Көгілдір отынмен қамту жалғасады
Аймақ басшысы Даниал Ахметов Зайсан ауданы әкімінің тұрғындармен есептік кездесуіне қатысты. Серік Ақтанов өткен жылы атқарылған жұмыстарға, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге кеңінен тоқтала келіп, осы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады.
Өңірдің даму қарқыны жаман емес. Негізгі көрсеткіштер 2018 жылға қарағанда біршама өсіпті. Айталық, аудан экономикасына өткен жылы құйылған инвестиция көлемінің өзі 8 миллиард теңгеден асып отыр.Бұдан бөлек, мұқтаж тұрғындарға жіті көңіл бөлініп келеді, мәселен, былтыр аудандағы 11 көпбалалы отбасыға баспана берілген. Бұл игі іс осы жылы да жалғасатын болады.
Айталық, әлеуметтік салада биыл ауданда атаулы әлеуметтік көмекті 816 отбасы, яғни 3898 адам алады. Ал аталмыш көмек төлемі жалғастырылмайтын, табысы жоғарылаған аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарды әлеуметтік белсенді шараларға қатыстыру, бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттар, шағын несиелер беру арқылы жұмыспен қамту, асыл тұқымды сүтті сиырлар алып беру көзделіп отыр.
– Ауыл шаруашылығы бағытында кәсіпкерлер палатасымен бірігіп асыл тұқымды мал басын көбейту үшін жеңілдетілген несиелер беру, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша халықтан сүт жинауды арттыру, соя мен жүгері өнімін көбейту – алдағы жылдың маңызды міндеттері, – деді аудан басшысы Серік Ақтанов.
Сонымен қатар осы көктемде құрылысы аяқталатын Зайсан қаласының Боқажанов көшесіндегі 30 пәтерлі тұрғын үйдің 27 пәтері көпбалалы отбасыларға берілмек.
Мұнымен қоса, аудан әкімдігі көпбалалы отбасылардың сұранысы бойынша Зайсан қаласының Сауыр шағын ауданындағы инженерлік желілері бар жер учаскелеріне салынатын бірқабатты типтік 30 үйдің жобасын дайындау, осы қалада көпбалалы отбасыларға тағы 60 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй салу, сондай-ақ жеке үй тұрғызуға арналған алаңдарға инженерлік желілер тарту көзделуде.
Биыл Қаратал ауылының ішкі жолдарын, Омбы – Майқапшағай – Жарсу – Бақасу – Саржыра жолын, қаланың Қабанбай, Шаймардан, Жангелдин, Ибраев, Құнияров көшелерін жөндеу қарастырылып отыр. Әуежайдың ұшып-қону жолағын жаңарту ісі де басталады.
Жоспарда Ақарал, Шүршітсу, Қабырғатал, Қосқора ауылдарын ауызсумен қамту, ауданның сегіз елді мекеніне газ құбырынтартуды аяқтау, аудан орталығының Боқажанов көшесіндегі үйлердің қазандығын газға ауыстыру сынды ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Білім саласы бойынша облыстық бюджет есебінен Ломоносов атындағы мектепке күрделі, ал Кеңсай, Қазақстан, Амангелді, Шекарашы мектептеріне ағымдағы жөндеу жүргізіледі, Зайсан қаласындағы 300 орындық мектеп құрылысының және Гагарин атындағы мектептің жылу қазандығын газға ауыстыру жобалары мемлекеттік сараптамадан өтіп, Мүкарама мектебінің төбесін жөндеу жобасы әзірленеді.
– Даниал Кенжетайұлы, кейбір әлеуметтік мәселелердің маңызын ескере отырып, облыстық бюджетті нақтылау кезінде Зайсан қаласындағыалты көшенің орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау, жеті ауылды орталықтандырылған сумен толық қамту, ауданның қалған алты елді мекенін газдандыру құжатын әзірлеу, Тарбағатай және Зайсан аудандарын қамтитын газ таратқыш станцияны жаңарту жобаларына қолдау көрсетуіңізді сұраймын, – деді жиында Серік Ақтанов.
Аймақ басшысы ауданның Шілікті, Тасбастау, Жалшижәне өзге де елдімекендерін көгілдір отынмен қамтуға осы жылы 50 миллион теңге бөлінетінін жеткізді.
–Ауданның дамуына қажетті қаражат тиісті мөлшерде бөлінетін болады. Осы ретте жұртшылық өкілдері жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, сол қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын ұдайы қадағалап отыруы қажет. Құрылыс, жөндеу, өзге де жұмыстардың сапасызатқарылуына жол беруге болмайды, – деді Даниал Ахметов.
Кездесу барысында аудан тұрғындары тарапынан ауыл шаруашылығымен айналысуға жеңілдетілген несие алуға, әлеуметтік қамтуға, жолдарды жөндеуге, ауылдарды абаттандыруға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Облыс әкімі барлық өтініш-талаптарды назарға алып, тиісті сала басшыларына оларды жуық арада шешуге тапсырма берді.
Зайсанда жаңа емхана салынады
Облыс әкімі Даниал Ахметов сапары барысында Зайсан қаласындағы аудандық ауруханаға барып, мекеменің жағдайымен танысты.
– Аурухананың жұмысы, құрал-жабдықтармен жарақталуы көңілімнен шығып отыр. Десек те, аудан тұрғындарына тарлау екені анық. Бұл мәселе шешіледі, – деді облыс әкімі.
Алдағы уақытта аталмыш ғимарат күрделі жөнделіп, орталық аурухананың акушерлік бөлімі екінші деңгейге өтетін болады, материалдық-техникалық базасы да нығайтылады.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджановтың айтуынша, осы жылы аталмыш ауданнан 111дәрігер біліктілігін шыңдайды, оның ішінде сегізі шетелге бармақ.
Сондай-ақ Зайсан қаласында күніне 160 адам қабылдауға арналған 20 төсектік күндізгі стационары бар емхана салынатын болды.
Қазіргі уақытта аталған жобалар облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген 2020-2024 жылдарға арналған бес шекаралық ауданды дамыту жоспарына енгізіліп отыр.
Аймақ басшысы, сондай-ақ Зайсанның Сауыр мөлтек ауданында орналасқан Мұрат Дәуленов атындағы мектептің қосалқы ғимаратына да ат басын бұрды.
Мектептің бес жылдай бос тұрған ескі ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізуге облыс әкімініңтапсырмасымен33 миллион теңге бөлінген-ді.Қазіргі кезде қажетті жабдықтары алынуда, жуықта 100 орындық білім ордасы бастауыш мектеп ретіндепайдалануға беріледі.
– Ауылдардағы мектептер барлық талаптарға сай болуы тиіс. Білім сапасы – еліміздегі ең басты міндеттердің бірі, – деп ескерткен Даниал Ахметов атқарылған жұмыстардың нәтижесіне оң бағасын берді.
Ержан Әбіш