Жаңалықтар

Жұқпалы дертпен күреске қоғамдық ұйымдар да жұмылады

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Халықтың осал топтарының мүддесін қорғайтын  үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қызметін қолдау – олардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл әсіресе туберкулез сияқты әлеуметтік дертпен күресуде өте маңызды. Облыста осы бағытта жұмыс істейтін ҮЕҰ-ға қолдау көрсетіліп, жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп келеді.

Облыстың фтизиопульмонологиялық орталығы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өңірде туберкулез ауруымен ауыратын адамдардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Мысалы, олардың 52,7 %-ы – жұмыссыздар,  5,6%-ы – үй-күйсіз жүрген жандар, 8,3%-ы – зейнеткерлер, 13,8%-ы –  АИТВ жұқтырғандар, 2,7%-ы – нашақорлар, 12,5%-ы – ішімдікке салынғандар, сондай-ақ жазасын өтеген адамдардың 1,4%-ы туберкулезге шалдыққан.

Аймақтағы туберкулезге қатысты эпидемиологиялық ахуалға келсек, биылғы үш айдың қорытындысы бойынша туберкулез жұқтырғандар қатары былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10 пайызға артқан. Сырқаттанушылықтың өсуі алты ауданда тіркеліп отыр. Атап айтсақ, Самар ауданында 100 мың тұрғынға шаққанда екі адамға, Күршім ауданында бес адамға, Алтай, Шемонайха, Ұлан және Зайсан аудандарында бір адамға артқан.

Туберкулездің бактерия бөлетін түрінің жаңа жағдайлары керісінше былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 21,3 пайызға кемігені байқалады. Жыл басынан бергі үш айда үш науқаста туберкулездің асқынған түрі анықталды. Оның біреуі облыс орталығында тіркелді және ол адамның АИТВ жұқтырғаны, үй-күйсіз жүрген нашақор екендігі белгілі болды. Қалған екеудің бірі Шемонайхада (үйсіз-күйсіз жүрген адам), біреуі Күршімде (жұмыссыз жүрген адам) тіркелді. Үш жағдайда да науқастар ауруханаға өздері келген. Екеуі екі жыл бойы флюорографиядан өтпепті, ал үшіншісі 2018 жылдан бері тексерілмеген болып шықты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  халыққа Жолдауында «Азаматтық қоғамды қолдау және нығайту қажет,  оларды неғұрлым өзекті жалпымемлекеттік міндеттерді талқылау және  шешу мақсатында тарту қажет» деп атап өткен болатын.

Өңірдегі «Қуат» үкіметтік емес ұйымы – туберкулезбен науқастанған халықтың осал топтарының мүддесін қорғайтын  қоғамдық ұйымдардың бірі. Қоғамдық ұйым белсенділері емханаға өз бетімен келмейтін, ем-домнан қашып жүрген тәуекел тобындағы адамдарды іздеп табуға, олардың медициналық қызмет алуын қадағалауға көп септігін тигізеді. Ұйым мүшелерінің көмегімен туберкулездің алдын алу бағытындағы ақпараттандыру шаралары кең ауқымда жүргізіледі. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдарды туберкулезге қарсы күресте медициналық қоғамдастық пен жоғары тәуекел тобындағылар арасын байланыстырған көпір десе де болады.

– Туберкулез компоненті бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қолдау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге жәрдемдескені үшін облыс басшылығына алғыс айтамыз. Бұл өте маңызды бағыттардың бірі, – дейді облыстың фтизиопульмонологиялық орталығының басшысы Райфа Сафиоллинова.

Орталық басшысы атап өткендей, туберкулезбен ауыратын науқастарға емнің амбулаториялық кезеңінде өңірдегі аудан-қалалардың әкімдіктері тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биылғы үш айда облыста 294 пациент әлеуметтік көмек алған.

– Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша 294 адам әлеуметтік көмекпен қамтылды, бұл – амбулаториялық ем алатын барлық 305 науқастың 96,3%-ы. Былтырғы осы кезеңде амбулаториялық ем алатын 324 пациенттің 45,3%-ы ғана әлеуметтік көмек алған. Жергілікті бюджеттен осы мақсатқа  17 691,6 мың теңге бөлінді, бұл 2023 жылға сәйкес кезеңнен 71,5%-ға артық. Облыста әлеуметтік көмек көрсетудің тиімділігі 5,4%-ға жетті (2023 жылдың үш айында 2,3% болған). Облыс бойынша әлеуметтік төлемдер науқастарға  ай сайын  төленеді, –  деп қосты Райфа Сафиоллинова.

Осы айдарда

Back to top button