Жаңалықтар

Жол үстіндегі бұзақылар жазаланды

Облысымызда көлігіне бейәдеп сөз жазып алған азамат айыппұл арқалады. Тұрғындар көлікті бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған, сондай-ақ бұзақылық туралы полиция қызметкерлеріне хабарлаған екен.

Тәртіп сақшылары артқы терезесіне былапыт сөз жазылған «Ваз-21099» көлігінің тізгіндеушісін Глубокое ауданы, Бобровка ауылынан тапты.

Көлік жүргізушісі өз қателігін мойындап, көлігіндегі былапыт сөзді сол жерде өшіріп тастады. Ал полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық бойынша көлік жүргізушісіне айыппұл салып, хаттама толтырды.

– Бізге көлігінің артқы терезесіне былапыт сөз жазып алған тұрғын туралы хабарлама келіп түскен. Жедел іздестіру барысында көлік жүргізушісін Бобровка ауылынан таптық. Көлік жүргізушісі өзінің кінәсін мойындап, айыппұл арқалады. Сондай-ақ көліктің техникалық талапқа сай емес екендігі де анықталып, әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Көлік иесі терезедегі былапыт сөз жазылған жапсырманы оқиға орнында алып тастады, – дейді Глубокое аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция инспекторы, аға лейтенант Азамат Бақытбекұлы.

Көлік жүргізушісі бұл әрекетінің бұзақылық екенін білмегенін алға тартып, енді қайталамайтынын айтты.

Сондай-ақ Зайсан ауданында есіксіз көлікпен жүрген азаматтар да жазаланды. Бұл бұзушылық туралы да әлеуметтік желі арқылы белгілі болды.

Жол жүру қағидаларын бұзу сәті кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдардың бейнеролигінде түсіп, кейіннен ғаламтор желісінде кеңінен тараған екен.

– Зайсан қаласы көшелерінің біріндегі жастар алдыңғы және артқы есіктері жоқ көлікпен жүріп, өздері үшін де, айналасындағылар үшін де қауіпті жағдай туғызатын сәт камера объективіне түсіп қалған. 20 жастағы жүргізуші көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция департаменті облыс тұрғындарын жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.

Дидар ақпарат

Осы айдарда

Back to top button