Жеті жоба жүзеге асырылды
Бұқтырма ауылындағы жылумен жабдықтайтын желілерді жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын таппақ.
Алтай аудан әкімдігінің хабарлауынша, бүгінгі күні өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және елді мекендерді абаттандыру мәселелері тұрақты түрде шешімін тауып жатқан көрінеді. Мысалы, өткен жылы аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен және жылумен қамтамасыз ету мақсатында жеті жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Зубовка кентінде су құбыры желілері қайта жөнделіп, Алтай қаласының жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрайтын сумен жабдықтау желілерін жаңартуға бағытталған екі ірі жоба жалғастырылды.
Бұдан бөлек, Парыгино ауылы мен Көгілдір Бұғаз демалыс аймағында сумен жабдықтау жүйесін орнату бойынша 38,9 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауданның Баяновск, Кутиха, Ермаковка, Александровка, Пролетарка, Снегирево, Селезневка, Быково, Алтайка, Ладман, Сажаевка, Восточное, Андреевка, Александровка, Орловка, Ленинск сияқты ауылдарында 16 блокты – модульді су тазарту станциялары орнатылды.
Ал Жаңа Бұқтырма кентіндегі жалпы ұзындығы 7,3 шақырымдық жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту жұмыстары биыл жалғасын таппақ.
Азамат Темірбеков