Кәсіби білімнің келешегі зор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы халыққа Жолдауында кәсіби білім берудің маңызына да тоқталып, «кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн» екенін баса айтты. Жастарға сапалы кәсіптік-техникалық білім беру – заман талабы. Осы орайда өңіріміздегі кәсіптік-техникалық білім беру саласының жағдайы қалай? Жетістігі мен кемшілігі қайсы?
Кәсібі бардың – нәсібі бар
Біздің халықта «Кәсібі бардың – нәсібі бар» деген тамаша нақыл сөз бар. Соған қарағанда, кәсіп пен нәсіп ажырамас егіз ұғым. Қолыңнан іс келсе, қарның тоқ, келешегің жарқын болмақ. Ал қолыңнан ештеңе келмесе, ешкімге өкпелеудің керегі жоқ. Сондықтан да бүгінгі күні баланы жастайынан кәсіпке баулудың маңызы зор. Бірақ кәсіптің де кәсібі бар екенін естен шығармағанымыз абзал. Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар қайсы? Өз Жолдауында Мемлекет басшысы да осыны айтып отыр. Жалпы бүгінгі таңда облысымызда 82 колледж бар. Онда 34 мыңнан астам жас білім алуда. Оның 20 378-і «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы бойынша тегін оқиды. Аймақтағы колледждер 112 мамандық, 235 біліктілік бойынша мамандар әзірлейді. Облысымыздың колледждерінде барлығы 3482 инженер-педагог қызметкер, оның ішінде жоғары санатты – 850 (24%), бірінші санатты – 712 (20%), екінші санатты 714 (20%), санаты жоқ – 1193 (34%) және 5 педагог-шебер, 3 педагог зерттеуші қызмет етуде.
–Жыл сайын мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру мақсатында білім басқармасына облыстық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпорындардан өңір экономикасы үшін сұранысқа ие мамандардың қажеттілігі бойынша тапсырыс беріліп отырады. Сұранысқа ие мамандықтардың тізбесі білім басқармасының сайтында жарияланады. Колледждердің мемлекеттік тапсырысқа өтініштері осы тізбеге сәйкес қарастырылады, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев. Айтуынша, 2020-2025 жылдар аралығындағы сұранысқа ие мамандықтардың саны – 91 666. Ең көп сұранысқа ие мамандықтар: «Ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология» – 21 601 (23,5%), «Құрылыс және коммуналдық шаруашылық» – 11917 (13%), «Өндіру, құрастыру, пайдалану және жөндеу» – 12608 (13,7%), «Көлік (салалар бойынша)»- 4789 (5,2%).
«Жас маман» жобасына 10 колледж еніп отыр
Биыл республика бойынша «Жас маман» жобасы іске асырыла бастады. Бұл жобаның мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды әзірлеу. «Жас маман» 100/200 қағидаты бойынша әзірленген бағдарлама. Яғни, 100 дегеніміз қазіргі күні еңбек нарығында сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық болса, сол 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртып, халықаралық стандарт талаптарына сай мамандар әзірлеу. Осы орайда сұранысқа ие 100 мамандықты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі анықтап, тізімін жасағаны белгілі. Биылдың өзінде республика бойынша 80 колледжді заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандыруға республикалық бюджеттен 25,8 млрд. теңге бөлінген. Ал қалған 100 колледжді жабдықтау келесі жылға жоспарланып отыр. Бір қуанарлығы, республика бойынша 600 колледждің ішінен іріктеліп алынған осы 180 колледждің қатарына біздің өңірден 10 колледж ілінген. Олар: Электротехникалық колледж, Өскемен жоғары политехникалық колледжі, Риддер аграрлық-техникалық колледжі, Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі, Көлік колледжі, Радиотехника және байланыс колледжі, Бизнес және қызмет көрсету колледжі, Геологиялық барлау колледжі, Семейдегі Құрылыс колледжі, Өскемен құрылыс колледжі. Жоба аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында халықаралық стандарттарға сай заманауи құрал-жабдықта сатып алынбақ. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі, Семей көлік колледжі, Риддер аграрлық-техникалық колледждерінде құзіреттілік орталықтары ашылмақ.
-Министрлік еңбек нарығында сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін жасағанда біздің колледж төрт мамандықты ұсынды. Іріктеу кезінде төрт мамандықтың төртеуі де тізімге ілінді. Бұл біздің колледждің жаңа деңгейге көтерілуі үшін үлкен мүмкіндік. Жалпы бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау. Осы жоба аясында біз финляндиялық серіктес компаниямен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз, –дейді Өскемендегі политехникалық колледждің директоры Исатай Исин.
WorldSkills қандай қозғалыс?
Соңғы жылдары құлағымыз Worldskills деген сөзді көп шалатын болды. Сөйтсек бұл – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруды, олардың шеберлік дағдысын дамытуды көздейтін халықаралық коммерциялық емес қозғалыстың атауы көрінеді. Тарихына келсек, сонау 1947 жылы Испанияда алғаш рет кәсіптік-техникалық дайындық бойынша ұлттық байқау өтеді. Идея авторы Испан жастар ұйымының бас директоры Хосе Антонио Элола Оласо болды. Бастаманы бірінші болып Португалия қолдайды. Нәтижесінде, 1950 жылы алғашқы халықаралық Пиреней байқаулары өтіп, оған екі мемлекеттен 12 адам қатысады. Үш жылдан кейін байқауға Германия, Ұлыбритания, Франция, Марокко және Швейцария қосылады. 1983 жылы International Vocational Training Organisation (IVTO) – кәсіби шеберлік байқауларын өткізу бойынша ұйым құрылады. Ал 2000 жылдардың басында IVTO атын өзгертіп, WorldSkills International деп аталды.
WorldSkills International чемпионатына біздің өңірдің жастары 2016 жылдан бастап белсенді түрде қатысып келеді. 2016 жылы алты құзіреттілік бойынша 35 студент қатысса, 2017 жылы 11 құзыреттілік бойынша 81, 2018 жылы 31 құзыреттілік бойынша 170, 2019 жылы 43 құзыреттілік бойынша 270-тен астам студент қатысыпты. Қатысушылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері жоғары. Мысалы, 2019 жылы өткен 45-ші әлемдік Worldskills Kazan 2019 чемпионатына Қытай, Нидерланд, БАӘ, Польша, Малайзия, Португалия, Словакия, Франция, Германия, Корея секілді 63 елден 1300-ден астам өкіл қатысқан сайыста Шығыс Қазақстан облысының құрамасы ерекше көзге түсті. «Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану» құзіреттілігі бойынша Электротехникалық колледжінің студенті Әли Әскерханов 3-орынды, «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша осы колледждің студенттері Александр Бетцольд және Исажан Раисов «Best of Nation» үшін медалімен марапатталған.
Өңіріміздегі кәсіптік-техникалық білім беретін колледждерде дуальды оқыту жүйесі кеңінен енгізілген. Облысымыздағы 57 колледж 658 кәсіпорынмен бірлесіп 63 мамандық бойынша дуальды оқытуды жүзеге асырады. Кәсіпорындармен үшжақты келісімшарттар жасалған. Дуальды оқыту аясында білім алған колледж түлектерінің 86 пайызы жыл сайын жұмыспен қамтылады.
Әлемді жайлаған індетке байланысты бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да оқу процесін ұйымдастыру өзгерістерге ұшыраған. Бүгінде оқу процесі 16 колледжде штаттық режимде, 36 колледжде аралас (теория қашықтықтан, тәжірибе штаттық режимде), 26 колледжде қашықтан жүргізіліп жатыр.
Мейрамтай Иманғали