СпортТОП

Жолудевтің жолы болды

Түркияның Кония қаласында жалауы желбіреген V Ислам ынтымақтастық ойындарында өскемендік спортшы қола медальға қол жеткізді.

Ислам әлемінің кіл мықтылары жиылған байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облысының атынан үш спортшы өнер көрсетті. Олар: жеңіл атлет Андрей Соколов, грек-рим күресінің шебері Ернар Фидахметов және үстел теннисінен Денис Жолудев.

Спорттың 27 түрінен дүлдүлдерді анықтаған дүбірлі додада бірінші болып жарыс жолына Андрей Соколов шықты. Өскемендік желаяқ 400 метр қашықтықты 48,44 секундта жүгіріп өткенімен, келесі кезеңге шыға алмай қалды.

Есесіне, Жолудевтің жолы болды. Алдымен жерлесіміз Сауд Арабиясының намысын қорғаған Абдулазиз Бу Шулаибиден 3:1 есебімен басым түссе, ширек финалда сенегалдық Ирагим Диауды жеңді. Сөйтіп жартылай финалға жолдама алды. Бұл кемінде қола медаль!

Алайда Денисті бұл кезеңде Токио Олимпиадасының қатысушысы ирандық Нима Аламиан күтіп тұрған. Тәжірибесі мол, шеберлігі басым ирандық теннисші өз дегеніне жетті. Ал Денис Жолудев Ислам ынтымақтастық ойындарының қола жүлдесін қанағат тұтты.

Сара Жомарт

 

Осы айдарда

Back to top button