Аймақтар аухалы

КӨЛДЕН МАРЖАН СҮЗГЕН ХАЛЫҚ

Күршім өңіріндегі Ақсуат, Аманат, Жолнұсқау, Тарбағатай ауданындағы Байтоғас, Тұғыл, Қабанбай ауылдарының, Көкпекті ауданының Тассай, Көкжыра сияқты бірнеше ауылдарының, жалпы жағалаудағы 18 елді мекен жұртының табыс көзі тек балық. Бұл ауылдардың  тұрғындары тіршілігін көк айдынмен байланыстырып, нәпақасын судан тауып келеді.   Балық шаруашылығымен айналысатын өзен, көлдері жағынан елімізде үшінші орында тұрған Шығыс Қазақстанда бүгінде балық қоры қайтадан көбейе түскен. Мамандар көл байлығының молаюы қарқынды жүргізіліп жатқан балықтандыру шараларының нәтижесі екендігін айтады. 2016 жылы су қоймаларына жыл сайын 4 млн. дана құртшабақ жіберіліп келсе, былтыр олардың саны жылына 10,3 млн данаға жеткізіліп, 39 пайызға артқан.

Ертіс пен Зайсанға жіберіліп жатқан шабақтардың дені аса бағалы саналатын сазан, карп, ақ амур, пелядь, рипус сияқты балықтардың тұқымдары. Су қоймаларын балықтандыруды  балық аулау участоктарын жалға алушылар жүргізіп келеді. Балық қорын молайтуға мемлекет тарапынан да қаржы қарастырылып отыр. Биыл су айдындарына шабақтар жіберуге  жергілікті бюджеттен тоғыз млн. теңге бөлінген.

   Көл байлығы көбейіп келе жатыр дегенімізбен,  Марқакөлдің жауһары саналатын майқан (ускуч)  балығы жылдан-жылға құрып барады.  2017 жылы Марқакөлде  1800 мың дана майқан  болса, 2018 жылы «Алтай» балық шаруашылығы ҒЗИ көлде 609 мың дана ғана майқан балығы қалғанын анықтаған. Сондықтан майқан балығын браконьерлерден қорғау, оның уылдырық шашуына жағдай жасау күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып тұр.

Аймақта ауланған балықты өңдеумен Өскемендегі «Ас» ЖШС, Күршімдегі «Төретоғам» кәсіпорны, Самардағы балық зауыты, «Кузьмич» кәсіпорны, Тұғылдағы бірнеше шағын зауыттар, Байтоғастағы цех, Қабанбайдағы «Ұлтарақ» кәсіпорындары тәрізді өнім өңдеушілер айналысып жатыр.  Ірі кәсіпорындардың өнімі Ресей мен Қытайға экспортталуда.

Өткен жылы облысқа 9 мың тонна көлемінде балық аулауға

рұқсат (лимит) берілген. Биыл ауланатын балық та  осындай мөлшерде. Табиғаттың қалауы – тепе-теңдік. Көл байлығы құрып кетсе, қасірет дейміз, балық шектен тыс көбейіп кетсе де апатқа әкеледі дейді мамандар, себебі  аса қатты көбейіп кетуі салдарынан балықтардың кеңістігі тарылып, жемі азайып, түрлі ауыруға ұшыраған балық та табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан өзінен-өзі қырылып қалады. Лимиттердің аз берілуіне байланысты осыдан екі жыл бұрын карась деген балық күрт көбейіп кетіп, жазда  ауырып, жаппай өле бастаған.

Арман Есентаев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

-Бұрын әр су айдынында қанша балық қоры болса, лимит соған байланысты беріліп келді. Қазір рұқсат рейтингілік бағалау бойынша: балық қорын молайтуға, қорғауға орай атқарылған жұмыстарға байланысты беріліп отыр. Облыста 18 балық аулаушы субьект бар, табиғат пайдаланушылар өз міндеттерін орындап жатыр, кейбіреуі асыра орындап та жатыр. Қазіргі күні Қытайда өнеркәсіптік бағытта ауланатын  балықтың 62 пайызы тауарлы балық өсіру шаруашылықтарынан ауланып отыр. Елімізде алғаш рет  облыста біздің бастамамызбен осындай  екі тауарлы балық өсіру шаруашылығы: «Шығыс универсал», «Гранд Фиш» ЖШС құрылып, форель өсіріп жатыр. Саратовкада бекіре балығын өсіріп жатыр. Болашақта  осындай жасанды тауарлы балық шаруашылықтарын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұқтырма су қоймасының таулы жерлеріндегі  Өскемен ГЭС-інен бастап, Васильевка өткеліне дейінгі аралықтағы  бос участоктарды балық өсіретін шаруашылықтарға жалға беруге орай жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Өскемен су қоймасында  – Ертісте форель өсіріп жатқан екі шаруашылық, басқа да тұлғалар осы жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр. Қазір осы конкурсты өткізу үшін комитетпен тұжырымдама жасап жатырмыз. Бүгінгі күні   Зайсан көлінде жеті участок жалға беріліп отыр. Облыста балық шаруашылығымен айналысатын  бірнеше серіктестіктер, жеке кәсіпкерліктер және үш кооператив бар: Самар жағында «Көкпекті Аквакультура», Тарбағатай жағында «Байтоғас», «Зайсан балықшылары».

