Antikor Live

Жемқорлықпен ымырашылдық болмайды

Шығыс Қазақстан бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев өзінің аймақтағы алғашқы жұмыс сапарын Глубокое ауданынан бастады. Оның өзіндік себебі де бар. Өткен жылдың соңында дәл осы аудан әкімінің бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін сотталды және аудан әкімі бағынышты қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін отставкаға кетуге мәжбүр болған еді.

Талғат Башев сапар барысында алдымен «ASHYQ AKIMDIK» сервистік әкімдігінің жұмысымен танысты. Аталған сервистік әкімдік «Open space» форматында жұмыс істейді, осылайша мемлекеттік органның азаматтар үшін транспаренттілігін, есептілігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, Т.Башевтің төрағалығымен Глубокое ауданының әкімі Э.Тумашиновтың, аудан әкімдігі аппараты мен ауылдық округ әкімдерінің, дербес бөлімдер мен басқа да мемлекеттік мекемелер басшыларының, ауданның БАҚ және қоғам белсенділерінің қатысуымен кеңес өткізілді.

Кеңес барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту жөніндегі заңнамалық новеллаларды егжей-тегжейлі түсіндірді. Атап айтқанда, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасыларына сыйлықтар алуға толық тыйым салынғандығы, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің құрамы кеңейтілгендігі және пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін жауапкершіліктің қатаңдатылғандығы түсіндірілді.

Сондай-ақ, тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік аппарат арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жаңа құралдар енгізілуде. Атап айтқанда, жосықсыз қызметшілерді уақтылы анықтау және жұмыстан босату мақсатында парасаттылыққа тексеріледі (integrity check) және активтерді іздеу, қайтару, қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу бойынша «ақшаны қадағалау (follow the money)» қағидаты іске асырылады.

– Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, сіздерді заңсыз жолмен мәселелерді шешуден толық бас тарту жөнінде халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамын. Бұл үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деп ата өтті Талғат Башев.

Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов өз кезегінде қарамағындағы қызметкерлерді адалдыққа, парасаттылыққа, сатылмаушылыққа, азаматтардың мүдделеріне адал  қызмет етуге шақырды.

 

Осы айдарда

Back to top button