Білім

Жөндеу жұмыстары тәмамдалды

Өңірдегі барлық оқу орындарында жөндеу жұмыстары тәмамдалды. Сондай-ақ көмірмен жылытылатын барша мектептер отынмен толық қамтылған. Бұл жөнінде білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы талқыланған жиында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

Өңірде 342 мектеп бар, оларда 95 мың оқушы оқитын болады. Басты жаңалық – Шығыс Қазақстанның барлық мектептері енді бес күндік оқу аптасына көшпек.

– Біз көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың барлық оқушыларын мектеп формасымен, аяқ киіммен, тегін жол жүрумен қамтыдық. 27 тамызға дейін барлық мектептер оқулықтармен қамтылмақ, бүгінге дейін оқу құралдарының 80%-ын сатып алдық, – деді Даниал Ахметов.

Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде жеті мектеп салынып жатыр. Олардың бірі осы оқу жылында Риддерде ашылады. Сондай-ақ Күршім ауданындағы Жолнұсқау, Ұранқай ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға беріледі. Ұранқай мектебі 1 қазаннан іске кіріседі, оған дейін балалар ескі мектепте оқи тұрады.

Өскеменнің іргесіндегі Шығыс кентінің бастауыш сынып оқушыларына қазан айына дейін жөнделіп жатқан мектепте оқуға тура келеді. Он жыл бұрын салынған мектепте жарықшақтар пайда болып, мердігерлердің өзара келіспеушілігі салдарынан жөндеу ұзаққа созылған. Ересек балалар уақытша көрші Ахмер кентінің мектебіне тасымалданбақ.

Мектепке дейінгі біліммен қамтылу үш жастан алты жасқа дейін 100%-ды, екі жастан алты жасқа дейін 97,7%-ды құрап отыр. Алдағы айда Өскеменде төрт балабақша пайдалануға беріледі. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша Аблакетка ықшам ауданында 140 орындық балабақша ашылады. Келер жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тағы төрт, инвесторлар есебінен бес балабақша жұмысын бастайды. Осылайша, келесі жылы екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100%-ға жетеді.

Мектептерді ағымдағы, күрделі жөндеу аяқталды. Облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ. Көмірмен жылытылатын барша мектептер 100% отынмен қамтылған.

– Биыл біз жоғары оқу орындары мен колледждерде мамандар даярлау үшін 450 грант бөлдік. Алғаш рет ветеринарларды оқытуға гранттар берілді, өйткені осы мамандыққа сұраныс көп, – деді облыс әкімі.

Ержан Әбіш

 

 

Осы айдарда

Back to top button