Тәуелсіздік - 30

Жермен жұмыс істей білу қажет

Қазақстан Кеңес дәуірінде аграрлық және шикізат өндіруші мемлекет ретінде танылған еді. Тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгеннен кейін пайдалы қазбаларымыз бен кен орындарымызды игеріп, әлемдегі бай мемлекеттердің біріне айналып отырмыз. Дегенмен, ел Тәуелсіздігінің негізін қамтамасыз ететін іргетас – ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі.

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің ауыл шаруашылығы экономиканың нарыққа көшу кезеңіндегі өндірістің құлдырауын басынан кешіріп, күрделі жолдан өтті. Ал 1999 жылдан бері сала өнеркәсібі барлық жерде біртіндеп дами бастады. Тәуелсіздік кезеңінде елдің агроөнеркәсіптік кешені айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, өндірісі өсті, еңбек өнімділігі ұлғайды, негізгі қорлары жаңартылды және саланың инфрақұрылымы да қалпына келді. Еліміз негізгі азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ететіндей жағдайға жетті, дәнді және майлы дақылдардың, сондай-ақ балық өнімдерінің экспорты айтарлықтай артты.

Жекеменшікке өткен алғашқы шаруашылықтардың бірі Семейдегі «Приречное» агрофирмасы еді. Осы шаруашылықтың негізін қалаған  Мұхит Тұмабаев отандық ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешеннің қалыптасуы туралы өз естеліктерімен бөлісті.

– «Приречное» – алғашқы жекеменшік шаруашылық. Мен мұнда 1979 жылы келдім, осында 42 жыл тұрып, жұмыс істеп келемін. Басшылық лауазымда жүргеніме отыз жылдан асты. Алғашқы кезде, әрине, оңай болған жоқ. Сол кезде Тұңғыш Президент жедел шешімдер қабылдайтын, басқа амал жоқ еді. Барлық шаруашылықтар дербестік алды. Қиын болды, бірақ таңдалған жол дұрыс еді. Бұрын бізде жоспарланған жүйе болатын-ды. Біздер, басшылар, малшылар мен шопандарға тиісті жалақыдан артық төлей алмайтынбыз, белгілі бір лимит болды. Бұл қазіргідей нарықтық қатынастар емес қой, ал бүгінде бәрі келісімшарт бойынша атқарылады, – деп еске алады Мұхит Тұмабаев.

Агрофирма басшысы агроөнеркәсіптік бизнесті дамыту жолдарын талқылау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВПЕН бірнеше рет кездескенін әңгімелеп берді. Ол, сондай-ақ қазіргі кезде агробизнеспен айналысудың өте тиімді екенін де атап өтті.

– Маған Елбасы алдында бірнеше рет сөз сөйлеудің сәті түсті. Сол жылдары Тұңғыш Президент ауыл шаруашылығының мамандарын жеке өзі жинап, бізбен ой-пікір алмасып, алдағы жұмыс жоспарын пысықтайтын. Мен кездесулерге жиі барып жүрдім. 1994 жылы Голландияға барып, картоп өсіру технологиясын алып келдім. Технологиялар қазір қарыштап дамып барады. Жер алыңыз, міне сізге – техника, міне сізге – мал, жұмыс істеңіз. Ал қазір кейбіреулер реформаларды дұрыс түсінбейді. Мәселен, біреулер отыз бас малын сатады да, қымбат шетелдік көлік алады, ал жері бос жатыр. Бұлай етуге болмайды. Жермен жұмыс істеу керек! Мемлекет тарапынан жерді өңдеуге, мал шаруашылығымен айналысуға барлық жағдай жасалуда. Іс алға жылжуы үшін патриот болып, елдің дамуына үлес қосу керек, – деп ой түйіндейді Мұхит Тұмабаев.

«Приречное» агрофирмасы – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған және бүгінде экономиканың дамуына үлкен үлес қосып отырған Семей өңіріндегі ірі шаруашылықтардың бірі. Кәсіпорын жақын маңдағы өңірлерді көкөніспен қамтиды, асыл тұқымды мал өсіреді, сонымен қатар ет экспорты бойынша ірі жобалармен айналысып келеді.

 

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button