Табиғат

Көл байлығын көздің қарашығындай сақтайды

 Көктемгі тасқын кезінде арнасынан асып-төгілген өзен-көлдердің суы кейін тартылып, маңайында кішігірім көлшіктер қалыптастыратыны белгілі. Бұл жай ғана әдеттегі маусымдық құбылыс болып көрінуі әбден мүмкін. Десек те, оның ар жағында екі бірдей экологиялық апаттың жатқанын кім білсін? Оның бірі – пайда болған көлшікте қамалып қалған балықтар болса, енді бірі – қақаған қыста суы түбіне дейін мұз болып қататын көлшіктегі балықтардың қырылып, көктем шыға маңайды өлексе иісіне бөктіруі.

Ауыл-аймақтың жағдайын жақсартып отыр

Жыл сайын осындай жүздеген көлшігі жиналатын суы мол өңірде көк айдын байлығын құтқаруға жергілікті биліктің қауқары жетпей жататыны рас. Кейде бюджет қаражаты, кейде адам ресурстары аз. Сол себепті оларға өңір тұрғындары тарапынан жасалатын көмек ауадай қажет. Осы ретте табиғатқа деген мұндай жанашырлықтан жұрдаймыз деп айтуға келмес. Көл байлығын кәсіп еткен балық шаруашылықтары өздеріне бөлінген аумақтарды қоқыстан тазартып қана қоймай, сонымен қатар үлкен суға шығар мүмкіндігі жоқ балықтарды да құтқарумен айналысады.

Осындай шаруашылықтардың бірі – «Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативі. Бір ауылдың азаматтарына «екі қолға бір күрек ұстатқан» аталмыш шаруашылықтың негізгі кәсібі –  Зайсан көлінен балық аулау. Дегенмен, бұл кооператив тек көл байлығын пайдаланып қана қоймай, сондай-ақ оны балықтандыруға, қоқыстан тазартуға және балығын құтқаруға да атсалысып жүрген жайлары бар.

– Шаруашылығымыздың негізгі кәсібі  тұщы судың балығын аулау болып табылады, – дейді «Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Болатхан Асылханов. – Зайсан көлінің бұрындары жеті жылдай ешкімнің құзырында болмай, қараусыз жатқан бір учаскесін облыс әкімі Даниал Ахметовтің, ауданымыздың бұрынғы әкімі Ділдәбек Оразбаевтың көмегімен жалға алдық. Қазір сол жерден балық аулаймыз. Балық өңдейтін кішігірім цехымыз бар. Онда балықты тазалап, фарш тартамыз, балық пластын дайындаймыз. Қазіргі уақытта Өскемен қаласының маңындағы Ново-Троицкое ауылының жанында әріптестік негізінде «Шығыс универсал» деген серіктестік ашып, ол жерде форель балығын өсіруді қолға алып жатырмыз. Жалпы, өнімімізді өңірдің аудан-қалаларымен қатар, көрші Ресейге де экспорттаймыз.

Жыл сайын 50 тонна форель өсіріп отырған шаруашылық мемлекетпен серіктестік құру арқылы өңір дамуына елеулі үлес қосуда. Екі жылдан астам уақыт бұрын Зайсан көлінен учаске алып, жұмыстарын бастаған ауыл шаруашылығы кооперативінде бүгінде 80 адам еңбек етуде. 515 тұрғыны бар Байтоғастың 68 азаматы осы шаруашылықта жұмыс істейді. Осылайша, шекаралық аймақтан кетіп жатқан халықтың көшін тоқтатып, бір ауылдың тұрғындарына нәпақа табуға мүмкіндік берді.

– Біз сияқты ауылдар өңірімізде өте көп, – дейді Болатхан Асылханов. – Бірақ біздің көп алдында көзімізді төмен салмай айта алатын бір жағдайымыз бар. Ол – шекаралық аймақта жатқан ауыл халқына жұмыс тауып беріп, жағдайларын жасағандығымыз. Балық аулау маусымы кезінде біздегі жұмысшылар саны 90 адамнан асып жығылады. Бір маманымызды «аквакультура» курсына қатыстырып, ихтиология саласын меңгерттік. Қазір ауылымызда қаңыраған үйлер емес, жаңадан қабырғасы қаланып жатқан баспаналар қатары көбейді. Екі балабақшамыз бүлдіршіндерге сыймай жатыр.

Биылғы көзқарас басқаша

– Қара Ертіс қар суына толған кезде Зайсанды ернеуінен асырады, – дейді Болатхан Асылханов. – Сол кезде көл маңындағы шағын ойпаттарға су толып, көл балығының біразы сонда қоныс аударады. Кейін су қайтқан кезде жолы жабылып, бірнеше мың балық жаз бойы сонда өмір сүруге мәжбүр болып қалады. Қыс кезінде көлшіктер түбіне дейін мұз болып қатып, жаңағы балықтар қырылып қалады. Күн жылынған көктемгі мезгілде мыңдаған тонна шіріген балық қайта көтерілген көл суымен көк айдынға құйылады. Өстіп, көл суын улайды. Міне, нағыз экологиялық апат.

