Спорт

Жерлестеріміз сенімді ақтады

Осыдан бірер күн Вьетнамның Хошимин қаласында таэквондодан бірден екі ірі дода – кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаттары мәресіне жеткен болатын. Сары құрлықтың кіл мықтысы қатысқан байрақты бәсекелерде шығысқазақстандық таэквондошылар тамаша өнер көрсете білді.

Мәселен, жасөспірімдер арасындағы доданың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржыны жеті жүлдемен толықса, соның екеуін біздің жерлестер жеңіп алды.

Алдымен Батырхан Тілеуғалидың қанжығасы майланды. 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Батырхан түгелдей дерлік қарсыласын сенімді жеңіп, тек бір ғана жекпе-жекте сүрінді. Дегенмен осының өзі шығысқазақстандық таэквондошының үшінші орыннан көрінуіне, яғни Азия біріншілігінің қола жүлдегері атануына жеткілікті еді.

Ал жарыстың соңғы күні татамиге шыққан тағы бір спортшымыз күміс медаль иегері атанды. Бұл 78 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Бекарыс Бекенов болатын.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл күндері Хошимин қаласында тағы бір ірі халықаралық жарыс – кадеттер арасындағы Азия біріншілігі өткен болатын. Бұл бәсекеде ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Сұрановтың шәкірттері тіптен тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, аталмыш жарыста ел намысын 20 таэквондошымыз қорғаған екен. Соның дені жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Сенімді ақтағандардың арасында Медет Елемесов пен Дарын Зәйнеш те бар. Шығысқазақстандық қос спортшының екеуі де финалға іркілмей жетіп, чемпиондық атақ үшін таласты. Тек бір өзгешелігі, 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дарын Зәйнеш бұл жолы финалдағы қарсыласына жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтса, салмағы 53 келіден аспайтын спортшылар сайысында мінсіз өнер көрсеткен Медет Елемесов алтыннан алқа тақты.

Дүбірлі додалардан олжалы оралған таэквондошылар мен бапкер Қайдар Қабышевты Өскемен әуежайынан жанкүйерлері мен жақындары күтіп алып, оларға лайықты құрмет көрсетті.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button