ЖаңалықтарТабиғат

КӨК ТЕҢБІЛ БАЛЫҚ ҚҰТ ЕКЕН  

Ұры айдап әкетпейді, жоғалмайды, қасқыр да жеп кетпейді. Көз алдыңда, көк  айдында, шарбақты тоғанда шоршып жатқан көп балықтың аты да ерекше –ханбалық, патша балық. Ежелден балықтың төресі саналатын, негізінен, елімізден тыс жерлерде ғана кездесетін бұл ханбалықтардың (форель) шығыста   өсіріліп, сатылып жатқанына бес-алты жыл болды.  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс турда Ертістің байлығын еселеп жатқан қос бірдей балық өсіру шаруашылығының бүгінгі жетістігін көріп,  болашағын бағамдадық.

Шарбақты тоған шабаққа толы

Мың құбылған  ханбалықтың атына сай артықшылығын  оның тіл үйірген дәмінен, әсіресе балалар денсаулығына пайдалы баға жетпес  жеңсік ас болып отырғандығынан-ақ түсінуге болады.

Облыста алғаш рет шарбақтық тәсілмен балық өсіру шаруашылығы 2015 жылы Ертіс өзенінің Өскемен су қоймасында құрылған болатын. Су қоймасын балық өсіруге пайдаланудың құжаттары әзірленіп, конкурс өткізіліп, нәтижесінде су айдынының екі учаскесін «Восток Универсал»  және «Грандфиш» ЖШС-тері ханбалық өсіру мақсатында пайдалануға алған. Қазіргі күні бұл екі шаруашылық та бастаған істерін сәтімен жалғастырып, Алтай ауданындағы Ермаковка ауылы маңында және Ұлан ауданының Новотроицкое ауылы тұсында арнайы бөлінген учаскелерде ханбалық өсіріп жатыр.

Ханбалықты шарбақты торда өсіретін  шаруашылықтардың  жұмысы  жылдан-жылға қарқын алып келеді. Бұғанға дейін облыста мұндай балық түрі өсірілмеген. Кәсіпкерлер ханбалық шабақтарын Алматы, Түркістан облыстарынан, сонау Польшадан әкеліп шарбаққа салып, көбейтіп жатыр. Тау бөктеріндегі Ертістің мұздай суы шабақтардың шығынсыз өсіп-жетілуіне аса қолайлы. Ханбалық шабақтары Ертістегі Өскемен су қоймасының ғана емес, Бұқтырма су қоймасы, Зайсан көлдеріндегі тоғандарға да жіберіліп келеді. Жергілікті кәсіпкерлердің ішінде қос шаруашылықтың қарқынын көріп, ханбалық өсірсем деп жүргендер де бар.  Осылайша, көксерке, сазанмен бірге көк теңбіл балық та Ертістің құтын кіргізіп, байлығын еселеп жатыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің облыстағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілдерінің айтқанындай, аймақта ханбалық өсіріп жатқан шаруашылықтардың жұмысы, серіктестіктердің өз міндеттемелерін орындауы қатаң бақылауда. Екі шаруашылықтың балықтары облыста ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де сатылып жатыр. Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан  қалаларында, Ресейде  «Восток Универсалдың» көк теңбіл ханбалықтарын сататын  бірнеше арнайы сауда нүктелері бар.

Ханбалықты қармақпен аулап жүр

Новотроицкое ауылы жанындағы «Восток Универсал»  шаруашылығы балық өсіру  учаскесінде  спорттық балық аулау орындары да ашылыпты. Балық аулауды аңсап Ертіске келген ел бұл жерден қармақ салып ханбалық аулап қана қоймай, таза ауада демалып, жан сергітіп қайтуға қолайлы жағдай туғызылғанын көрдік. Жағалау инфрақұрылымын құру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Спорттық балық аулауды ұйымдастыру үшін  1500,0 мың теңгеге күрке құрастырылып, пайдалануға берілген. Серіктестік директоры Вячеслав Асанов келешекте тоған жанынан балаларға арналған алаң ашуды да ойластырып жатқанын жеткізді.

Шаруашылықтың   инкубациялық цехында ханбалықтың уылдырығынан шыққан құртшабақтар шабаққа айналып өсіп-өнген соң, бір айдан кейін тауарлы балық ретінде сату үшін  судағы шарбақты торға жіберіліп жатыр.

