Қоғам

«Жеті бауыр» ескерткіші

Еліміздің әр өңірінде бой көтерген ескерткіштердің қатары көп. Алайда бәрі де тарихтан сыр шертіп, танымдық мақсатта қойылды деп тағы айта алмаймыз. Аталарын түгендеп кеткендер де аз емес. Ал мына бір ескерткіштің естен кетпес тарихы бір көрген адамның санасында қалатын көрінеді. Бірақ біздің елде болмаса да, адамзат тарихымен тамырлас дүние.

Сонау Солтүстік Осетия-Алания Республикасының батысындағы Алагирск ауданында Дзуарикау атты шағын ауыл орналасқан. Сол ауылда  «Жеті бауырға ескерткіш» атты монумент бар. Қанаттаса ұшқан жеті тырна бейнеленген. Монументтің етегінде қайғыдан қара жамылған ананың мүсіні бар. Бұны көрген адамның санасына «Неге бұлай?» деген сауал бірден оралады екен. Өйткені өнер туындысы өмірден құн сұрап тұрғандай кейіпте сомдалған.

Көрген-білгендердің жазуынша, бұл – тағдырлы ескерткіш. Тарихы мынадай: Екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын бұл ауылда Газдановтар отбасы өмір сүрген. Отағасының аты – Асахмет болса, отанасының есімі – Тассо. Бақытты отбасының жеті ұл, бір қызы болыпты. Жетеуі жеті жұрттың тілін, жеті өнердің сырын білген өнерлі жандар болыпты. Сонысымен де елге қадірлі болған көрінеді. Алайда өнер майданында жүрген жандарды соғыс өлім майданына алып кетеді. Әулеттің үлкені Магомед пен кішісі Хасанбек 1943 жылы хабарсыз кетсе, Махарбек 1941 жылы Мәскеу түбінде, Хажисмел Севастопольді қорғауда, Жарахмет Новороссийск шайқасында қаза тауыпты. Бесінші ұл Созерко Киев үшін болған шайқаста, алтыншы баласы Шамил 1945 жылы Ригада госпитальда жатып, ауыр жарақат салдарынан бақилық болған екен.

Жеті бірдей батырдың анасы үшінші баласынан келген қара қағаздан кейін қайғыны көтере алмай бақилық болыпты. Жетінші ұлым тірі келер деген әке жалғыз немересін құшақтап үмітпен күн өткізіпті. Ал соңғы ұлынан келген қара қағазды апарудан пошташы бас тартыпты. Осылайша, ауыл ақсақалдары қаралы хабарды естіртуге аттанады. Олардың қара жамылып келе жатқанын көрген Асахмет қария немересі Миланы құшақтаған күйі мәңгілікке аттанып кеткен екен.

Тағдыр сынаққа салған әулеттің соңында қалған Мила Жарахметқызы Газданованың естелігінде: «Ағайынды Газдановтардың соңғысы майданға аттанған сәттен бастап, апам ораза ұстады. Күндіз де, түнде де тамақтанбады. Ол аптаның әр күнін жеті ұлына бір-бірден арнады. Ал атам қаралы хабар әкеле жатқан адамдарды көрді де, мені құшақтаған күйі «Осымен бәрі бітті, ең соңғы үмітім өшті» деді де, өзі де ұлдарының соңынан аттанды» депті.

Міне, осы бір тағдырлы оқиғаны тарихта қалдыруды мақсат еткен ауылдастары 1963 жылы «Жеті бауыр» атты ескерткішті тұрғызыпты.

Кейін осы ескерткішті көрген атақты дағыстандық ақын Расул Ғамзатов «Тырналар жыры» атты өлең жазып, оны Ян Френкель ән қылып әуелетіпті. Көргенде көкірегіңді қарс айыратын ескерткіштің тарихы осындай.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button