Қоғам

Көрікті демалыс орнына айналды

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Риддерде тағы да екі әлеуметтік нысан құрылысы аяқталды.

Қаланың 7-ші ықшам ауданындағы гүл бағы алаңын және  Мәдениет сарайы мен «Казцинк» ЖШС басқармасы арасындағы аумақты көріктендіру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нысандардың тапсырыс берушісі – Риддер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Жобаны іске асырған – Ержан Төлегенов басқаратын «МВКС Авангард» ЖШС.

Риддер қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша Мәдениет сарайы маңындағы аумақты көріктендіруге 35 млн. 299 мың теңге жұмсалған. Көріктендіру жұмыстарын жүргізген 15 жұмысшының сегізі бұған жұмыспен қамту орталығы арқылы қатысқан. Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары жаздың соңында аяқталған. Мұнда жаңадан асфальт төселіп, орындықтар орнатылған. Субұрқақ қайта жарақтандырылып, өзге де көріктендіру жұмыстары жүргізілген.  Бір сөзбен айтқанда, риддерліктердің демалып, серуендеуі үшін жайлы жағдай туғызылған.

–  Мен осы маңда тұрамын, сондықтан бұл жерге балаларыммен жиі-жиі келемін, – дейді қала тұрғыны Лариса Ананьева. – Тозып кеткен гүл бағы алаңы әдемі, көрікті болып шыға келді. Осындай ғажайыпты жасап берген облыс, қала әкімдіктеріне алғыс айтамыз.

Қала орталығындағы гүл бағында осындай көріктендіру, қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілген болса, шаһардың шеткері ықшам ауданының біріндегі демалыс орны ештеңе жоқ жерде жаңадан пайда болды.

Риддер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуат Мухамедчиновтың айтуынша, аумақ алдымен тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, одан соң құрылыс жұмыстары басталған. Нысан құны – 32 миллион тенге. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бұл нысанды салуға да 15 адам қатысқан.

– Бұл жерден жаңа демалыс орнын ашу туралы бастаманы біраз уақыттан бері ойластырып жүргенбіз, – дейді Қуат Мухамедчинов. – Қаржының жоқтығынан құрылысты бастауға мүмкіндік болмады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Қаланың 7-ші ықшам ауданы тұрғындарының сөзінше, бұл жерді бұрын қоқыс басып жатқан. Қазір демалатын жайлы орынға айналып отыр. Алаңқайға плита төселіп, балалар алаңы, шағын сахна, орындықтар, спорттық жабдықтар орнатылған. Сонымен бірге гүл бағы алаңына «I loveRidder» деген жазуы бар баннер орнатылған. Гүл бағы риддерліктердің суретке түсуіне сұранып тұрған көрікті жердің нақ өзі болмақ.

Қалалық әкімдік мамандары қалалықтардың жұмыссыз қалмасы үшін, тұрғындарды жұмыспен қамту үшін, жаңа жұмыс орындарын құру үшін Риддерде 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жасалғанын айтады. Халықты жұмыспен қамту мақсатында биыл  Риддерде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 1 миллиард 2 миллион 793 мың теңгенің 34 жобасы іске асырылып жатыр. Соның ішінде 22 жоба әлеуметтік-мәдени сала нысандарын түбегейлі және ағымдық жөндеуден өткізуге, қаланы көріктендіруге арналған. 12 жоба тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, көлік саласы нысандарын жөндеуге бағытталған.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының басты мақсатының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың табыс табуын қамтамасыз ету. Бағдарлама іске асырылғаннан бастап Риддерде 390 қосымша жұмыс орны ашылған. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 202 адам жұмысқа тұрған. Қазіргі күні 14 тұрақты жұмыс орны ашылып отыр, жобаларды іске асыру барысында тағы да 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бағдарлама бойынша жұмысқа алынып жатқандардың еңбекақысы 85 мың теңге және одан жоғары болады.

Жамал Ермен

(Мақала Риддер қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді).

Осы айдарда

Back to top button