Жемқорлыққа ымырасыздық
Өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа ымырасыздықты қалыптастыру мақсатында Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханада жас оқырмандармен кездесу өтті.
Кітапхананың әдістемелік бөлім меңгерушісі И.Каланчина сыбайлас жемқорлық түсінігін орыс классиктері шығармаларынан келтірілген мысалмен түсіндірді.
– Николай Гогольдің өздеріңе белгілі «Ревизор» шығармасында жымқыру, ұрлау сияқты келеңсіз әрекеттер кеңінен сипатталып, жазылған. Яғни бұрынғы кезде «сыбайлас жемқорлық» сөзінің қолданыста болмағанына қарамастан, оның көріністері адамзаттың даму кезеңінің қай кезінде болмасын кездескен, – деді кітапханашы.
«Парасатты жол» жобасы аясында өткен кездесуде облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі Мейіргүл Сахариева жас буын өкілдеріне парасаттылық ұғымын түсіндіріп, «Парасатты жол» орталығының маңыздылығы туралы айтты. Адалдық, әділдік және сатылмаушылық сияқты құндылықтарды дәріптеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте күш біріктіруге шақырды. Соңынан балаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
Кәмал Естай