Осыған дейін Ертістің маңайындағы көлшіктерде қамалып қалған балықты құтқарып келген кооператив мамандары биылдан бастап Зайсан көлінің өздеріне тиесілі бөлігінің маңына жіті зер сала бастаған. Көл маңындағы көлшіктерден бөлек, қамыс арасында қамалып қалған балықтарды құтқара бастады. Бұған дейін осындай аумақтарға көп көңіл бөліне бермей келгенін алға тартқан Болатхан Асылханов өздеріндегі егерьлік қызмет мамандары Зайсан балық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп арнайы көл бойын аралап, мұндай жерлердің біреуін ғана емес, бірнешеуін тапқанын айтады.

– Балық құтқару жұмыстары кезінде біздің жігіттер сегіз күн көл басында жатып жұмыс істейді. Сонау Ақтүбек, Қарсақбай, Бесшана, Жалтыр учаскелерімен бірге Ертістің ішін түгелдей сүзіп шығамыз. Бір көлшіктің өзінен екі мыңға жуық балықты сүзіп аламыз. Жанымызда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының, әкімдіктің, экологтар мен табиғат қорғау саласындағы құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірге жүріп, сүзген балықтарымызды санайды. Биыл ғана біздің құтқарған балықтарымыздың саны екі миллионнан асып жығылды, – дейді Болатхан Асылханов.

Сүзіліп алынған балықтар арнайы су толы бөшкелерге салынып, Зайсан мен Күршім аудандарын байланыстыратын Қара Ертістегі Боран көпірінің астында, Зайсан көліне төгіліп, қайтадан суға жіберіледі.

Жұмыс жаңа басталды

Жалпы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының хабарлауынша, мұндай жұмыстардың жүргізіліп келе жатқаны биыл ғана емес көрінеді. Өткен жылы балық құтқару жұмыстары 12 резервтегі және 15 қолданушыларға бекітілген балық шаруашылығын жүргізуге арналған учаскелерде жүргізілген.

– 2019 жылы түрлі жағдайда қамалып қалған 8,3 млн. балық құтқарылған болатын. Биыл бұл жұмыстар жаңа ғана басталуда. Бірінші болып «Байтоғас» және «Рыбаки Зайсана» өндірістік кооперативтері бастады. Бүгінгі таңда «Байтоғас» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2 100 000 балықты, ал «Рыбаки Зайсана» өндірістік кооперативі 1 330 000 балықты көлшіктерден сүзіп алып, үлкен суға қайтара жіберді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Фархат Байбазаров.

Оның айтуынша, өткен жылы облыс аумағында 4,3 млн. табан балық, 1,1 млн. мөңке, 1 млн. шортан, 795,4 мың алабұға, 300,5 мың аққайран, 215,4 мың торта балық, 175,8 мың көксерке, 163,4 мың қарабалық, 95 мың сазан, 79,6 мың нәлім, 66 мың тұқы мен 2,5 мың дөңмаңдай балығы құтқарылған.

Балықтандыру да басты назарда

«Байтоғас» ауыл шаруашылығы кооперативі тек балық аулап, оны құтқарумен ғана емес, сондай-ақ көк айдын байлығын толықтыруға да бірнеше жыл қатарынан атсалысып келеді. Тіптен Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының қос жағалауында көлді көл-көсір балықтандырумен айналысатын осындай ірі шаруашылық жоқ десе де болады. Жыл сайын берілген лимитке сәйкес орташа есеппен 600 тоннадан астам балық аулайтын кооператив күз түсе көлге жарты миллион шабақ жібереді.

– Көлді балықтандыру жұмыстары бөлек әңгіме, – деп Болатхан Асылханов сөзін жалғады. – Бұл бағыттағы жұмыстар сәлден соң, яғни қазан айында басталады. «Неге?» дейсіз бе, өйткені сол кезде судағы балыққа шүйілетін құстар азаяды. Міне, осы кезді біз де пайдаға жаратамыз. Жылда Күршім ауданының Мөлкебай елді мекенінде орналасқан Бұқтырма уылдырық шашу-балық өсіру шаруашылығынан 500 мың шабақты 8 миллион теңгеге сатып аламыз. Тірі балық таситын арнайы су таситын көліктерге оттегі балондарын қосып, шабақтарды өзіміздің зауытымыз орналасқан аумаққа жеткіземіз. Майшабақтарды қарақаз бен шағала жеп кетпес үшін түнгі мезетте көлге төгеміз. Осының барлығы – бір тәулік ішінде істелетін жұмыстар.

***

Осылайша, игі істің басын қайырып, өңір экологиясына елеулі үлес қосуды мақсат тұтқан шаруашылықтар облысымызда аз емес. Біз бұл жолы аймақта атқарылып жатқан теңдесі жоқ жұмыстарды бір ғана шаруашылықтың шеңберінде айттық. Десек те, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының, Қара Ертіс атырабының арғы не бергі бетінде дәл осыншама көлемде балық құтқарып, я болмаса балықтандырумен айналысатын шаруашылық жоқ шығар, сірә? Көл байлығын пайдаға жаратумен қатар, оны қорғай білу де – көрегендік. Бұл жұмыстар осымен тоқтап қалмайды деп сендірген кооператив басшысы балық құтқару кезеңімен қатар, қазан айынан бастап Зайсанды балықтандыру жұмыстарының да жалғасын табатынын алға тартты.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button