Кәсіпкерлікті барынша қолдайды

Өңірде «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында облыстың кәсіпкерлері 1 477,5 млрд. теңгенің өнімін шығарып, 57,2 млрд. теңге сомасында салық төлеген. Барлығы 4,7 мың жұмыс орны ашылған.

Бұл жөнінде айтқан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шорманов бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері (2010 жылдан бастап) кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында жалпы сомасы 166,3 млрд. теңгенің 1162 жобасы субсидияланғанын, төленген субсидия сомасы 14,3 млрд. теңгені құрағанын айтады.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы жалпы сомасы 8,2 млрд. теңгенің 138 жобасы бойынша субсидиялау шартына қол қойылған. Төленген субсидиялар көлемі – 1,4 млрд. теңге. Атап өтерлігі, біздің облыс субсидияланған жобалар саны жөнінен республикада бірінші орында келеді.

– Жалпы сомасы 15,4 млрд. теңгеге 461 жоба кепілдендірілді, берілген кепілдік сомасы 6,4 млрд. теңгені құрады. 2019 жылы 3,8 млрд. теңгеге 107 жоба кепілдендірілді, берілген кепілдіктердің сомасы 1,5 млрд. теңге. Жасалған кепілдіктердің саны бойынша облыс республикада екінші орынға шықты. Сонымен бірге 588,0 млн. теңге сомасына 223 грант берілді. Соның ішінде өткен жылы 197,2 млн. теңгеге 80 грант берілсе, оның 22 гранты жастарға, үш грант мүгедектерге, 9,5 млн. теңге сомасындағы 5 грант көпбалалы аналарға берілді, – деді басқарма басшысы Ержан Шорманов.

Бұдан бөлек, «Бизнес – Кеңесші» және «Бизнес – Өсу» құрамдауыштары бойынша бизнес жүргізу негіздерін оқыту мен әлеуетті және жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеу бойынша қаржылай емес қолдау аясында 14 266 тыңдаушы оқудан өткен.

«Жұмыс істеп тұрған бизнесті жүргізуге қолдау көрсету» жобасы шеңберінде (бухгалтерлік, салықтық, заңдық, кедендік, маркетингтік қызметтер) 21 мыңнан астам клиентке 50 854 сервистік қызмет көрсетілген.

Ал бағдарлама іске қосылған сәттен бастап кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында 65 106 клиентке 109 174 кеңес берілген.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button