Мәдениет

Әкімі ақынның іздеген елдің тойы

Ұлан ауданында айтыскер ақын әрі әнші Нұртай Тілеужанның шығармашылық кеші өтті.

Мемлекетшіл азамат кешті «Қазақстаным» деп атаған екен. Бұл күні өнерсүйер қауым Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет үйіне жиналған еді. Алашқа белгілі Абаш Кәкенов арнау айтып, сахна шымылдығын түрді. Одан әрі бас кейіпкер «Бескөл» халықтық фольклорлық ансамбілімен бірге шырқап, кешті дүрілдетіп әкетті. Ән үзілмеді. Әнуар халық әнмен бірге әуелеп, бірде туған жердің тауын бөктерлеп, суының тұнығынан жүзіп ішіп, енді бірде жан-жықпылына жасырынған сыр-сағыныштарын еріксіз ақтарып, елтіп отыр еді… Бір сәт театрдың таңғажайып әлемі үйіріп әкетті. Ұлтжандылықты жалау еткен қойылымдар ел көңілінен шықты.

«Ат тұяғын тай басар» дейді дана халқымыз. Ұлымен бірге ән салған кеш иесі көпшілікті тіпті тәнті етті. Ал елуді еңсерген ер анасына арнап ән салып, сахнадан түсіп гүл шоғын сыйлағанда сол бір сәт – кештің ең бір әсерлі тұсы еді.

Кештің сыйлы қонақтарының қатарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің симфониялық оркестрінің әншісі, елімізге еңбегі сіңген артист Естай Мұқашев және Қазақ музыка академиясының профессоры Бекболат Байсағатов болды. Өнер майталмандары кеш иесіне ақ тілектерін арнап, көпшілікке ән тарту етті.

«Қазақстан». Бұл өнер иесінің қоржынындағы су жаңа туынды. Әлбетте, әннің сөзін өзі жазған. Ал осындай ән жазуға ұсыныс білдірген Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Сақтағанов екен. Халық арасында «әкімі ақынын іздеген ел озады» деген тәмсіл сөз бар. Оның үстіне ауданнан шыққан атымтай азаматтар өнер иесіне ат мінгізіп, шапан жауып жатты. Ендеше талай тау тұлғаны дүниеге әкелген Ұланда қазақ өнері одан сайын өрге жүзеді деген сенімдеміз. Сонымен қабат Нұртай Тілеужанның «Қазақстаным» атты шығармашылық кеші Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында өткенін айта кету ләзім.

– Өнер жолында еңбек еткеніме отыз жылдай уақыт болған екен. Ендеше халық алдында бір есеп беретін сәт те келіп жетті деген ойға қалдым. Бұл ретте аудан әкімдігі ерекше қолдау көрсеткенін айта кетуім керек. «Қазақстан» әнін жазуға әкім өзі ұсыныс жасап, тіпті қолына қалам алып, ән мәтініне аздаған өзгеріс те енгізді. Қазақ өнеріне құрмет көрсетіп келген көпшілік қауымға алғысым шексіз, дән ризамын, – дейді еліне еркелеп ән сала жүріп, елуге жеткен Нұртай Тілеужан.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button