Қоғам

Көпбалалы отбасылар баспаналы болады

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге мемлекет тарапынан басымдық берілуі қуанарлық жайт. Өйткені қала, мейлі ауыл болсын, шиеттей бала-шағамен жылдар бойы үй жалдап тұру оңай емес.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәулет Батырбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тамызындағы жағдай бойынша өңірімізде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған азаматтардың жиыны 33 074 адам болса, оның ішінде 2 052 көпбалалы отбасы. Сонымен қатар бұл тізімде жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал топтары, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар бар.

Биылғы жылдың басынан бері бірінші шілдеге дейін облыста 190 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылған. Басқарма басшысының мәліметінше, жылдың соңына дейін аз қамтылған 748 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Атап айтсақ, жаңа құрылыс арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 193 отбасы жалға берілетін тұрғын үймен қамтылады.

Аудандарда жеке құрылыс салушылардың инвестициясы есебінен салынған 190 бір қабатты үйлердегі 369 пәтер беріледі. Курчатов қаласында жеке құрылыс салушы «Үркер – Восток» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайта жаңартып, пайдалануға берген тұрғын үйлерден 15 пәтер сатып алынады.

Коммуналдық тұрғын үй қорынан Өскемен қаласында 155 пәтер баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға беріледі. Сонымен қатар  көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 2,3 млрд. теңге сомасына 232 несие берілетін болып шешілген. Қазір сол 232 несиенің 162-сі берілді. Соның ішінде жағдайы төмен 46 көпбалалы отбасы еліміздегі ең арзан, екі пайыздық жеңілдетілген несие бойынша баспаналы болды. Тағы да 16 көпбалалы отбасының несиесі рәсімделіп жатыр.

Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін берілетін тұрғын үйлерді қоса есептегенде өңірдегі 938 көпбалалы отбасы баспаналы болмақ.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button