– Алғашында ханбалық уылдырықтарын, олардан дернәсілдер  шығаратын арнайы инкубаторлар сатып алдық. Одан әрі құртшабақтарды көбейтуге тиісті жағдайлар туғызып, шарбақты торлар құрып, олардың бәрін шабаққа толтырдық, – дейді шарбақты тоғанда балық өсірудің қыр-сырымен бөліскен кәсіпкер Вячеслав Асанов. Осылайша, үздіксіз жұмыс істеген «Восток Универсал» бірер жылдың ішінде бірегей шаруашылыққа айналып үлгерген. Шарбақты тоғандарда  жылына 300 тоннаға тарта ханбалық өсіріліп, саудаланып жатыр. Серіктестік ұжымы алдағы жылдары оның көлемін екі-үш есеге арттыруға ұмтылуда. Жыл басында еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда балық өсіру көлемін жылына 7 мың тоннадан 60 мың тоннаға дейін жеткізуге жағдай  барын  және ханбалық пен атлантикалық ақсерке (лосось) балықтарын өсіру арқылы импорт көлемін азайта алатындығымызды мәлімдеген болатын. Енді Ертісте ханбалықты көбейтіп жатқан қос шаруашылықтың балықтары да шеттен ағылып келіп жатқан балық өнімдерін емін-еркін ығыстыруға мүмкіндік бермек.

Ұры айдап әкетпейді, жоғалмайды, қасқыр да жеп кетпейді. Көз алдыңда, көк айдында, шарбақты тоғанда шоршып жатқан көп балықты өсіру мал баққаннан оңайлау  деп ойлағанмен, оның тамағы мен бабы қомақты қаржыны, көп еңбекті қажет етеді. Тоған басында балықтардың күтімімен айналысып жүрген бригада жұмысшылары балықтардың жемі мен қажетті  қорегін уақытында шашып, мезгіл-мезгілімен тамақтандырып отырады. Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында ханбалықтың 300 мың дана уылдырығы сатып алынып, инкубациялық кезеңнен ойдағыдай өткізілген. Уылдырық сатып алуға  2 310,0 мың теңге, балыққа арналған азық сатып алуға анау-мынау емес,  11, 795, 3 мың теңге жұмсалыпты.

– Балық ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін 2006 жылдан бастап келісімшарт бойынша өңірдегі табиғат пайдаланушыларға балық шаруашылығы су айдындары (учаскелері) ұзақ (5 жылдан 49 жылға дейін) мерзімге бекітіліп берілді. Облыстағы екі балық өсіру шаруашылығына Өскемен су қоймасының учаскелері он жылға жалға берілді. Балық өсіруші шаруашылықтар өз кәсібін дөңгелетіп, министрлік алдындағы міндеттемелерін толық орындап отыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы су айдындарын пайдалануға алған шаруашылықтардың мелиорациялық жұмыстарды жүргізуін, жағажайларды таза ұстауын, бизнес субъектілеріне берілген аумақтың қорықшылармен қорғалуын, қысқы уақыттарда мұз астындағы балықтарға ауа өткізу түтікшелерін орнату, рұқсат етілген мөлшерден артық балық аулауға жол бермеуді және, ең бастысы, ауланған балық көлеміне байланысты жыл сайын жаңа шабақтардың суға жіберілуін үнемі бақылап, қадағалап отыр, – дейді облыстағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы   Фархат Байбазаров.

2020 жылғы 25 шілдедегі жағдай бойынша, Шығыс Қазақстан облысының балық шаруашылығы су айдындарында халықаралық және республикалық маңызы бар 60 учаске бар. Оның 24-і пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Жергілікті маңызы бар 96 су айдынының 27-сін 22 пайдаланушы жалға алып, балық шаруашылығымен айналысуда.

Облыстағы балық шаруашылығы су айдындарының қатарына: Зайсан көлі, Бұқтырма су қоймасы, Шүлбі су қоймасы, Өскемен су қоймасы, Ертіс өзені,  Алакөл көлдері сияқты басты су айдындары кіреді. Солардың ішінде  Ертіс су бассейні еліміздің балық шаруашылығы бассейндерінің ішінде көлемі бойынша үшінші орында. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, шығыстың су айдындарындағы балық қорының молдығы әрі қарқынды түрде көбейтіліп жатқаны  аймақта балық шаруашылығының болашағы зор екенін көрсетіп  отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button