2016 жылы біздің басқарма балық шаруашылығына субсидия беру мәселесін алғаш рет көтеріп, оңды шешімге қол жеткіздік. Мысалы, қазір облыстық бюджеттен балық өсірушілердің сатып алған жемінің, өңдеу, өсіру құрал-жабдықтарының құнын 30 пайыз көлемде қайтаруға субсидия беріледі. Енді балықшыларға катер, басқа да техникаларды сатып алуға субсидия беру тетіктерін енгізуді қарастырып жатырмыз.

БАЛЫҚШЫЛЫҚ – БАЙТОҒАСТЫҚТАРДЫҢ АТА КӘСІБІ

Нұр Зайсанның жағасында балығымен базар боп, тіршілігін көлмен байланыстырып келе жатқан ауылдың  бірі –Байтоғас. Көл жағалауы мал бағуға, басқадай кәсіп көзін игеруге қолайсыз. Сондықтан  таңы да, кеші де су үсті болған байтоғастықтардың ежелден бергі ата кәсібі – балықшылық.

Байтоғас ауылындағы «Байтоғас» АӨК 2018 жылы Зайсан көлінің  525 млн. шаршы метрді құрайтын учаскесін тендер арқылы бес жылға жалға алған. Қазір екі ауылдың жұрты нәпақасын жалға берілген осы жерден тауып  жатыр. 75 адамның басын қосып отырған кооператив былтыр  аудан бюджетіне  8 млн. 636 мың теңге салық түсірген.

Айта кететін бір жәйт, балықшыларға беріліп отырған бұл учаске бұған дейін жеті жыл бойы иесіз қалып, тендерге қойылмай, көл жағасындағы халыққа судан балық аулап жеудің өзі мұңға айналған болатын. Қайық біткен  жағада  қаңтарылып қалып,  ауыл тұрғындары қалаға үдере көшіп жатқан сол шақтар әлі елдің көз алдында.

– Сол қиын-қыстау кезеңде учаскені тендерге түсіріп, тұрғындарды  қиын жағдайдан шығаруға облыс әкімі Даниал Ахметовтің көп көмегі тиді.   Облыс басшысының өзі келіп, қолдау көрсетпегенде  жағдай қалай боларын бір Алла біледі. Балық қорын көбейтуге орай өзімізге жүктелген міндеттемелерге сай жылына көлге жеті миллион теңгенің 500 мың дана шабағын жіберіп отырмыз. Тартылып қалған көлшіктерден жылына 2 миллион көлеміндегі шабақты сүзіп алып, көлге жіберіп келеміз. Құтқару, көбейту шараларының бәрі инспекция қызметкерлерінің қатысуымен атқарылып келеді. Жуықта    Кендірлік, Қара Ертіс, Соленное учаскелерінде аэрация жұмыстарын өткіздік. Бір күннің ішінде 1000 құдық қазып, олардың ішіне қамыс тығып,  көлдегі балықтарға таза ауа жеткізу жолдарын аштық. Балықты көбейту,  қорғауға байланысты жұмыстарымыз жыл он екі ай осылай жалғаса береді,- дейді «Байтоғас»  ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Болатхан Асылханов.

Нар тәуекел деп екі жылдан бері  «Байтоғас» кооперативі  Бұқтырма су қоймасында форель  өсіруді де қолға алған.   Тауарлы балық шаруашылығында жылына 50 тонна форель өсіріліп, былтырдан бастап балықтар Новосибирск, Алматы қалаларына сатыла бастаған.

«Байтоғас» кооперативі балық аулаумен бірге алынған өнімді ұқсатып, өңдеп те сатып жатыр. Кооперативтің Байтоғас, Тұғыл ауылдарындағы  екі балық өңдеу цехында балық фаршы, балықтың сүбе еттері шығарылуда. Дайын өнім облыс көлеміне, шетелге де саудалануда.

Кооператив бизнестің жауапкершілігі қағидасын да ұмыт қалдырмапты. Көмек сұрай келгендердің қолын қайтарып көрген емес, ел игілігіне айналған баянды істердің де бастамашысы болып жүр. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға қол ұшын беріп, көмектерін көрсетуде. Баспанасыз жүрген көпбалалы отбасының біріне қарайласып, үй  сатып әпергенін де айта кеткен жөн.

«Тағдырлары секілді алып шынар.

Намыстары тасты да жарып шығар.

Ырыздығын іздеген Зайсан көлден.

Бұл ауылда тұрады балықшылар»,-деп ұлдары жырға қосқан Байтоғастың, Тұғылдың бүгінгі берекелі тірлігі қай ауылға болса да үлгі.

Облыс әкімдігінің көл жағалауындағы елдің жұмыссыз қалмауын ойластырып жасаған жүйелі жұмысының нәтижесінде «Байтоғас» кооперативінің балықшылары байырғы кәсіптерін дамытып, бала-шағасын балық шаруашылығымен асырап отыр. Тұрақты жұмыс, тұрақты табыс тұрмысты түзеуге, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғызған.  Бірінің бауыры, бірінің баласы, бірінің немересі  кооператив мүшелігіне еніп, жыл сайын балықшылар қатарын  көбейтіп жатыр. Қалтылдаған қайықтың үстінде өскен үлкендер «ескегімді кімге қалдырам?» демейді енді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button