Білім

Жүз мектептен 200 мұғалім таңдап алынады

Осы жылдың соңына дейін ШҚО-да екі мектеп пайдалануға беріледі, келер жылы тағы алты мектептің құрылысы аяқталады.
ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, облыста білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Кейінгі бес жылда «Үштілді білім беруді дамыту» өңірлік жобасы аясында тілдік пәндер мұғалімдерінің кәсіби деңгейі артты. Нәтижесінде мұғалімдердің оқыту әдістемесін меңгеруі 14%-дан 89%-ға дейін, ал оқушылардың білім сапасы 53%-дан 62%-ға дейін артты.
– Биыл біз орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін практикалық оқытудың сапасын арттыруға бағытталған жобаның үш жылдық кезеңін іске асыруды бастаймыз. Ол үшін облыстың жүз жетекші мектебінен 200 мұғалім практикалық қазақ тілін тереңдетіп оқыту мақсатында қайта оқытылды, – деді брифинг барысында Даниал Ахметов.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау үшін биылдан бастап халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздарына біржолғы сыйақы төлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ балабақшалар мен мектептердегі қауіпсіздік басты назарда. Барлық оқу орны бейнебақылау жүйелерімен, арнайы күзетпен қамтамасыз етіліп, дабыл жүйесі, турникеттер мен металл детекторлар орнатылуда.
Президенттің 2025 жылға дейін Қазақстанда 1000 мектеп салу тапсырмасын орындау аясында, ескі, шағын жинақталған, ағаш және сабақ өткізуге арналмаған ғимараттардың орнына облыста 33 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін Семей қаласының Степное кентінде 300 орындық және Восточное ауылында 1200 орындық екі мектеп пайдалануға беріледі. Келер жылы тағы алты мектептің құрылысы аяқталады.
Сондай-ақ облыстың балалары мен жастарын әлемдік стандарттар бойынша оқыту үшін «Зерде» ғылыми-шығармашылық білім беру орталығының құрылысы басталады. Бұл жобаның бірегейлігі – ғылыми зертханалар, мұражай экспозициялары мен шығармашылық сыныптар бір жерде шоғырланады.
– Еңбек ресурстарын дайындау мәселесіне көзқарас айтарлықтай өзгерді. «Жас маман» жобасы бойынша базалық колледждер жанынан алты құзыреттілік орталығы ашылды, онда студенттер заманауи қондырғыларды қолдана отырып практикадан өте алады. Жыл соңына дейін тағы бес орталық ашылады, – деді ШҚо әкімі.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту мәселелері шешілуде. Колледждерге жоспарланған жеті жатақхананың бесеуі (1520 орындық) пайдалануға берілді, екі жатақхананың (488 орындық) құрылысы жүргізілуде.

 

Осы айдарда

Back to top button