Қоғам

Көмір түсіріп алдыңыз ба?

Қытымыр қыс таяған сайын жылыту қазандықтары мен жеке тұрғын үйлерде тұратын халықтың көмірмен қамтылуы бірінші кезектегі мәселеге айналатыны белгілі. Осы ретте өңірдегі көмір өндіретін компания өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, осы саладағы мәселелер жайлы айтып берді.

Жылыту маусымы келіп жеткен кезде өңір тұрғындарының көмірмен толық қамтылмағаны жиі анықталып жатады. Жаз бойы жайбарақат жүргендер жылыту маусымына  санаулы күндер қалғанда көпшілікті дүрліктіріп, жасанды дүрбелең тудырып жататыны тағы бар. Міне, осындай кезде жағдай ушығып, көмір жеткізудің жайы шетін мәселеге айналып жатады.

Семей қаласындағы аймақтық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты кезінде «Қаражыра» АҚ-ның өкілдері «көмір дүрбелеңіне» толықтай дайын екендіктерін айтып сендірді.

«Қаражыра» АҚ бас директорының орынбасары Әсет Садықовтың айтуынша, жыл басынан бері 9 млн. тоннадан астам көмір өндіру жоспарланған болатын. Алайда елімізде енгізілген карантиндік шараларға байланысты өндіру жоспарын қайтадан қарастырып, 8 млн. тоннаға қайта түзетуге тура келген.

Сонымен қатар жаз айларында көмір сатып алатын тұрғындар саны тым аз болды. Баспасөз мәслихатында айтылғандай, бұған қоса қыстай жағатын көмірді сатып алуға байланысты тендерлік процедураларды дәстүрлі түрде мамыр-маусым айларында өткізетін бюджеттік ұйымдар биыл оны тамыз айының ортасына қарай бірақ қолға алған. Енді жылыту маусымына аз-ақ күндер қалғанда көмір сатып алушылар қарасы көп болады деп күтілуде. «Қаражыра» АҚ өкілдерінің айтуынша, кеніш бұған толықтай дайын болғанымен, бірқатар мәселелер әлі де бар көрінеді.

– Кеніш көмір тиеудің мұндай көлеміне дайын. Дегенмен, біздің ойымызша, «Қазтеміртранс» АҚ сияқты ұлттық тасымалдаушыға вагон жеткізу формуласын қайта қарастыру қажет. Өйткені кенішімізде қыркүйек айынан бастап жылжымалы составтың жетіспеушілігі сезілуде, – дейді Әсет Садықов. – Қыркүйек айының үшінші онкүндігінен бастап біз тәулігіне 420 ашық вагон жеткізуге өтініш бергенбіз. Алайда алғашқы екі күнде бізге бар-жоғы 183 және 290 ашық вагон жеткізілді.  Сөйтіп, екі күнде кенішке «Қазтеміртранс» АҚ-нан бес жылжымалы құрам жеткізілген жоқ. Жеткізу жайлы өтініштің толық орындалмауы тұтынушылар алдындағы міндеттің орындалмауына әкеліп соғады. Өткен жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, бұл өңір тұрғындарының түсінбеушілігін туғызады.

Дегенмен, жақсы жаңалық та жоқ емес. «Қаражыра» АҚ өкілдерінің айтуынша, биыл жеткізілетін көмірге баға қосылмай, сол қалпында қалған. Сол себепті, компания өкілдері тұрғындардан көмірді уақтылы сатып алуды өтінеді.

Айзере Сұлтан

Осы айдарда

Back to top button